Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнды қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнды қабылдады

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Люксембургтің Сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Жан Ассельборнды қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жан Ассельборнға ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
 
Мемлекет басшысы Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.

– Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақмерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан Сіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында олар көлік және логистика, цифрландыру, «жасыл» энергетика салаларындағы, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырды.

Жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық, – деді министр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жан Ассельборн халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
29 маусым 2023 ж. 222 0