Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы маңызды бағыттарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Енді, Ұлттық құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам.
Оның құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», - деді Мемлекет басшысы Ұлытаудағы құрылтайда.
Президенттің пайымынша, Құрылтайдың жұмысы сапалы болуы үшін елдің жоғын жоқтайтын азаматтар бас қосуы керек.
Бізде түрлі пікірталас орындары бар. Бірақ ұлттық құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай - кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президент Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.
Кеше Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлығы жарияланды.
Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында Мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелерінен, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдерінен, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінен, кәсіпкерлерден жасақталған 117 адам бар.
Солардың бір парасын атасақ, ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова сияқты есімдер бар.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жазбасына сүйенсек, келешекте құрылтай жұмысына қатысушылар ауыстырылып отыруы мүмкін.