Құрылтай – той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес - Президент
Атырауда Президенттің төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Президент өз сөзін Атырау облысының тарихи мәні мен стратегиялық маңызын түсіндіруден бастады.
«Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген.
Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай жиындарында түйіткілді мәселелер көтеріліп, шешімін табу жолында іс атқарылып жатқанын атап өтті. Ұлт болу жолында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруға назар аударды.
«Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр», деді Президент.
Фото:Ақорда