Кәсіпкерлік негізі бізде қалыптасады
Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының Қызылорда облысы бойынша Сырдария аудандық филиалы кәсіпкерлерге сапалы және сауатты мамандандырылған қызмет ұсынады. Қызмет барысында кәсіпкердің өз бизнесін ашып, тиімді жұмыс жүргізуге сан алуан бағытта тегін кеңес беріледі. Осылайша шағын және орта бизнес ашуға бекінген кез келген азамат кәсіпкерлік саласының қыр-сырына қанығады. Жан-жақты үйлестіру тетігін меңгереді. Осы ретте аудандық филиалдың өткен жылы атқарылған жұмысы жайында филиал директоры Ерлан Абдикеровпен сұхбат жүргізген едік.
– Ерлан Арыстанғалиұлы, кәсіпкерлік саласының дамуы ауданда жақсы көрсеткіштерге ие. Шағын және орта кәсіпкерліктің қазіргі жай-күйі қалай?
– Иә, кәсіпкерлік саласы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі таңда халықтың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы едәуір жоғары. Кез келген істі кәдеге жаратып, табыс көзін ұлғайту мақсатында жекелеген азаматтар біздің мамандарға жүгінеді. Жалпы алғанда өткен жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің саны 2314 субъектіге жетіп отыр. Оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 2081-і құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 процентке артты.
– Кәсіпкерлік саласының кеңінен қанат жайып, өркендеуі нарықтық заманда жұмыссыз азаматтар қатарын азайтады. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Бүгінде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерімен айналысуда. Аудан бойынша жыл басынан жобалық құны 385,9 млн теңгені құрайтын 127 жоба несие қаражатын алды. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында процент мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша өткен жылы жобалық құны 201,1 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылды. Осы бағытта жаңа бизнес-идеяларды қолдау бойынша қайтарымсыз грант қаражатын алуға ауданнан құны 3,1 млн теңгені құрайтын 10 жоба қолдау тапты. Оның ішінде жас кәсіпкерлердің 5 жобасы 2 млн 127 мың теңге қаржыландырылғанын айта кеткен жөн.
– Сіз басқаратын мекеме тарапынан кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Кәсіпкерлік саласының бағыты сан алуан негізде жүзеге асады. Қазіргі таңда біздің тікелей бастамамызбен биылғы оқу жылында, қаңтар-мамыр айларында Сырдария ауданының өндіріс, өңдеу, қайта өңдеу саласында жұмыс жасайтын 8 мекемеде оқушыларға арналған мансаптық экскурсия ұйымдастырылды. Оған 280 оқушы қамтылды. Сонымен қатар орта кәсіптік білім беру мекемелерінде және орта мектептерде «Ашық лекциялар» мен «Маманмен диалог» жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек 5 рет колледжде және 12 рет мектепте «Кәсіби маманмен сұхбат» жасалды. Өткен жылдың қыркүйек айында «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды ұйымдастыру мақсатында Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округінен 1 кәсіпкерлік субъекті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Реестріне енген болатын. Ол тігін мамандығы бойынша үйренемін деген кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарды оқытады. Жыл басынан бері atameken.academy интернет порталы іске қосылып, 150 адам тіркеліп, онлайн оқуды аяқтап, сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар 2019 жылдың наурыз айында екі күндік оқу курсын 40 азамат аяқтап, сертификат табысталды. Маусым айында Сырдария ауданының өндіріс және өңдеу саласында қызмет ететін 10 кәсіпкері «Бизнес өсім» жобасын аяқтап, біліктілігін арттырды.
Республика көлемінде халықтың әл – ауқат жағдайы және кәсіпкерлік субъектілердің мұқтаждығы, сонымен қатар проблемалық мәселелерін анықтау мақсатында кең ауқымды маркетингтік зерттеу жүргізілуде. Аудан бойынша кәсіпкерлер мен үй шаруашылықтарына маркетингтік зерттеу (скрининг) жұмыстары аяқталды. Кәсіпкерлерге жүргізетін сауалнамаға аудандық кәсіпкерлер палатасы жауапты болып бекітілді.
– Тұрғындардың кәсіпкерлік негізінде сауатын арттыру үшін сала мамандарының қызметі қай бағытта жүзеге асырылады?
– Аудандық филиал қызметкерлері кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетіп келеді. Жекелеген азаматтардың өз бизнесін ашып, тиімді іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша тегін кеңес беру түрінде 2 лот бойынша мамандандырылған қызметтер ұсынады. Сонымен бірге филиалда кәсіпкерлердің өз-өзіне қызмет көрсету орны жұмыс жасайды. Мұнда кәсіпкерлер services.atameken интернет порталында жеке кабинетіне кіріп, 6 лот бойынша қызмет түріне онлайн тапсырыс бере алады.
Филиал кеңесшілері кәсіпкерлер немесе кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға кәсібін бастау, дамыту және кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңес береді. Атап айтқанда, осы күнге дейін 660 азаматқа 1320 кеңес берілді. Соның арқасында аудан бойынша кәсіпкерлік негіздері жөнінде білім алушы кәсіпкер азаматтар саны күн сайын өсуде.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ