Дәулет Ниязбеков: Токиода кеңінен көсілуге жарақатым мұрша бермеді
Олимпиада ойындарында еркін күрестен 65 келіге дейінгі салмақта белдескен Дәулет Ниязбеков Токиодағы сәтсіздігінің басты себебін айтты деп жазады Olympic.kz.
"Токио ойындарына жарақатпен бардым. Жарыстың бірінші күнінде денсаулығым сыр берген жоқ. Бірақ жұбаныш белдесуінде Сенегал балуанымен белдескенде жарақатым біраз кедергі болды. Негізі, Олимпиадаға үлкен дайындықпен аттанған едік.
Қола медаль үшін кездесуде өзімнің әккі қарсыласым, үндістандық Баджрангпен кездестім. Негізі, оның да жарақаты болған. Сондықтан, жеңуге де мүмкіндік бар еді. Алайда, жарақатым жолымды байлады.
Қазіргі таңда отаға дайындалып жатырмын. Мойын омыртқама зақым келген. Шетелдерден дәрігер іздеп жатырмыз. Түркия емханаларынан жауап күтіп отырмын. Жарақатымды емдеген соң, күрестегі әрі қарайғы тағдырым белгілі болады", - деді Дәулет.
Айта кетелік, Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасын бесінші орынмен аяқтады.