Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенімді арттыруға серпін береді

Сенімді арттыруға серпін береді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарғанын, көтерілген мәселелер қызу талқыланып, көптеген ұсыныстар мен бастамалардың ескерілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Кеңестің басты мақсаты – еліміздегі экономикалық және саяси мәселелер бо­йынша жүйелі, ұзақ мерзімді, тиімді шаралар әзірлеу екенін айтты.
– Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы Ұлттық кеңес қоғамның сені­мін ақтай алатынын дәлелдеді. Мұның тағы бір маңызды қыры бар. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бү­­гін­де балама көзқарастан қорықпау процесі жүруде. Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінде Президенттің «Әртүрлі көз­қарас – бір ұлт» формуласы тікелей іске асып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев біріктірілген шешімдердің негізінде реформаның ал­ғаш­қы бөлігі дайындалғанын жеткізді. Сондай маңызды реформалардың бірі – жер мәселесі және ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану.
– Ауыл шаруашылық министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауы және бірқатар аймақтардағы жерді космомониторингтеу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруы керек. Сонымен қатар жерді тиімді пайдалануды бақылауды күшейтудің басқа да шараларын қолға алуымыз қажет. Игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыруды ұсынамын. Бұдан бөлек игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік құрылымның есеп беруі мен ашықтығы, бюджет қаржысының тиім­ді әрі ұтымды жұмсалуы – ма­ңызды мә­селенің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ше­шімі бойынша ал­дағы уа­қытта Е­с­е­п­­­ ко­­­­митеті мемлекеттік органдар мен ұй­ым­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­дар­да жүргізген аудиторлық жұ­мыс­­та­­рының қорытындыларын жария­­лайды, ква­зи­мемлекеттік сектордағы әлеумет­тік маңызы бар мекемелердің директор­лар кеңесінің құрамына азаматтық қо­­ғам өкілдері кіреді, мемлекеттік кәсіп­орындар­дың бәсекелестік нарыққа эко­но­микалық тұрғыдан тартылуын азайту жұмыстары басталады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бюджет қаржысының бөлінуі, сыртқы қа­рыз туралы мәліметтердің ашықтығы жө­нін­дегі ақпараттың жариялы болуы маңызды екеніне тоқталды. Осыған бай­­­­ланысты 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Ұлттық банкке сыртқы қарыздың Бірыңғай рестрін әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік реформалар туралы айта келіп, көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі әлі де өзекті болып отыр деп санайды. Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін айтты.
– Көпбалалы от­басыларға жаңа мем­лекеттік жәрдемақыны диф­ференциалды, яғни айлық есептік көр­сеткіштің 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі еселенген өлшемімен беру ұсынылады. Со­нымен қатар жағдайы төмен отбасылардың балаларына ке­пілдендірілген әлеуметтік пакет жасақталады. Мек­­теп жасына дейінгі балалар азық-түлікпен және ең қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтылады. Оқушылар мектепте ыстық тамақты тегін ішеді, мектепке барып-қайту жолақысы, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдары тегін болады, – деп мәлімдеді Президент.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар да назардан тыс қалмайды. Жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс берушілердің міндетті 5 проценттік зейнетақы жарнасын төлеуді енгізу мерзімін кейінге шегерді.
– Жұмыс берушілердің міндетті 5 проценттік зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты дау-дамай басылар емес. Мұ­ны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген болатын, алайда әлі күн­ге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі 2023 жылға дейін шегерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі саяси жүйені реформалау саласында да маңызды қадам жасалады. Президенттің пікірінше, заңды және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын әрі рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керек.
– Бұл – менің түбегейлі ұстанымым. Мұны заңнамалық тұрғыдан бекі­тетінімізді білесіздер. Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Бірақ митингі өткізу тек өз құқы емес, жауапкершілік екенін де түсінген жөн. Бүгінгі Ұлттық кеңестің отырысында Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі Жоспарды орындау аясында бейбіт жиындар туралы жоба әзірленгенін айтқым келеді. Бұл жерде қазіргі заңға жәй өзгеріс енгізу емес, бейбіт жиынның барлық түрін өткізу, ұйымдастыру мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң туралы сөз болып отыр. Үкімет заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу керек, – деп тапсырды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңын­да демократия дегеніміз билік үшін де, азаматтар үшін де бөліну мен ыдырауға емес, даму мен жасампаздыққа қызмет етуге тиіс зор жауапкершілік екенін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан азаматтары тарихи миссиясын орындауы, яғни билік пен халықтың үйлесімді диалогы арқылы кез келген қиындықты қалай және қайтіп еңсеруге болатынын көрсетуі тиіс.
24 желтоқсан 2019 ж. 604 0