«Ауыл аманаты» сәтті іске асуда
Әлем елдерінде шалғай аймақтарды қала деңгейінде әлеуеттендірудің тың жобалары бар. Бұл ұстанымды әсіресе, дамыған мемлекеттер бірауыздан қолдайды. Бізде де осы үрдіс бір ізге түсіп келеді. Ауылдардың даму динамикасы ел Президентінен бастап, облыс, қала, аудан, тіпті ауыл әкімдерінің де тікелей қадағалауында. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін мемлекет қолға алған жақсы бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында аталған жобаны іске асыру үшін 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазір қаржыландыру бағыттары анықталған. Нақты талап-ережелері барлық ауылдарда түсіндірілуде. Түсіндірме жұмыстарына тиісті сала басшылары мен депутаттар белсенді түрде атсалысып келеді. Сондай-ақ бағдарламаның сапалы әрі нәтижелі жүзеге асуы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей бақылауында.
Сыр өңірінде «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде 5 бағыт бойынша жүзеге асуда. Негізгі басымдық өңдеу, кооперативтерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша егін, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және басқа да бизнес жобаларға берілген. Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл халқының табысын арттыру үшін «Алқаптан сөреге дейін» кооперациялау пилоттық жобасын жандандыру мақсатында шалғайдағы ауылдық округтерге микрокредиттер беру және кооперативтерді ынталандыру бағыты жолға қойылған.
Жұмысты үйлестіруші ретінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ белгіленіп, 3 млрд теңге корпорацияға аударылған. Облыс қаражатынан биылғы агент қызметіне 74,4 млн теңге бөлінгенін де айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанынан атаулы жобамен айналысатын 20 штаты бар арнайы департамент құрылып, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек құжаттарды қабылдау шарттары ауыл тұрғындарының жағдайын, мүмкіндігін ескере келе барынша жеңілдетілгені белгілі. Бүгінде облыс бойынша 1,6 млрд теңгенің 240 жобасы қабылданып, жобалардың барлығы несие комитетіне ұсынылған.
Айта кетейік, тамыздың 16-сы күні жобаларды қарастыратын несие комитетінің бірінші отырысы өтті. Онда 504,6 млн теңгені құрайтын 59 жоба қаралып, 199,3 млн теңгені құрайтын 30 жобаға келісім берілді. Комитеттің шешімімен мақұлданған жобалар кепіл мүлкі тәуелсіз ұйымдар бағалауынан өткеннен кейін ғана қаржыға қол жеткізе алады.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ мамандары ауыл тұрғындарын кепіл мүліктеріне қойылатын талаптармен таныстыруды жалғастыруда. Мысалы, 1990 жылдан бері күйдірілген қыштан қаланған мүліктерді, 2000 жылдан бері қам кесектен және қаңқалы-қамысты материалдан соғылған мүліктерді кепілге қабылдау мақұлданған. Сондай-ақ мүлкіңіз 1980 жылдан бері салынған көпқабатты үй болса, кепілге жарамды болып есептеледі.
Осы тұста «Жоба игілігін кімдер көре алмайды?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бірден ашып айту керек, «Жұмыспен қамтудың жол каратасы – 2020» бағдарламасы бойынша салық органдарына қарызы барлар, соттылығы толық өтелмеген регламентке сәйкес өтінім берушінің жобасы қаржыландырылмайды. Сонымен қатар алаяқтарға алданып қалмауды қатаң ескеру қажет. Тұрғындар арасында жеңіл ақшаны көздегендер де кездесуде. Алаяқтық жолмен «несие алып беруге және рәсімдеуге көмектесемін, танысым бар» деп кәсіпкерлерден қомақты қаражат алып, алдап соққан фактілер де тіркелген. Бағдарлама жөніндегі толық мәліметті «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ғана білуге болады. Меже бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында бөлінген қаржыны келер жылдың маусым айына дейін толық игеру жоспарланған.
А.ИБРАГИМҰЛЫ