Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт жиындар заң талаптарына сай өтуі міндетті

Бейбіт жиындар заң талаптарына сай өтуі міндетті

Көпшіліктің қоғамдағы орын алып жатқан жағдайларға байланысты топтасып келіспеушілік білдіру, яғни қоғамдық акцияларды өткізу және оларға қатысу тәртібі «Қазақстан Рес­публикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы №333-VІ Заң­мен айқындалған. Осы заңдылық негізінде бейбіт шерулер ұйым­дастырылады.

Осыған байланысты аудандық ішкі саясат бөлімінің баспасөз орталығында жиын өтіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиын­­да аталған Заңның талаптары туралы ау­дандық прокуратурасының прокуроры Д.Ұзақбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова түсіндірме жасады.

– Жалпы бейбіт жиналыс дегеніміз – сипатына қарай бейбіт, күш қолданылмайтын және қаруланбайтын, мемлекеттік қауіп­сіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін болып табылатын, Қазақстан Республикасының аза­маттары жиналыс, митинг пен демонс­трация, шеру мен пикеттеу нысанында өткізетін жария іс-шара. Бейбіт жина­лыстарды ұйымдастырушылар бей­біт жи­налыстар өткізу кезінде оларға қаты­сушылардың және басқа да адамдар­дың өмірін, денсаулығын қорғауға, қоғам­дық тәртіпті қорғауға және қоғамдық қа­уіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ішкі істер және прокуратура органдары қыз­меткерлерінің талаптарын орындауға, ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қор­ғауды қамтамасыз етуде жәрдемдесуге міндетті. Бейбіт жиналыстар, оларды ұйым­дас­тыру арнайы орындарда өткізіледі. Пи­кеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады, – деді аудандық прокуратурасының прокуроры Д.Ұзақбаев.

Қазіргі қоғамда резонанс тудыратын мә­селелер көбейді. Соған қатысты көп­шілік на­разылық білдіріп, шерулерге шы­ғып жатады. Міне, осындайда олар бей­біт жиын өткізуге қатысты Заң талаптарын білген жөн. Мәселен, акцияны өткiзу туралы өтiнiш оның жоспарланған датасынан кемiнде бес күн бұрын жазбаша нысанда берiледi. Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналыс­ты ұйымдастырушыға жауап беруі тиіс. Өтiнiште шараны өткiзу мақсаты, нысаны, өткiзiлетiн жерi немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың болжамды саны, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыс­тар өткізу регламенті, ұйымдастырушының, оның өкілінің электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, өтiнiштiң берiлген датасы көрсетiлуі қажет.

Ал мұндай талаптар орындалмай, заң­сыз акция өткізу, сондай-ақ оған қаты­су қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. Бұл тұрғыда «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» кодекс­тің 488-бабындағы Қазақстан Республика­сының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу – 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу, 434-бабындағы ұсақ бұзақылық – 10 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу, 443-бабындағы қоғамдық тәртіпті қамта­ма­сыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, 667-бабындағы құ­қық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің, сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау – 5 тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алу көзделген. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 400-бабында көрсетілген бейбіт жиналыс­тарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу – 200 айлық есептік көрсеткiшке де­йiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жауаптылығы қаралған. Осындай жауапкершілікті айтқан Д.Ұзақбаев жұртшылықты заң талабын бұзбауға және халық арасында қандай да бір теріс әрекеттерді жасамауға шақырды.

Жиында хабарлама жасаған аудан­дық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзах­метова да заңсыз жиындарды өткі­зуге тыйым салынғанын жеткізді. Егер заң­нама талаптарына бағынбаған және бұл әрекеттерді тоқтатпаған жағдайда құ­қық қорғау органдары кез келген заң бұзу­шылықтың жолын кесіп, қылмыстық қуда­лауға дейін қарастырылған шараларды қа­былдайтынын атап көрсетті. Сондықтан бейбіт жиындардың барлығы Заң талаптарына сай өтуі міндетті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
03 шілде 2021 ж. 599 0