Қатерден сақтану жолы – вакциналау
Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде соңғы кезде індет жұқтырған адамдардың саны күрт артып кеткенін атап өтті. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын. Бірақ эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.
– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы вакциналау деңгейі төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін шұғыл түрде көшпелі бригада жасақтауды тапсырды. Оның пікірінше, екпе салдырғысы келмейтін адамдармен жұмыс барысында саралау әдісін қолданған жөн.
Денсаулық сақтау министрлігіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізуге тапсырма берілді. Антиваксерлер деген кімдер екенін анық әрі нақты түсіну керек және олардың толық әлеуметтік бейнесін ашу қажет.
Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, вакцинация қарқынына дұрыс болжам жасауға, сондай-ақ жарамдылық мерзімін ескере отырып, вакцинаны қайта жіберу жүйесін жолға қоюға тапсырма берілді.
– Иммунитет қалыптастыру үдерісін тежеп отырған тағы бір өзекті мәселе – вакцинацияның жалған паспорттары. Мұндай теріс құбылыстардың алдын алып, олардың таралуына жол бермеу маңызды. 16 шілдедегі мәлімет бойынша 65 қылмыстық іс қозғалған. Яғни, жұмыс басталды. Енді оны белсенді жалғастыру керек. Бұл өте ауыр қылмыс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекет. Вакцинация паспортының қолдан жасалуына жол берген тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдануды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында вакцина өндірісі саласындағы көшбасшы елдерден әкелінетін екпелердің түрлерін кеңейту мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік жаңа «Спутник лайт» вакцинасын жеткізу және оны отандық фармацевтикалық алаңдарда шығару мәселесін пысықтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы вакцинация мәселесінде отандық бизнестің бірегей ұстанымы аса маңызды деп санайды. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізбей, бизнеске қойылған санитарлық шектеулерді алып тастау мүмкін емес. Бұл бизнес пен тұтынушылар үшін көп жағдайда «Ashyq» цифрлық шешімнің арқасында мүмкін болып отыр.
Президент былтыр жаздағы жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын айтты. Ол үшін денсаулық сақтау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
Президент көтерілген мәселенің бәрі Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының өз денсаулықтарын, жақындары мен отбасыларын сақтауы қажеттігіне назар аударды.
Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов сөз сөйледі.
Аkorda.kz