Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Әлеуметтік салада әрбір мәселе маңызды

Әлеуметтік салада әрбір мәселе маңызды

Сырдария аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының негізінде бірлескен отырысы өткізілді. Отырысқа депутаттармен қатар тиісті бөлім, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері мен аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында ауданда жүзеге асырылған жобалар, «АMANAT» партия­сының 2023-2027 жыл­дарға арналған сайлауалды бағдар­ламасын Қызылорда облысы бойынша іске асырудың Жол картасы» аясында, Сырдария ауданында кәсіпкерлікті дамытуда 2023-2024 жылы атқарылған жұмыстары жайлы мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес, тұрақты комис­сиялардың бірлескен отырысын ау­дан­дық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов ашып, жүргізіп отырды.

Тұрақты комиссиялардың бір­­лес­кен отырысында аудандық кәсіп­керлік және өнеркәсіп бөлімінің бас­шысы А.Сәдуақасов және аудан­­дық ауыл шаруашылығы және жер қаты­настары бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіттің баяндамалары тың­далды. Сонымен қатар аудандық жұ­мыс­­пен қамту және әлеуметтік бағдар­­ла­малар бөлімі басшысының орын­басары А.Елеусінов осы бағытта атқарылған жұмыстардың көр­сет­кіші жайлы есеп берді.

– Сырдария ауданында 2024 жыл­­­дың 1 тамызына 2852 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұр­ған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2767 болып, тіркелгендерге үлесі 97,0 пайызды құрады. 2024 жылдың 1 сәуіріне шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 4591 адамды құрады. Оның ішінде заңды тұлғаларда 998 адам, жеке кәсіпкерлікте 1571 адам, шаруа қожалықтарында 2022 адам.Жалпы 2023 жылы Сырдария ауданын­да мемлекеттік және өңірлік бағ­дар­ламалар аясында құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 454 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. 2024 жылдың осы кезеңіне құны 273,1 млн теңгені құрайтын 18 жеке кәсіпкер өтінім құжаттарын тапсырды. Осы жоба­лардың ішінде өткен аптада өткен комиссия отырысында құны 82,8 млн теңгенің 8 жобасы комиссия­да қаралып, мақұлданды. Қорыта келе, жыл қорытындысы бойынша бекітіл­ген жоспардың барынша орындалуын қамтамасыз ету бағытында тиісті ша­ра­лар қабылданатын болады, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіт «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасы аясын­дағы жол картасының 2024 жылға арналған индикаторлардың орындалу барысына тоқталып өтті. Сонымен қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылуы керек жүйелі жұмыстар мен оның нәтижесі бойынша баяндама барысында айтып өтті.

– 2,5 пайыздық несие «Ауыл аманаты» жобасы бойынша: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасының «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беруге» 1 млрд қаржы бөлінген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микро­кредиттердің сенім білдірілген өкі­лі ретінде «Байқоңыр» ӘКК АҚ анықталды. Жоба аясында аудан бо­йынша 273,1 млн теңге соммасына 18 жоба өтінім тапсырған. Несие комитетінің шешіміне сәйкес 82,8 млн теңгеге 8 жобаға несие мақұлданды. Оның ішінде өңдеу саласы – 3 жоба 21,5 млн теңге. Балық шаруашылығы – 1 жоба 9,2 млн теңге. Мал шаруашылығы – 1 жоба 28,0 млн теңге. Басқа бағыттағы бизнес – 3 жоба 24,1 млн теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасы аясын­­дағы жол картасының 2024 жыл­ға 13,14,17,19,29,30,122-тар­мақ­­тары бойынша индикаторлар бекі­тіл­ген. Бүгінгі күні аталған тар­мақтар бойынша жұмыстар жүргізіліп, орындалу үстінде. Жо­ғары­да аталған жобалар аясында тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жал­ғасатындығын жеткіземін, – деді аудан­дық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Нұрсейіт.

Өз кезегінде аудандық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­лама­лар бөлімі басшысының орын­ба­сары А.Елеусінов аталған бөліммен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауал­ды бағдарламасының іске асырылуы және атқарылып жатқан жұмыс­тардың көрсеткіші жөнінде өз баяндамасында толықтай айтып өтті.

– 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша жұмыссыздық деңгейі 5,1% құрады. Ұлттық жоба аясында барлығы 24 жоба бекітіліп, 233 жұмыс орнын ашу жоспарланса, ағым­дағы жылдың 4 қыркүйегінде 206 жұмыс орны ашылып, орындалуы 88,4% құрады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 499 жұмыс орнын ашу белгіленсе, биылғы жылдың 1 қыркүйегінде 217 жұмыс орны ашылды және орындалуы 43,4% құрады. «Қызылорда облысының 2024 жылға арналған әлеуметтік саласы бойынша квоталар белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №235 қаулысының 1-қосымшасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 5 мекемеде 10 жұмыс орны квотасы бекітілді. Жоғарыда аталған іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Аталған мәселелер тұрақты бақылауда, – деді аудандық жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мі басшысының орынбасары А.Елеусінов.

Негізгі баяндамашыларды тың­даған­нан кейін ұсыныс-пікірлер мен сұрақ­тар­ға кезек берілді. Ау­дан­дық мәс­лихат депутаттары Ә.Серікбаев, М.Бакуов, Г.Тлеубер­генова, Е.Жақып, А.Ибрагимұлы, Д.Ибадул­лаева тара­­пынан бірқатар сұ­рақ­тар қойы­лып, ұсыныстарын енгізіп, өзекті мәселелерді көтерді. Қойылған сұрақ­тар бойынша баяндамашылар мен бөлім басшылары тарапынан тиісті жауаптар беріліп, ұсыныстар ес­керілетіндігін жеткізді.

Аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ел игілігі үшін, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатына кәсіпкерлік саласын дамытуға, бағдарламаны іске асыруға бағытталған бюджет қаражатының мақсатты, тиімді және тиісті азаматтардың қол жеткі­зілуіне аса мән беруін айтып, сала жұмысының заң аясында сапалы ұйымдастырылуы үлкен жауап­кершілікті талап ететініне назар аударды.

– Кәсіпкерлік саласының жұмысы – халықтың жұмыссыздық деңгейін азайтуға, табысын арттыруға, тұр­мысын жақсартуға, жалпы эконо­ми­камыздың қозғаушы күшіне айналып отырғанын айта келе, саланың өзекті мәселелерін бірге талқылап, тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруға жұмыс жасауымыз керек, – деді аудан­дық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлы.

Жиын соңында төраға сала басшыларына айтылған ұсы­ныс-пікірлердің назардан тыс қалмауын жеткізе отырып, жұмыс­тарына сәттілік тілеп, тұрақты комис­сиялардың бір­лескен отырысын қорытындылады.

Алтынай ЖҮНІСОВА
14 қыркүйек 2024 ж. 267 0