Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

№90 газет

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Диалог-платформасы: ауылды дамыту – елді өркендету

Диалог-платформасы: ауылды дамыту – елді өркендету

Өткен аптада Сарыарқа төрінде рес­публика көлеміндегі барлық өңірдің ауыл әкімдері бас қосты. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өткізілген болатын. Биыл екі жарым мың ауыл әкімі жиналған жиында Сырдария ауданынан 10 адам қатысты. Тереңөзек кентінің және 9 елді мекеннің әкімдері келелі мәселе көтерілген диалог-платформаның делегаты атанды.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев диалог-платформада сөз сөйлеп, ауылдың болашақ дамуы мен ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру туралы ойын ортаға салды.

– «2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл – мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43. Жаңадан сайланған әкім­дердің үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебі сапалы интернетпен қамтылды. Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жал­пы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Мұндай мем­лекеттік қолдау көрсететін елдер көп емес, тіпті көптеген мемлекеттердің бұған мүмкіндігі жоқ деуге болады. Алайда алдымызда әлі де биік мақсаттар тұр. Біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде елімізде ауылдарға қо­мақ­ты инвестиция тартылуда. Үкімет­тің алдағы бес жылға арналған Өңір­лерді дамыту тұжырымдамасы осы бағытты көздейді. Мәселен, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион тең­геге жеткенін айта кетейік.

Сырдария ауданынан барған 10 әкімнің барлығы – «AMANAT» партия­сының мүшесі. Елдегі ауылдарды дамыту мен экономикалық өсімді нығайтуға бағытталған саяси реформаның бас­ты бағыт-бағдарын айқындай түскен диалог-платформаның қатысушысы, Те­рең­өзек кентінің әкімі Ержан ­Бахтияров Астана сапары жөнінде пікірімен бөлісті.

– Диалог-платформасы аясында «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» сессиясы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік басқарудың сапасын жер­гілікті деңгейде арттырудың заманауи тәсілдерін талқылау, мемлекеттік аппараттың жұмысында сервистік, клиентке бағдарланған үлгіні дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, «Жер­гілікті деңгейдегі көшбасшылық: ауыл әкімі – өзгерістердің агенті» тақырыбында баяндама жасады. Нұрлыбек Машбекұлы өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылған ауылдық аумақ­тарды дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Бүгінде өңірдің 447 мың тұрғыны (жалпы халық саны – 845 мың адам), яғни халықтың 53 пайызы ауылдарда тұрады. 146 кент пен ауылдық округ бар. Жаңа сайлау жүйесі енгізілгеннен бері 205 әкім сайлауы өткізілді. Барлық елді мекен әкімдері 100 пайыз жаңадан сайланды. 2023 жылы пилоттық жоба аясында Шиелі және Сырдария аудандарының әкімдері, ал биыл Қазалы ауданының әкімі халықтың тікелей дауыс беруі арқылы қызметке келді, – деді Тереңөзек кентінің әкімі.

Астанада өткен келелі жиында еліміздегі бірнеше ауылдың әкімі сөз сөйлеп, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты пікір­лерін ортаға салды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
02 желтоқсан 2025 ж. 33 0