Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілерді мейлінше көбейту керек

Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілерді мейлінше көбейту керек

Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек, диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жылда агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек.

«Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілер санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сондай-ақ, бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн.
Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек.

«Жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді», - деді

07 ақпан 2024 ж. 166 0