Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сенат сайлауы: Кандидаттар кімдер?!

Сенат сайлауы: Кандидаттар кімдер?!

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Әлназарова ҚР Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалғалы бері көп­шілік көкейінде «Сыр өңірінен Сенатқа кім барады екен?!» деген сауал туындады. Өйткені елдегі ең жоғарғы заң шығарушы органда еңбек етуге, сенатор болуға үміттілер расында да көп-ақ. Бірақ сенатор болып сайлану оңай деп айтуға болмайды. Бұл қызметтің абыройы қаншалықты асқақ болса, жауапкершілігі де соншалықты жоғары.

Қызылорда облыстық сайлау комис­сия­­сының хабарлауынша, 2024 жылдың 25 сәуірінде Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шы­ғып қалған депутатының орнына сайлау өтеді. Саяси науқанда Сенат депутаты бо­лу­ға үмітті 3 кандидат тіркелді. Олар Нау­рызбай Байқадамов, Алмасбек Есмаханов және Абайбек Жүнісов. Бір қызығы, кан­ди­дат­тардың барлығы өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынауда.


Сайлауды ұйымдастыру және өткізуге арналған күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттар үгіт жұмыстарын 24 сәуірге дейін жүргізуге құқылы. 24 сәуір – тыныштық күні болса, 25 сәуір – дауыс беру күні. Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутатын сайлауға дауыс беруге тек сайлаушылар – мәслихат депутаттары ғана қатысатынын білдіреді. Осылайша 25 сәуір күні барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өтетін бірлескен отырысқа қатысады. Тізімге енген таңдаушылар да­уыс беру бюллетенін алып, өз таңдауын жасайды. Бүгінгі күні өңірдегі 152 мәслихат депутаты дауыс беруге құқылы. Еске салайық, сайлау процесін аккредиттеуден өткен облыстағы 16 қоғамдық бірлестік және кандидаттардың сенім білдірген адам­дары бақылай алады.

Бүгінгі күнді қоса есептегенде сайлауға 5-ақ күн қалды. Яғни біз бес күннен кейін Сыр елінен ҚР Парламенті Сенатының шы­ғып қалған депутатының орнына кімнің сайланғанын білеміз.

Енді үш үміткер туралы айтып өтсек. Наурызбай Байқадамовтың есімі де, атқар­ған қызметі де өңір халқына етене таныс. Еңбек жолын 1991 жылы Сырдария ауданындағы №139 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Ол 1994-2003 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003-2008 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің жанын­дағы колледждің директоры, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары болса, 2008-2016 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие жөніндегі проректоры, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ретінде еңбек еткен. 2016-2019 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болса, 2019 жылдың тамыз айын­да облыс әкімінің өкімімен және Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Кейін сайлаушылар сеніміне ие болып, VII, VIII шақы­рылымдағы облыстық мәслихаттың төрағасы болды.

Екінші кандидат Алмасбек Есмаханов та еңбекке ерте араласқан. Еңбек жолын 2006 жылы Қызылорда қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы ретінде бастаған ол 2006-2012 жылдары жергілікті атқарушы органдарда түрлі деңгейде жауапты қызметтерде болған. 2012-2014 жылдары Қызылорда қаласы Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, 2014-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инс­пекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы, 2015-2018 және 2020-2022 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, әлеуметтік мәселелер саласына жетекшілік жасаған. 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, ішкі саясат бөлімдерінің басшысы қызметтерін атқарған. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары болса, былтырдан бері осы бас­қарманың басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Ал Абайбек Жүнісов 1995 жылы Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агро­өнер­кәсіп өндірісі инженерлері инсти­ту­тының «Гидромелиорация» факультетін үздік бітіргеннен кейін «Гидроэколо­гия» кафедрасының оқытушысы қызме­тіне қабылданыпты. 1997 жылы осы инс­титуттың аспирантурасына оқуға түсіп, 2001 жылы ғылыми жұмысын сәтті аяқтаған ол «Сырдария өзенінің тө­мен­гі ағысындағы әр түрлі сападағы ағын­дардың ингредиенттік құрамын реттеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қор­ғаған. Аспирантурадан кейін 2001-2008 жылдар аралығында Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде аға оқытушы, оқу-әдістемелік басқармасының бас әдіскері, осы басқар­маның бастығы, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқар­ған. 2008-2010 жылдары Қызылорда «Болашақ» университетінің ректоры болса, 2010-2011 жылдар аралығында Қызыл­­орда мемлекеттік университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор, 2011-2019 жылдар аралығында университеттің оқу ісі жөніндегі прорек­торы-бірінші проректор ретінде еңбек еткен. Кейінгі жылдары Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры болса, қазіргі таңда «Қызылорда ашық университеті» білім беру мекемесінің бірінші проректоры екен.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
20 сәуір 2024 ж. 170 0