Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Антикор: 592 адамның қылмысы әшкереленді

Антикор: 592 адамның қылмысы әшкереленді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2024 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады. Кеңейтілген алқа отырысына Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің басшылық және жеке құрамы қатысты.

Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали өз баяндамасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, азамат­тардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді дамытуға бағытталған қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу жұмыстары аясында ағымдағы жылы 113 талдау мен мониторинг жүргізілсе, білім, ғылым және спорт саласында маңызды талдаулар аяқталды. Барлық талдаулар бойынша Президент Әкімшілігінің бақылауындағы Тәуекелдерді жою туралы жол карталары әзірленді. Бизнесті қорғау шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Ағымдағы жылы 84 проб­лемалық кейс шешілді, 9,5 мыңға жуық кәсіп­кердің құқықтары қорғалды. Жыл басынан бері 876 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның едәуір бөлігі парақорлық, жымқыру және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану болып табылады. 592 адамның қылмысы әшкереленді, оның 107-сі әртүрлі деңгейдегі басшылар. 329 адам сотталды, – деген Агенттік төрағасы жұмыстың негізі қылмыстық топтарды, жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен тұрақты схемаларды әшкерелеуге, жүйелі жемқорлықты анықтауға байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланғанын жеткізді.

Айта кету керек, бұзылған құқықтар мен әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды құрамдас бөлігі залалды өтеу және актив­терді қайтару болып табылады. Осы ретте биыл аяқталған істер бойынша 195 млрд теңге өтелген. Ал 2,5 жыл ішінде Қазақстан халқына 1,07 трлн теңге қайтарылған. Агенттік халықаралық құқық қорғау желілерімен – БҰҰ жанындағы GlobE, Эгмонт, CARIN және ARIN тобымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде шетелдік серіктестермен ақпарат алмасу айтарлықтай жеделдетілген. Бүгінгі таңда Агенттік жемқорлыққа қарсы ведомстволармен 13 ме­­мо­рандум жасаған. Оның төртеуіне биыл қол қойылған.

– Әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектордың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім. Жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларға білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеу­меттік қамсыздандыру жатады. Анықталған қылмыс­тарды жасауда 592 адам әшкереленді, оның ішінде 107-сі басшы. Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық деңгейдегі мекеме басшылары бар, – деді Асхат Жұмағали.

Алқа отырысында түрлі салалардағы жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл, цифрлық құралдарды енгізу, жоспарланған заңнамалық өзгерістер, қыл­мыстық процесте адам құқықтарының заң­дылығын және қорғалуын қамтамасыз ету мәсе­лелері талқыланды. Талқылау барысында пікір алмасып, қабылданып жатқан жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.

Асхат Жұмағали Агенттіктің жемқорлыққа қарсы саясатты сапалы іске асыру жөніндегі жұмыс жалғасатынын атап өтті. Негізгі бағыт жем­қор­лыққа қарсы ымырасыз күрес, оның алғы­шарттарын жою, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және бизнесті жемқорлықтан қорғау болып қала береді. Ведомство басшысы Президент­тің азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыт­тал­ған тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету туралы айтты. Агенттіктің құры­лымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
13 шілде 2024 ж. 112 0