Наурызбай Байқадамов – сенат депутаты
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысынан ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына 25-інші сәуірде сайлау өтті. Саяси науқанда Сенат депутаты болуға үмітті 3 кандидат тіркеліп, таңдаушылардың басым дауысына ие болған Наурызбай Байқадамов Сенат депутаты болып сайланды.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысады. Осыған орай Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өткен бірлескен отырысқа аймақтағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Тізімге енген таңдаушылар дауыс беру бюллетенін алып, өз таңдауын жасады. Нәтижесінде Н.Байқадамов 116 дауыс, А.Есмаханов 17, А.Жүнісов 12 дауыс жинады. Мұнан бөлек бір таңдаушы «Бәріне қарсымын» деп таңдау жасаса, 1 бюллетень жарамсыз деп танылды. Осылайша Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып Наурызбай Байқадамов 2020 жылы 12 тамызда сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзіміне сайланды.
Айта кету керек, Н.Байқадамов бұған дейін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы қызметін атқарып келген болатын. Ашық дауыс беру арқылы енді бұл лауазымға Жаңақорған ауданының әкімі М.Тілеуімбетов бекітілді. Әуелі «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұсынымы негізінде Мұрат Тілеуімбетов Қызылорда облысының мәслихат депутаты ретінде тіркелді. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов айтты.
– Туындаған бос орынға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының хаттамасымен 2023 жылғы 19 наурызда партиялық тізімде бірінші болып өткен Тілеумбетов Мұрат Жолкелдіұлының кандидатурасын тіркеу үшін Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясына ұсыным жолдады. Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының хаттамалық шешіміне сәйкес Тілеумбетов Мұрат Жолкелдіұлын Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде тіркеу туралы қаулы қабылдады, – деді Ә.Ерсұлтанов.
ҚР Сайлау туралы конституциялық заңына сәйкес, депутат тіркелген күннен және төсбелгі мен қызметтік куәлігін алған сәттен бастап қызметіне кіріседі. Жиында Әділбек Ерсұлтанов Мұрат Жолкелдіұлына салтанатты түрде депутаттық куәлік пен төсбелгіні табыс етіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сессия жұмысына облыс әкімі Н.Нәлібаев, ҚР Парламентінің және жергілікті мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
А.ИБРАГИМҰЛЫ