Тұжырымдама түсіндірілді

Бұған дейін сыбайластықты болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы жүзеге асырылды. Енді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жемқорлыққа тосқауыл қойылмақ. Осы тұжырымдаманы түсіндіру үшін аудандық әкімдікте жиын өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев қоғам дертімен күрес күн тәртібінен түспейтінін атап, меймандарға сөз кезегін ұсынды. Ал Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ.Әлімқұлова мен бас маман Р.Тұраров түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандар 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, сыбайластыққа төзбеушілікті қалыптастыруға, жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға, қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі ауқымды тарту жөнінде шаралар қабылдауға, сыбайластыққа қарсы саясатты мониторингтеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты реформалар мен жобаларды қамтитын 6 міндетті таныстырып өтті. Сала мамандары бұл тұжырымдаманың тиісінше еліміздегі жемқорлық қылмысымен күресте нәтиже беретінін атап өтті.
Кездесу барысында сыбайластықтың алдын алуға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды.
Е.БЕРКІНБАЕВ