Әдеп жөніндегі уәкіл Сырдариялық мемлекеттік қызметшілермен кездесті

Осы мақсатта облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр Сырдария ауданының жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне семинар-кеңес өткізді. Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының талаптарын түсіндіру және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін нығайту. Семинар-кеңеске аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Нұржан Ешниязов, кент, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Әдеп жөніндегі уәкіл семинар-кеңес барысында қолданыстағы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының және Әдеп кодексінің нормаларына қатысты ақпарат беріп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы және сыбайлас жемқорлық шектеулеріне тоқталды. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасында лудоманияның алдын алу мақсатында ойын мекемелеріне барудан бас тарту, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу туралы түсіндірме берілді.
«Мемлекеттік қызметші өзінің жауапкершілігін, мәртебесін сезіне отырып, барлық іс-әрекеттерін әдеп нормаларының шеңберінде жүзеге асыруы тиіс. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және оларға теңестірілген адамдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды деп көрсетілген. Шектеулердің бірі - құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 15-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың қатысуына тыйым салынған. Сәйкесінше сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамау лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқарып жүрген лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) алып келеді», - деді Б.Әбдіқадыр.
Жиындардың соңында мемлекеттік қызметшілерден ұжымдағы қарым-қатынас деңгейін анықтауға арналған анонимді сауалнамалар алынды. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға келген мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жауап берді.