Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерліктің дамуына ауыл әкімдері жауапты

Кәсіпкерліктің дамуына ауыл әкімдері жауапты

Аудандағы кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ат­қарылған және алдағы уақыт­та жүргізілетін жұмыстарды нақ­ты­лау мақсатын­да аудан­ әкі­мі Руслан Рүстемовтің тө­р­аға­лығымен жиналыс өт­ті. Жиын­ға аудан әкімінің орын­­басар­лары, кент және ауыл­дық округі әкімдері, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналысты ашып, сала жұмысына жасалған талдау қорытындысын жария еткен аудан басшысы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жұмы­сын сынға алды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды дұрыс үйлестір­меген бірқатар ауылдық округі әкімде­рінің өз міндеттеріне салғырттық танытып отырғанын атап өтті. Сонымен бірге индикаторлық көрсеткіштерге назар аударып, межелі жұмыстардың мерзімінде жүзеге асуын қамтамасыз етудің маңызды­лығына тоқталды.
– Жаһандық індет басталғалы кәсіп­керлік саласының бірқатар бағыты бо­йынша кідірістер орын алғаны байқалуда. 2020 жылдың 29 сәуірінде І тоқсанның қорытындысымен кәсіпкерлік саласы бо­йынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берілген болатын. Дегенмен, бүгінгі күні кәсіпкерлік саласының көрсеткіштері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмен болып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 329,2 млн теңгенің 67 жобасы қаржыландырылса, бұл көрсеткіш 2020 жылдың 5 айында 223,2 млн теңгені құрап отыр. Яғни жобаларды қаржыландыру 106,0 млн теңгеге (32,2%) төмен орындалған. Бұл салалық бөлім тиісті жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмай отырғанын білдіреді. Мұнан бөлек халыққа, кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азамат­тарға дұрыс түсіндірме жұмыстары жүргі­зіліп жатқан жоқ. Нәтижесінде жоспарлы жұмыстаржы жүзеге асыруда олқылықтар кездесуде, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы кәсіпкерлік жобаларды дайындап, қаржыландыруға ұсыну жұ­мыс­тарына «төтенше жағдайдың әсері­нен кешеуілдеу болды» деген сылтау­дың қабылданбайтынын айтып, аудан­дағы кә­сіп­керлік саласының дамуына бірінші кезекте кент және ауылдық округі әкімдері жауапты екенін жеткізді.
Жиында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов баяндама жасады. Өз баяндамасында «жоспарлануда» деген сөзді үш рет, «дайындалуда» деген сөзді төрт рет айтқан бөлім басшысының хабарламасына аудан әкімінің көңілі толмады. Оның үстіне бөлім басшысы мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелеу мен гранттар беруде құжаттар тізіміне жан-жақты талдау жасап, оңтайландыру жұмыстарының барысын нақты жария ете алмады. Сондай-ақ аудан басшысы тарапынан қойылған қарапайым сұрақтарға бірқатар ауыл әкімдері жауап бере алмай, бірнеше рет орындарынан түрегелді. Мұның бәрі ауданның кәсіпкерлік саласында күрмеуі көп мәселелердің жеткілікті екенін білдіреді.
– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылға ауданға бекітілген меже 2,0 млрд теңге болса, бүгінгі күнге 6 млн теңгені құрайтын бір ғана жоба қаржыландырылған. Ақжарма ауылынан басқа ауылдар бойынша қаржыландырылған бірде-бір жоба жоқ. Меже бойынша жыл қорытындысымен кентте 520,0 млн теңгенің жобасы қаржылануы керек. Бірақ, жылдың бірінші жарты жылдығы аяқталуға жақын қалса да Тереңөзек кенті бойынша бірде-бір жоба ұсынылмаған, – деген аудан басшысы кенттің әкіміне «Бұл бағытта қандай шаралар қабылдадыңыз?» деп сұрақты төтесінен қойды. Түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартқан кент әкімі Нұржан Бисембаевтың жауабы қанағаттанарлықсыз болды. Аудан әкімі салалық орынбасары Бақытжан Лекеровке аудан орталығындағы кәсіпкерліктің жай-күйін жеке бақылауға алуды тапсырды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар жүргізбеген А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Жетікөл, Айдарлы, Іңкәрдария ауылдарының әкімдері де сын естіді. Атап өту керек, аталған бағдарламаның шарттары жөнінде қойылған сұраққа жауап бере алмаған Аманкелді ауылы әкімінің міндетін атқарушы И.Жүсіповке, С.Сейфуллин ауылының әкімі М.Қаратаев пен Ақжарма ауылының әкімі Е.Ешмұратовқа ескерту жасалды.
– Бағдарламаны халыққа түсіндіретін ауыл әкімдерінің өзі бағдарламаның шарттарын толыққанды білмейді. Қаржылық ұйым­дар тарапынан кәсіпкерден талап етілетін құжаттар тізбесін нақты айта алмайды. Сонда қарапайым халықты кәсіпкерлікпен ай­на­лысуға қалай шақырасыздар? Ауыл әкім­дерінде ізденіс, жанашылдық жоқ, жұмыс­қа деген жауапкершілік төмендеп барады. Бүгінгі жиналыстың қорытындысымен берілген тап­сыр­малардың орындалуы келесі айда тағы да талқыланады. Сонда нақты шешімдер қабылданатын болады, – деген аудан әкімі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне ауыл әкімдіктерімен жұмыс жүргізіп, кәсіпкерлердің жобаларын қаржы-несие ұйымдары қаржыландырылғанға дейін сүйемелдеуді тапсырды.
Иә, өзін дұрыс білмесең ол іске өзгені қалай үгіттейсің... Ауыл әкімдерінің «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шарттарын айта алмай, қызаруы білім деңгейлерін анық көрсетті. Білім демекші ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына қойылатын қазіргі талап жоғары. Тек жоғары білімді маман иесі болу жеткіліксіз, жұмыс барысында қарапайым халықпен конструктивті байланыс орнату қажет. Оның ішінде әлеуметтік желінің әлеуеті зор. Ал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен бастап барлық ауыл әкімдіктері әлеуметтік желідегі ресми парақшаларындағы жұмысты дұрыс жүргізіп жатқан жоқ. Соның салдарынан халық кәсіпкерлік саласын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар жөнінде мәліметті білмейді. Ал «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының жұмысы мүлдем сын көтермейді.
– «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасына қарасаңыз, жаңалық көп. Әр бағдарламаны жеке дара талдап, қарапайым тілмен түсіндіреді. Ал біздің аудандағы филиалдың бар-жоғы білінбейді. Ресми парақшасы екі айдан бері жаңартылмаған. Тіпті аудандағы кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстарды нақтылау мақсатында өткізіліп жатқан жиынға филиал басшысы келген жоқ. Президенттен бас­тап Үкімет басшысы, облыс әкімі кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жасауды міндеттеп жатқан тұста, филиал басшысының бұл іс-әрекеті дұрыс емес деп санаймын. Бүгінгі жиналысқа неге келмеді, неге қатыспады бәрін зерттеп, зерделеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға салғырт қарап жүрген филиал басшысының жауапкершілігін қарау жөнінде облыстық филиал басшысына ұсыныс енгізіңіздер, – деген аудан әкімі абырой, мақсат ортақ екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының субсидиялау, кепілдендіру тетіктері бойынша жүргізілген жұмыстарға арналды.
– «Бизнестің жол картасы 2025» биз­несті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасының субсидиялау, кепілдендіру тетік­тері бойынша жыл басынан бері Терең­өзек кенті мен Шаған ауылынан құны 46,0 млн теңгенің 2 жобасы ғана қаржыландырылған. Басқа ауылдар бойынша қаржыландырылған бірде-бір жоба жоқ. Жыл басында 2020 жылға арналған ауданның шағын және орта кәсіпкерлік, сауда және туризм салаларын дамытудың іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес кент және ауылдық округі әкімдеріне жыл соңына дейін кемінде 620,0 млн теңгені игеру бойынша меже белгіленді. Жыл қорытындысымен Тереңөзек кенті 100,0 млн теңгенің, Шаған ауылы 60,0 млн теңгенің жобалары қаржылануы керек. Қазіргі таңда Тереңөзек кентінен құны 21,0 млн теңгені құрайтын 1 жоба және Шаған ауылынан құны 25,0 млн теңгені құрайтын 1 жоба ғана қаржыландырылған. Бұл жұмыс­тарға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп жә­не ту­ризм бөлімімен қатар аудандық ауыл ­шаруашылығы бөлімі де тікелей жауапты. Суб­сидиялау, кепілдендіру тетіктері бо­йын­ша аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­­мі ақпа­раттық-насихаттық жұмысты жүргізіп жатқан жоқ – деген аудан басшысы Тереңөзек кенті, Шаған, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Ақжарма, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, Айдарлы, Же­тікөл, Іңкәрдария ауылы әкімдерін сұрақ­тың астына алды. Жобаларды қаржы­ландыруды ұйымдастыруды, аудандық кә­сіп­керлік, өнеркәсіп және туризм және ауыл­шаруашылығы бөлімімен бірлесе жұмыс жасауды міндеттеді.
Жиналыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдар­ламасының екінші бағыты бойынша да жүйелі жұмыс жоқ екені жария етілді. С.Сейфуллин, Жетікөл, Іңкәрдария, Н.Ілиясов және Шіркейлі ауылдарында 2020 жылдың 5 айы өтсе де қаржыландырылған бірде-бір жоба жоқ екен. Сондай-ақ Айдарлы, Ақжарма, Аманкелді, Ің­кәр­дария, Қалжан ахун ауылдары бойынша бірде-бір кәсіпкердің жобасы қайтарымсыз грант алмаған. Бұл да ауыл әкімдерінің кәсіп­керлікті дамытуға немқұрайлы қарап отырғанының айғағы.
Кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына, қоғамдық-саяси ахуал­дың тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтқан аудан басшысы кент және ауыл әкімдеріне, дербес бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде аудандық басылымға және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына ақпараттық мақалалар жария­лауды жүктеді. Хаттамалық тапсырмалардың қорытындысымен кәсіпкерлік саласының жай-күйі тағы да талқыланатынын айтып, келесі жолы ешкімге ескерту берілмейтінін, нақты кадрлық шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

09 маусым 2020 ж. 692 0