Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Аптаның ортасында Сырты істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалған Әлібек Қуантыровтың орнына KAZENERGY қауымдастығының бас директоры болып Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Жандос Демесінұлы Нұрмағанбетов тағайындалды.

Ол 1981 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Халықаралық бизнес университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, «КИМЭП Университеті» АҚ бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы жеке құрылымдарда бастаған.

2005-2010 жылдары — «Қызылорда ТЭК» АҚ бас директоры.

2011-2013 жылдары – «Қызылорда» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін жеке компанияда жұмыс істеді.

2020 жылдан бастап қазірге дейін «KEGOC» АҚ Стратегия және даму жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарды.

2021 жылдан бастап ҚР энергетика вице-министрі қызметін атқарды.

Үкіметінің қаулысымен Асқарбек Маратұлы Ертаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ол 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.

«Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының өнеркәсіп, көлік, байланыс, құрылыс және коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі II санаттағы маман болып бастаған.

2000-2014 жж. банк саласында әртүрлі қызметте жұмыс істеді.

2014-2021 жж. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің бас сарапшысы, басқарма бастығы, директордың орынбасары, Стратегиялық талдау және даму департаментінің директоры.

2021-2022 жж. – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚР Қауіпсіздік кеңесі Талдау бөлімінің сектор меңгерушісі.

2022 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Үкіметі Аппараты Экономикалық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.

2023 жылы ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы лауазымында болды.

Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Ержан Болатқанұлы Нүкежанов Дін істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Ол 1981 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Мамандығы — тарих магистрі.

2002 жылы еңбек жолын «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ ақпараттық-талдамалық қызметінің редактор-жүргізушісі болып бастаған.

2002–2009 жылдары Халықаралық заманауи саясат институтында, «Хабар» агенттігінде, «Нұр Отан» республикалық саяси партиясы» ҚМ-да, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде жұмыс істеген.

2009–2016 жылдары — ҚР Президентінің Баспасөз қызметінде сарапшы, кеңесші және сектор меңгерушісі ретінде қызмет еткен.

2016 жылғы маусым айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің Аппарат басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

2018 жылғы маусымынан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетінің төрағасы қызметін атқарған.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті төрағасы міндетін атқарған.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне Жолдас Батырхан тағайындалды.

Ол 1998 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, 2019 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Темір ауданының Сартоғай негізгі мектебінде бастады. Әр жылдарда Темір ауданының №6 Шұбарқұдық негізгі орта мектебінің директоры, Темір ауданының Тасқопа ауылдық округінің, Шұбарши кенттік округінің әкімі, Темір аудандық білім бөлімінің басшысы, Темір аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы болып қызмет еткен.

2015-2022 жылдары Темір ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы, Темір ауданының әкімі, Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы болды.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Айгүл Маликова Павлодар облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Ол ішкі саясат, мемлекеттік тілді дамыту, дін, мәдениет, білім және спорт салаларына жетекшілік етеді.

Айгүл Қайыртасқызы, 1976 жылы туған. «Биология және химия», «Қаржы» мамандықтары бойынша жоғары білімі және саясаттану магистрі дәрежесі бар.

1997-2008 жылдары Павлодар қаласының мектептерінде мұғалім, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2008 жылы Павлодар қаласы білім бөлімінің маманы болып бастады.

2010-2018 жылдары Павлодар қаласының № 20 мектеп-лицейі мен № 17 мектебін басқарды. 2018 жылдан бастап Павлодар облысының Кәсіподақ орталығында, «AMANAT» партиясының ПҚФ, Павлодар қаласының білім бөлімі мен әкімі аппаратында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2023 жылғы сәуірден бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін «AMANAT» партиясының ПОФ атқарушы хатшысы болды.

Мұрат Балпан Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Мұрат Сағатұлы 1970 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін және Омбы гуманитарлық-техникалық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Ақкөл ауданы «Хлебороб» кеңшарының құрылыс учаскесінде жұмысшы болып бастады.

1989-1994 жылдары Ақкөл ауданында ауыл шаруашылығы өндірісінің әртүрлі жауапты лауазымдарында жұмыс істеді.

1994-1998 жылдары Ақкөл ауданы Наумов ауылдық округінің әкімі, 1999-2000 жылдары Ақмола облысы әкімі аппаратында ұйымдастыру-бақылау бөлімінің кеңесшісі, Целиноград ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2000-2008 жылдары Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары, 2008-2009 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ шаруашылық басқармасы филиалының бөлім бастығының орынбасары, кейін басшысы болып жұмыс істеді.

2019-2012 жылдары «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ департаментінің директоры, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің тергеу департаменті мемлекеттік органдарының бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарды тергеу басқармасын, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясын басқарды.

2012-2014 жылдары Бұланды ауданының әкімі, 2014-2015 жылдары Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, 2017 — 2021 жылдары Жарқайың ауданының әкімі, 2021-2022 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болды.

Осы тағайындауға дейін Аршалы ауданының әкімі қызметін атқарды.

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы болып Кеңес Аслан тағайындалды.

Ол бұған дейін орталық аппараттың департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Апта ішінде бірнеше облыста аудан әкімдері тағайындалды. Мысалы, Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев Көкпекті ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ол 1980 жылы 1 қаңтарда Семей облысы Көкпекті ауданы Биғаш аулында дүниеге келген.

Қазтұтыну одағының аң-терісі мех колледжін «Экономика, бухгалтерлік есеп және талдау» мамандығы бойынша бітірген.

Тұран университетінің «Бухгалтерлік есеп және талдау», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірді.

Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, «Іскерлік әкімшілендіру шебері – Master of Business Administration (MBA)» біліктілігін алды.

Еңбек жолын 2000 жылдан бастап «Крамдсбанк» АҚ Семей филиалының тарату комиссиясында кредиттік қызметкер ретінде бастады.

2001 -2013 жылдары - Алматы қаласындағы «БТА Ипотека» АҚ-да процессинг және кепіл мониторингі бөлімінің басшысы, кредиттік басқарманың басшысы, атқарушы директоры.

2013-2014 жылдары - «Темірбанк» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Семей қаласындағы Банк филиалының директоры.

2014 -2021 жылдары - «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да операциялық департамент директоры, басқарушы директор, басқарма төрағасының орынбасары.

2021-2022 жылдары - «Қазақтелеком» АҚ Алматы қаласындағы сервистік фабрика – филиалының бас директоры.

2022 жылдан 2024 жылдың 2 тамызына дейін - «Абай облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі лауазымына Арман Бекбосынов тағайындалды.

Ол 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған.

Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген, мамандығы бойынша автомобиль жолдарының инженер-құрылысшысы. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнының пайдалануға беру бөлімінде бірінші санатты инженер ретінде бастады.

Әр жылдары Қазақстан Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінде қызмет атқарған. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай, Глубокое аудандарының әкімі лауазымдарында жұмыс істеді.

2021 жылдан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысының Қала құрылысы және жер бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Рахат Смағұлов Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ол 1982 жылы Ресейдің Омбы облысында Есілкөл ауданындағы Қасқат елді мекенінде дүниеге келген.

2004 жылы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін «Агрономия» мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2004 жылы туған ауылында – Қасқат селолық әкімшілігінде маман болып бастады.

2005-2015 жылдар аралығында облыстың ауыл шаруашылығы саласында жергілікті атқарушы билік органдарында түрлі қызметтер атқарды.

2015-2019 жылдары М. Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болды.

2019-2020 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі лауазымында еңбек етті.

Ал, 2020 жылдың шілдесінен бастап осы тағайындауға дейін Шал ақын ауданының әкімі болып еңбек етті.

Бұған дейін М. Жұмабаев ауданын Қайрат Омаров басқарған.


11 тамыз 2024 ж. 140 0