Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Осы аптаның ішінде Президенттің Баспасөз хатшысы, Стратегиялық жоспарлау агенттігінің басшысы тағайындалды. Сонымен қатар, еліміздің жергілікті атқару органдарында біраз кадрлық ауыс-түйіс болды.

***

Аптаның басында Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.

Ал, Нұрмұхамед Исманұлы Байғараев Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы лауазымынан өз еркімен берген өтінішіне сәйкес босатылды.

Сонымен қатар, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары лауазымына Ержан Байтілес тағайындалды.

***

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жандос Нұрланұлы Шаймарданов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Ж. Шаймарданов 1987 жылы 24 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында туған. 2009 жылы «Болашақ» стипендиясы бойынша Ұлыбританиядағы Йорк университетін «Экономика және қаржы» мамандығы бойынша бітірген. 2020 жылы Испаниядағы IE университетінде Бизнес-талдау және Big Data магистрі дәрежесін алған. 2022-2023 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы болды.

***

ҚР Үкіметінің қаулысымен Наталья Васильевна Жұмаділдаева оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

Н. Жұмаділдаева 1965 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Н.П. Огарева атындағы Мордова халықтар достығы ордені мемлекеттік университетін бітірген. 2022-2023 жылдары – ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаменті директорының м.а., директоры.

***

Осы аптаның басында Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі болып тағайындалды.

Дархан Ахмед-Заки 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін бітірген. 2022 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы болды.

***

Құдияров Нұрлан Мамутханұлы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры болып тағайындалды.

Н. Құдияров 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2012 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2013 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

2022 жылдан бастап күні осы уақытқа дейін Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.

***

Бұл аптада Ерлан Садкенұлы Нұрпейісов ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ерлан Нұрпейісов 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. ҚР ІІМ Алматы техникалық институтын бітірген. 2020 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметін атқарды.

***

Бауыржан Мәдиұлы Сыздықов ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Б. Сыздықов 1973 жылғы 14 маусымда Шымкент облысы Бөген ауданы Задарья ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ Мемлекеттік медициналық университетін бітірген, гигиенист-эпидемиолог дәрігері. 2010 жылы Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясын тәмамдады, «командалық-штабтық оперативті-тактикалық азаматтық қорғаныс» мамандығы бойынша басқару саласындағы маманы. 2022 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университеті бітірген.

2020 жылғы желтоқсан айынан бастап 2023 жылғы тамыз айына дейінгі аралықта Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы болды.

***

Осы аптада Хасар Хабылбеков Павлодар қаласына әкім болды.

Х. Айтпекұлы 1986 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2007 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Қаржы» мамандығы бойынша және 2014 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмәмдады. «Техника және технология» магистрі дәрежесі бар. 2022 жылдан осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында болды.

***

Айқын Қылышұлы Елеусізов Ұлытау облысы Қаражал қаласының әкімі қызметіне келді.

А. Елеусізов 1986 жылы 28 қаңтарда Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде туған.

Білімі: 2007 жыл - Қазақ гуманитарлық заң университеті; 2011 жыл - Қазақ қатынас жолдары университеті.

Осы уақытқа дейін Жаңаарқа ауданы әкімнің орынбасары болған.

***

Айдар Рысқұлов «Қазақстан темір жолы» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Айдар Рысқұлов Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған, Назарбаев Университетінің МВА магистрі дәрежесі бар. Әр жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, АТФ Банк, Банк ЦентрКредит, Халық банк, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ-да жұмыс істеді. Жеті жыл бойы Т.Рысқұлов қорында қаржы активтерін басқару директоры, сондай-ақ корпоративтік қаржы департаментінің директоры қызметін атқарды.

***

Ғалымжан Елшібай Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры болып тағайындалды.

Ғалымжан Елшібайдың білімі жоғары. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Белгілі журналист республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы тілшісі.

***

Кемелбек Ойшыбаев «Хабар» агенттігі» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

К. Ойшыбаев 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, сонымен қатар Geneva Business School (Швейцария) МВА бағдарламасын тәмамдаған. 2020 жылғы маусымнан 2022 жылғы 28 қаңтарға дейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды.

17 қыркүйек 2023 ж. 247 0