Дүбірлі дода тарихынан
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдер арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың көрсеткіші, түрлі мемлекеттер достығын нығайтушы құрал. Сөзімізге дәлелді Ежелгі Грекиядан бастау алған Олимпиада ойындарының тұрақты түрде өткізілуімен келтірсек болады. Тіпті өткен заманда Олимпиада кезінде соғыстар тоқтатылып, қасиетті тыныштық орнайтын дәстүр болған. Төрт жылда бір келетін ең ірі халықаралық дода нышанында бес түсті сақинаның бейнеленуі де тегіннен тегін емес. Бес түрлі сақина бес құрлықтың (Еуропа, Азия, Африка, Америка, Океания) белгісі ретінде беріліп, олардың түрлі-түсті болуы әлем елдерінен хабар береді. Тудағы шеңберлердің бір-бірімен байланысып жатуы спорттық ойындардың тек жарыс емес, ынтымақтастықтың көзі екендігін білдіреді.
Олимпиада ойындары 4 жылда бір рет барлық маусымдық спорт түрлерінен өткізіледі. ХІХ ғасырдың соңында «Спорт саясаттан тыс болуы керек» дейтін француздық қоғам қайраткері барон Пьер де Кубертенмен жаңартылған. 1924 жылдан бастап жазғы ойындармен бірге қысқы Олимпиада ойындары да өткізіле бастаған. 1994 жылдан бастап жазғы және қысқы ойындар екі жылдық айырмашылықпен өткізіліп тұрады. Олимпиада ойындары жыл сайын «Тезірек, жоғарырақ, күштірек» деген ұранмен өтеді. Бұл ұран алғаш рет 1924 жылы Парижде қолданылған. Бірақ Кубертенің айтқан «Ең бастысы – жеңіске жету емес, қатысу» деген сөзі Олимпиаданың негізгі ұранынан әлдеқайда танымалдыққа ие.
Олимпиада ойындарында үздік болған спортшы не командалар алтын, күміс, қола медальдарға ие болады. Бір қызығы, ең биік мінбердегі спортшыға таза алтын емес, күмістен жасалып, алтынмен жалатылған медаль тағылады.
Олимпиада оты күн сәулелерінен Олимп қаласында тұтандырылады. Бұл дәстүр алғаш рет 1936 жылы Берлинде өткен ойындар кезінде бастау алған. От эстафета арқылы ойын өтетін елге әкелініп, Олимпиада тостағанында тұтанады да, жабылу салтанатында өшіріледі.
Кезекті Олимпиада ойындарын өткізетін қала 7 жыл бұрын Халықаралық олимпиада комитетінің сессиясында анықталады. Тарихта ең көп Олимпиада ойындарын өткізген ел – АҚШ (8 рет), одан кейін бұл тізімді Франция (5 рет), Ұлыбритания (3 рет), Германия (3 рет), Жапония, Италия, Канада толықтырады. Әр жылғы олимпиада ойындарының өзіндік логотипі болады. Ең алғашқысы Афина қаласында өткен халықаралық ойынның ХХХІІ кезеңі 2020 жылы Токио қаласында өтуі тиіс болған. Алайда жер-жаһанды жүрісінен жаңылдырған пандемия талай жоспарды жүзеге асырмады. Нәтижесінде Жазғы Олимпиада ойындары биыл жапон жерінде өткізілмекші. Бүкіл әлем тағатсыздана күткен төртжылдықтың басты додасының басталуына санаулы күндер қалды. 23 шілде күні Жапония астанасында басталатын маңызды шараға Қазақстан 95 жолдама жеңіп алған. 63 ер мен 32 әйел барлығы 27 спорт түрінен бақ сынайды.
Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті 1990 жылы құрылып, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды. Айта кетейік, қазақ спортшылары осы күнге дейінгі жазғы Олимпиада ойындарынан барлығы 64 медаль иеленген. Оның 15-і алтын, 21-і күміс, қалғаны қола медаль. Қай сайыста да бағы мен бабы қатар жанған қазақстандық спортшыларға Токиодағы тайталаста қанжыға майлансын деп тілек тілейміз.
Дайындаған Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ