Ержан ӘЖІКЕНОВ, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы: Партия филиалының жұмысы жүйелі
Сырдария аудандық мәслихатында 12 депутаттық мандат болса, оның 11-і «AMANAT» партиясына тиесілі. Мұнан бөлек ауданда партияның 3175 мүшесі бар. Яғни аудан бюджетін бекітуден бастап негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуында партияның алатын орны ерекше. Осы ретте «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Ертарғынұлы Әжікеновпен атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер туралы сұхбаттасқан едік.
– Ержан Ертарғынұлы, сұхбатымызды бірден «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының негізгі жұмыс бағыты мен бастауыш партия ұйымдарының сапалық құрамынан бастасақ...
– Рақмет, сұрағыңыз өте орынды. Ең алдымен ақпараттық қолдау көрсетуге ынта білдірген редакция ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы атап өткендей, мерзімді баспасөз нақты әрі дәйекті хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып саналады. Оның ішінде, аудан жаңалықтарының жаршысы болған аудандық газеттің де алатын орны ерекше.
Енді сұрағыңызға жауап беруге көшсек. «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы Партия Жарғысында, Саяси Тұғырнамада көрсетілген мақсат-міндеттерді орындау мен 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында жұмыс жүргізіп келеді. 2024 жылдың негізгі қорытындылары мен атқарылған жұмыстарды баяндайтын болсам, Сырдария аудандық филиалы бойынша 24 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. 24 бастауыш партия ұйымының 13-і ауылдық округтерде және 11-і кент орталығындағы мекемелерде орналасқан. Бастауыш партия ұйымдарында 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3175 партия мүшесі қамтылған. 2024 жылы партия мүшелігіне 113 адам қабылданды. Осы ретте партия мүшелерінің сапалық құрамы жасарып келе жатқанын айтып өткенім орынды. Партия мүшелерінің қатары жас, әрі қоғамдық-саяси істерде белсенді, ынталы азаматтармен толығып келеді.
– Нысаналы трансферт қаржысының игерілуі мен атқарылған жұмыстарды айтсаңыз...
– Бастауыш партия ұйымдары бойынша нысаналы трансферт қаржысының жоспары әзірленіп, облыстық филиалға ұсынылған. Соған сәйкес жаңа оқу жылы басталар тұста «Баланы мектепке даярлайық» республикалық акциясы аясында 404 мың теңгеден астам қаржыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар алынып, тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасы балаларына табысталды. Бастауыш партия ұйымдарына 140 мың теңгеге бастауыш ұйым атауы жазылған белгі мен стендтер әзірленіп, барлығы таратылды. Мұнан бөлек 195 мың теңгеге партиялық төсбелгі алынып, партия мүшелеріне табысталды. Сонымен қатар бастауыш партия ұйымдары арқылы «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары бойынша өткізілген іс-шараларға 593 500 теңге қаржы жұмсалды.
2024 жылдың желтоқсан айында «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Тәуелсіздік күні қарсаңында ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, қызмет бабында қаза болған полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақша күрестен республикалық турнир өтіп, 157 280 теңгеге турнир жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды. Мұнан бөлек 2024 жылдың 27 желтоқсан күні партияның аудандық филиалында Жаңа жылдық іс-шара өткізіліп, бастауыш партия ұйымдарының ұсынысы негізінде 113 балаға жаңа жылдық сыйлықтар берілді. Турнир мен Жаңа жылдық іс-шара жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандырылды.
– Партиялық бақылау комиссиясы қандай жұмыстар атқарды?
– Аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ембергенов Жұмабек Әшімұлының төрағалығымен партиялық бақылау комиссиясының 10 отырысы өтіп, 19 мәселе қаралды. 10 отырыстың қорытындысымен 52 хаттамалық тапсырма беріліп, орындалуы бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Партиялық бақылау бекеттер орнатылған 3 нысанға мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 2 нысандағы жұмыстар сапалы атқарылып, Шаған ауылының электр желісін жаңғырту жобасы және С.Сейфуллин елді-мекенін газдандыру жобасы халық игілігіне табысталды. Ал Бесарық ауылындағы спорттық сауықтыру кешенінде партиялық бақылау комиссиясы мен жергілікті атқарушы орган тарапынан берілген сын-ескертпелерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Партиялық бақылау комиссиясының 2025 жылғы алғашқы отырысы 23 қаңтарда өткізіліп, аудан әкімі орынбасарының, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының, Тереңөзек кенті әкімінің есебі тыңдалды.
– Аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жұмысына тоқталсаңыз...
– Жалпы, Сырдария аудандық мәслихатында 12 депутаттық мандат болса, оның 11-і «AMANAT» партиясына тиесілі. Қазіргі таңда 1 депутаттық мандат бос және тиісті сайлау 2025 жылдың наурыз айында өткізіледі деп жоспарлануда. 2024 жылы жалпы мәслихат депутаттары тарапынан 41 депутаттық сауал жолданса, оның ішінде «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттардың депутаттық сауалының саны – 38. Ерекше айтып өту керек, депутаттық сауалдардың 95%-ы орындалған. Бұл мәслихат пен жергілікті атқарушы орган жұмысының жүйелілігін, ел мүддесі жолындағы істердің сабақтастығын білдіреді. Былтыр аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 9 отырысы өткізіліп, 19 мәселе қаралды. Фракция отырысының күн тәртібіне сәйкес 45 ұсыныс беріліп, орындалуы бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді. 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатындағы Жол картасы бойынша 122 іс-шараның 45 іс-шарасы 2024 жылы орындалады деп жоспарланған.
Жыл көлемінде сайлауалды бағдарламаның орындалуы фракция отырысы мен партиялық бақылау комиссиясының отырысында бірнеше рет қаралып, аудан әкімінің, аудан әкімі орынбасарларының, бөлім, мекеме басшыларының есебі тыңдалды. 2024 жылы орындалады деп жоспарланған 45 шараның 39-ы толық орындалса, 6 шара орындалмады. Бұл бойынша аудан әкімі партия филиалының төрағасына жазбаша түсіндірме хат ұсынды. Депутат А.Ибрагимұлы жетекшілік ететін фракция мүшелері алдағы уақытта да сайлауалды бағдарлама бойынша нақты жұмыстарды атқаратын болады.
– Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген тұрғындардың мәселесі қаншалықты шешімін табуда?
– Қоғамдық қабылдау жұмыстары бойынша аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне былтыр барлығы 476 өтініш тіркелген. Оның 332 өтініш оң шешім қабылданса, қалған өтініш иелеріне заң бойынша кеңес берілді. Мұнан бөлек сайлаушылардан түскен 138 талап-тілектің 2024 жылы 131 орындалса, қазір 7-і орындалу үстінде. Биылдан бастап ай сайын екі ауылда көшпелі қабылдау өткізіледі.
– Негізгі партиялық жобалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз...
– «Жер аманаты» жобасы бойынша 2024 жылға жоспар бойынша 10 мың га жер учаскесін қайтару жоспарланса, мемлекет меншігіне 10 мың 217 гектар жер артығымен қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2024 жылы Сырдария ауданы бойынша 273,1 млн теңгеге 18 жоба өтінім тапсырылған. Несие комитетінің шешіміне сәйкес 92,0 млн теңгеге 9 жобаға несие мақұлданды. Ауданда «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 920 адамды оқыту жоспарланған. І кезеңде – 505, ІІ кезеңде – 424 адам оқытылып, жоспар 929 адамға артығымен орындалды.
– Саяси науқандарда партия филиалы бос лауазымдарға кандидат ұсынып, қолдау білдіріп келеді. Бұл бағыттағы партияның ұстанымы қандай?
– «AMANAT» партиясы қолынан іс келетін, жауапкершілікті терең сезінетін, қоғамдық-саяси өмірде белсенді әрі беделді, халықтың сеніміне ие азаматтарды әркез қолдап келеді. Мәселен, ауданда 1 кент, 13 ауыл болса, 2024 жылы аудан бойынша 3 ауылда ауыл әкімінің сайлауы өтті. Шілде айының 15-і күні кезектен тыс 43-інші конференция өткізіліп, партия атынан Жетікөл ауылының әкіміне кандидат ретінде Тоқпамбетов Өмірбек Ділдахметұлы ұсынылып, тамыздағы сайлауда жеңіске жетті. Ал Аманкелді мен Қоғалыкөл ауылдарында өткен сайлауда өзін-өзі ұсыну тәртібімен «AMANAT» партиясының мүшелері Жаманқұлов Зейнұр Қайрадинұлы мен Рахымбеков Бақытжан Жұмабекұлы ауыл әкімі болып сайланды.
2025 жылы аудан бойынша 6 ауылда, атап айтқанда, наурыз айында Шіркейлі ауылында, мамыр айында С.Сейфуллин ауылында, маусым айында Іңкәрдария, Н.Ілиясов, А.Тоқмағамбетов ауылдарында және қазан айында Қалжан ахун ауылында ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Партия тарапынан өз кандидаттарымызды ұсынатын боламыз.
– Ақпараттандыру бағытында атқарылған жұмыстарды айтсаңыз...
– Ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру – аудандық партия филиалы жұмысының басым бағыттарының бірі. Бұл қазіргі заманның талабы десек те болады. Осы бағытта жергілікті БАҚ-та 134 және әлеуметтік желілерде 698 материал жарияланды. Партияның аудандық филиалы төрағасынан бастап фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымы төрағалары мен партия белсенділері әлеуметтік желілерде Президенттің, Партия Төрағасының бастамаларын қолдау бағытында белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізуде.
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы 2025 жылы да Партия Жарғысында, Саяси Тұғырнамада көрсетілген мақсат-міндеттерді орындау мен 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстарды атқаратын болады.
– Жоспарсыз жұмыс болмайтыны белгілі. Алдағы мақсат-міндеттер қандай?
– Бүгінде партияның аудандық филиалының 2025 жылға арналған жоспары мен партиялық бақылау комиссиясының, фракцияның және айына екі ауылды қамтитын мобильді көшпелі қабылдаудың жоспары әзірленді. Сонымен қатар бастауыш партия ұйымдары арқылы «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» партиялық жобалары аясында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде де азаматтарды түрлі мәселелермен қабылдау жұмысы жалғасатын болады. Жыл көлемінде партияның облыстық филиалы тарапынан берілген тапсырмаларды ауданда мерзімінде орындау мақсатында жұмыс істейтін боламыз.
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ