Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан шыққан Әлем чемпионы

Ауылдан шыққан Әлем чемпионы

Көк Туымызды көкке желбіретіп, Әнұранымызды шет мемлекет төрінде шырқалтып жүрген, әлемге танымал спорт шебер­лерінің басым көпшілігі кішкентай ауылдардан шыққан. Боз кілемде жауырыны жер иіскемей, тарихи тұлғаға айналған бір ғана Қажымұқан Мұңайтпасұлын мысалға келтірсек, сөзімізді қуаттай түсері анық.

Осындай палуандар жолын жалғап, ізін қуып келе жатырған жас өрендер біздің ауданда да жетерлік. Атап айтар болсақ, нар тұлғалардың мекені Нағи Ілиясов ауылындағы шағын ғана үйірмеде 90 бала спорттың түр-түрін үйреніп, шымырлануда.

Осы спорт үйірмесінде шыңдалып, додаға түскен жасөспірімдердің алған марапаттары мен медальдері жетерлік. Жақында Ресей Федерациясы Уфа қаласында кадеттер мен жастар арасында спорттың грэпплинг және грэпплинг ги түрлерінен әлем чемпионаты болып өтті. Кадеттер арасында 40 кг салмақ дәрежесінде Сақтапберген Әлия грэпплинг ги және ноу ги түрлерінен 2 алтын медальді қанжығаға байласа, жастар арасында 77 кг салмақ дәрежесінде грэпплинг ги түрінен Мейрамбеков Айжігіт 3-орын иеленіп, қола медальды жеңіп алды. Жастар арасында 92 кг салмақ дәрежесінде грэпплинг гиден Карбозов Нұрдәулет 3-орынды еншілеген.

– Грэпплинг – бұл жекпе-жек өнерінің салыстырмалы түрде кейін пайда болған түрі. Онда әр түрлі күрес техникасы жинақталады. Бұл спорт түрі бразилиялық джиу-джитсу, еркін күрес, жауынгерлік самбо және дзюдо әдістерінің негізінде құрылған, – деп түсіндіріп өтті чемпиондардың жаттықтырушысы Бағлан Мығымбаев. Өзі мектеп қабырғасынан спортқа жақын болып өскен ол бұл күнде жаттықтырушы. Қазақ күресі мен еркін күрестің түр-түрін меңгерген Бағлан 2015 жылдан грэпплингпен айналыса бастаса, 2020 жылдан бастап жаттықтырушы болып жұмысқа орналасқан. Дайындаған шәкірттері әлем чемпионатынан жүлдемен оралып, ұстаз мерейін артып отыр.

– Қазір күрес пен жекпе-жектің жаңаша түріне қызығатын жастар көп. Биыл мамыр айында Түркістан облысында грэпплингтен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, үш спортшы да сол сайыста әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Күн, түн демей жаттығу мен еңбектің нәтижесінде балалар үлкен белесті бағындырып отыр, – деген Бағлан Анафияұлы қазақ спортына жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен «Абзал және К» компаниясының директоры Абзал Ералиев, «Ақжарма 2» шаруашылығының төрағасы Марат Бисенов, «Ақжарма және К» шаруашылығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов ағаларына шексіз алғысын жеткізді.

Әлем чемпионатынан жүлделі орын иеленген жастардың спортты серік еткендеріне біршама уақыт болған. Қарсыласынан тайсалмай, қос бірдей алтынды иеленген Әлия Ақжарма ауылынан. Спорттағы алғашқы жаттықтырушысы Нұрлыбек Нұрматаев екенін атап өткен жөн. Шағын ғана ауылдан шыққан үлкен жүректі спортшылар бұнымен тоқтап қалмақ емес.

– Грэпплинг бүкіл әлемде танымал болып келеді. Бұл жерде бастысы – дене икемділігі мен ептілік. Қыз балаға, әрине, оңай емес. Дегенмен, спортқа деген қызығушылық менің әлем чемпионатында бақ сынауыма себеп болды. Бұл менің әлемдік аренадағы алғашқы додам болғанымен, соңғысы емес екені анық. Қазақстанның аспан түстес Туын биікте желбіреткім келеді, – дейді әлем чемпионатының чемпионы Ә.Сақтапберген.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 қыркүйек 2021 ж. 615 0