Мәжіліс бала өлімі мен педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын мақұлдады
Мәжіліс балалар мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған заңамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Заңнамалар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасын орындау үшін әзірленген", – делінген сәрсенбідегі хабарда.
Зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылған.
Біріншіден, келесідей жағдайларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:
– денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды ескеріп отыр;
– ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – 80 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.
«Екіншіден, кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның "бас бостандығын шектеу" балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру жазасы ғана қолданылады.
Үшіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе отбасында әкімшілік, қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолданылады. Атап айтқанда, сот шешімі бойынша олардан медициналық ұйымдардан психологиялық көмек талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ зорлық-зомбылық деректерін уақытылы анықтау үшін уәкілетті органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға ден қою мүмкіндігі қарастырылған», – деп нақтылады Мәжілісте.