Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада төтенше жағдай талабын сақтамаған 280 тұрғын жазаланды

Қызылордада төтенше жағдай талабын сақтамаған 280 тұрғын жазаланды

Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай талаптарын сақтамаған 280 тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 
Қызылорда облысында 16 наурыздан бастап төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта облыс бойынша рейдтер жүргізілді. Сол шаралар барысында 499 мекеме мен ойын-сауық орындары тексерілді. Нәтижесінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 476-бабымен 280 құқық бұзушылық анықталды.

«Аталған құқық бұзушылықтар негізінде Қызылорда қаласында 161 дерек тіркелсе, аудандар бойынша Аралда – 21, Қазалыда – 21, Қармақшыда – 13, Жалағашта – 5, Сырдарияда – 11, Шиеліде – 18, Жаңақорғанда – 11 және Байқоңыр қаласындағы өкілдікпен 19 оқиға нақтыланды. Сол арқылы Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 173 әкімшілік іс қаралды. Ол бойынша 77 тұлғаға айыппұл салынып, 95 тұлға әкімшілік қамауға алынған», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған материалдарға мониторинг жүргізілді. Жалған ақпарат таратқан 11 дерек анықталып, олар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағына кіретін автожолдарда азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мақсатында 3 санитарлық-өткізу бекеттері жұмыс атқаруда. Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.
12 сәуір 2020 ж. 686 0