Хоккей: «Барыс» «Амур» командасынан басым түсті
Құрлықтық хоккей лигасы аясында «Барыс» бүгін, 4 қаңтарда Ресейде «Амур» (Хабаровск) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі ойын тартысты өтті. Қос команда бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуылдады. Екеуі негізгі кезеңде бір-бірінің қақпасына төрт-төрттен шайба соқты. Жеңімпаз буллит сериясынан анықталды.
Есепті алғаш болып «Барыс» командасы ашты. Елордалық клуб сапынан 12-минутта Мэтт Фрэттин мергендік танытты. Бұдан кейін «Амур» хоккейшілері Александр Полунин 14, Дмитрий Лугин 17-минутта гол соғып кетті.
Екінші кезеңнің 27-минутта ресейлік команда сапынан Михал Йордан есепті үстемелей түсті. Ендігі кезекте елордалық Павел Акользин 32, Роман Старченко 34-минуттарда қақпаны дәл көздеп, қайтадан таразы басы теңесті.
Үшінші кезеңде де екі команда бір-бірінің қақпасына шайба соғып кетті. Ресейлік Сергей Терещенко 52-минутта «Амурды» алға шығарса, көп ұзамай Никита Михайлис шеберлік танытты. Осылайша негізгі кезең 4:4 есебімен тең аяқталып, овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттер сериясында Роман Старченко қорытынды есепті белгіледі. Ойында «Барыс» 5:4 есебімен жеңіске жетті.
«Барыс» енді 6 қаңтарда Хабаровскіде «Амурмен» тағы бір мәрте мәрте шеберлік байқасады. Естеріңізге сала кетелік, елордалық клуб бұдан бұрын овертаймда ресейлік «Металлургті» жеңген болатын.