Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді

Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді

Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Кеңес төрағасы М.Еспенбетовтің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, кеңес мүшелері, сондай-ақ ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бірінші мәселе бойынша аудан әкі­мі Б.Сәрменбаев Қоғамдық кеңес мүше­леріне есеп берді.

– Ауданымызда атқарылып жат­қан жұмыстар мен алдағы жос­пар­лар­ды біз әркез өздеріңізбен ақыл­дасып, кеңесіп жүзеге асырудамыз. Мәсли­хат сессиясында депутаттар назары­на ұсынылатын бюджеттік өзгеріс­тер мен толықтырулар да кеңес мүшелері­нің мақұлдауымен бекітілуде. Біріге атқарған жұмыстарымыздың нәти­жесін­де былтыр көптеген игі жұмыс атқарыл­ды. Ол туралы кеше баспасөз брифингінде кеңінен айтып, БАҚ өкіл­деріне ақпарат ұсындым. Бүгін маңызды салалар бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталайын. Былтыр республикалық бюд­жеттен бөлінген 1,3 млрд теңгеге облыстық маңызы бар «Қызылорда-Айдарлы» жолының 30 шақырымы және 687,6 млн теңгеге «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автомобиль жолының 12 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Мұнан бөлек аудандық маңызы бар жолдар бойынша «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» авто­жолының 5 шақырымы және «Қызыл­орда-Жалағаш-Тереңөзек» автожолы орташа жөнделді. «Ауыл – ел бесі­гі» бағдарламасы және бюджет көздерінен 8 елді мекенде 51 көше асфальттанып, ел игілігіне берілді. Жол сапасын жақсарту биыл да жоспарымызда бар. Аудан бойынша 2024 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 3,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Оның ішінде 10 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жол және ауылішілік 43 көше қамтылды, – деді аудан әкімі.

Б.Сәрменбаев өткен ғасырдың 60-70 жыл­дарында салынған электр желі­лерінің тозығы жеткеніне тоқталды. Осы­ған байланысты былтыр елді мекен­дердің электр бағаналары мен желілерін қайта жаңғырту жұмыстары бас­талғанын айтты. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 1,5 млрд теңгеге Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл және Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлары толық жаңартылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Шаған ауы­лын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары өткен жылы басталған. 1,1 млрд теңгені құрайтын жоба биыл да жалғасып, толық аяқталатын болады. Осы жылы Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында электр бағаналары мен желілерін қайта жаңғыр­ту жұмыстары да жүргізілмек.

– Біз ауданға бюджет қаражатынан тыс демеушілік есебінен де нақты жұмыс­тарды жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, демеушілікпен 250 млн теңге тартылып, «Сыр сұлуы» монументі, көпқабатты тұрғын үйлердің сырты жаңартылды, ойын алаңдары салынды, мектептердің автотұрақ жолдары мен қоршаулары жаңартылды және тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне газ қондырғыларын орнату жұмыстары атқарылды. Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашанда басым бағыттарға ие. Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша ауданда 2023 жылы 3 127 жұмыс орнын ашу жоспарланып, толық орындалды. Оның ішінде, 19 жоба бекітіліп, 63 жұмыс орнын ашу жоспарланса, жыл көлемінде 107 жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында биыл аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталатын болады, – деді аудан басшысы.

Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов баяндама жасады.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, мәсли­хат жұмысының негізгі нысаны – сессия. Өткен жылы барлығы 13 сессия өткізілсе, оның 4-еуі заңдылыққа сәйкес кезекті, 9-ы аудан әкімінің ұсынысына байланысты кезектен тыс сессиялар болды. Сессиялар барысында жалпы 85 шешім қабылданды. Оның ішінде аудандық бюджетке 4 рет өзгеріс енгізілсе, төртінші деңгейлі бюджетке 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар ауданымыздың жаңа үш жылдық 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары тарапынан құзыр­лы органдарға 7 депутаттық са­уал жолданды. Депутаттық сауалдардың бірде-бірі назардан тыс қалған жоқ. Сайлаушылардың талап-тілектерін ескере отырып, аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдар назарына берілген ұсыныстардың облыс, аудан әкімдігінің қолдауымен басым бөлігі шешімін тапты. Нақтырақ айтар болсақ, 7 депутаттық сауалдың 6-ауы толық орындалса, 1 сауал орындалу үстінде, – деген Ержан Ертарғынұлы былтыр 8 рет тұрақты комиссия отырысы өткізілгенін айтты. Мұнан бөлек елімізде және өңірімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың мәні мен маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында сындарлы кезеңдерде сынауға емес, бірлесе еңбек етуге бейім болуымыз қажеттігін айтты. Президенттің бұл ұстанымын аудан халқы жақсы сезініп келеді. Ол жақында ғана ауданымызда пилоттық жобада өткізілген аудан әкімінің сайлауында анық байқалды. Сындарлы кезеңде сыр бермеген, нағыз бірлік пен ұйымшылдықтың үлгі­сін көрсеткен Сырдария ауданы аса маңызды саяси науқанда ел бірлігінің үлгісін көрсетті. Мұны облыс басшысы жоғары бағалап, ауданның бірлігі бекем, тірлігі көркем екенін айтып өтті. Бұл – бәріміздің бірлесе атқарған еңбегіміздің жемісі, – деп түйіндеді аудандық мәсли­хат төрағасы.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов хабарлама жасап, жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың қоры­тындысын жария етті.

– Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес жұмыс жүргізеді. Аталған заң талаптарына сай Сырдария аудандық мәслихатының №124 шешімімен Қоғамдық кеңестің құрамы бекітілген. Бүгінде Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің жанынан маңызды салалар бойынша үш комитет құрылып, жұмыс жасауда. 2023 жылы Қоғамдық кеңестің 19 отырысы өткізіліп, 77 мәселе талқыланған, – деген Маратбек Нағымұлы жайылым мәселесі жөнін­де кеңірек тоқталды.

Тарқата айтар болсақ, былтыр жайылымдық жер мәселесіне байланысты Сырдария аудандық қоғамдық кеңесіне төрт түлік мал иелері тарапынан өтініш келіп түскен. Өтініш негізінде аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен бірлесіп, зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бірнеше рет басқосулар ұйымдастырылған. Негізі Тереңөзек кентінің төрт түлік малы Сайкөл, Балықкөл, Жансымақ, Көлбай көлдері орналасқан Қарашеңгел мал жайылымына жайылады. Атал­ған көлдер соңғы жылдары тартылып, салдарынан мал жайылым мәселесінің өзектілігі артты. Осыған орай Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің ұсынысымен «Сырдариясушар» мекемесі тарапынан жайы­лым аумақтарын ерте көктемде суландыру үшін экологиялық тегін су сәуір айында берілді. Нәтижесінде көлдер суға толып, мал жайылатын аумақтар сумен шайылды. Бұл мал азығының жақсы болуына оң әсер етіп, Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун ауылының тұрғындарының жайылым мәселесінің ше­шілуі­не ықпал етті.

– 2023 жылдың қараша айында Соркөл мал жайылымына төрт түлік малын жайып жүрген тұрғындар көлдің кеуіп, жайылымда көктің жоқтығына сәйкес аудан әкіміне және қоғамдық кеңес­ке шағымданды. Қазіргі уақытта аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен Сырдария сушар мекемесі көктем айларында Соркөлді толтыру, шабындық және мал жайылымдарына су жіберу жұмыстарын жоспарлауда. Осы мәселенің өзектілігін ескеріп және аудан тұрғындарының ұсынысы бойынша мен 2023 жылдың 6 қараша күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болып, ұсыныс­тарымызды жеткіздім. Аймақ бас­шысы жайылым аумақтарын ерте көктемде суландыру қажеттілігін қол­дап, тиісті мекемелерге бірқатар тапсырма берді. Біз жақын күндері бұл бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы жоспарлар туралы облыс әкіміне Қоғамдық кеңестің атынан хатпен жолдаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді кеңес төрағасы.
Жиында ұсыныс-пікірлер ортаға салы­­нып, атқарылған жұмыстарға оң баға берілді. Қоғамдық кеңес мүшесі М.Келді­баев сөз сөйлеп, байыпты баста­­малар­дың жалғасын таба беруіне тілек­­тестігін білдірді.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ

03 ақпан 2024 ж. 170 0