Қызылордада ірі мөлшерде екі есірткі алқабы анықталды
«Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылынан екі есірткі алқабы анықталды, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Жедел тергеу тобымен оқиға орнында «Қара ой» деп аталатын құмды далада 20 соттық жерден, арнайы дайындалған егістік алқаптан ерекше исі бар жасыл түсті 5032 (бес мың отыз екі) түп шөп анықталып, алынды. Күдікті ретінде оқиға басында үш азамат ұсталды, олардың біреуі Алматы қаласының тұрғыны, екеуі Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Қазіргі таңда күдіктілер Жаңақорған АПб-нің уақытша ұстау абақтысына қамалған. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.