Толастамас мүмкіндіктер жасалады
Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш рет Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Еліміздің дамуы үшін маңызды саяси құжатта Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару институттарын нығайтуға баса көңіл бөліп, «Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет» деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке кірісер алдындағы ұлықтау рәсімінде елімізді дамытуда жастардың потенциалының ерекше екенін айтып, «Президенттік жастар кадрлық резервін» жасақтауға тапсырма берген болатын.
Бұл «Жастар жылы» аясында білімді әрі дарынды отансүйгіш жастарымызға берілген айрықша мүмкіндік, нақты қолдау. Білімі һәм біліктілігі сәйкес тәжірибелі жас азаматтар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты яки «қызметтік лифт».
«Президенттік жастар кадрлық резервіне» қабылданған жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық лауазымға тұруға бірегей мүмкіндік ашылады деп көзделуде. Жоғары лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады.Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды.
«Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына іріктелген азаматтардың тағайындалуы көзделген лауазымдардың тізбесі:
- министрлер мен олардың орынбасарлары;
- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері;
- орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;
- квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағалары және мүшелері;
- орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;
- орталық және жергілікті мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары;
- облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері.
- Президенттік жастар кадрлық резерві экономикалық және қаржылық саясат; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және қызмет көрсету салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және қоршаған ортаны дамыту; сыртқы және ішкі саясат; құқықтық саясат бағыттары бойынша құрылады.
Жобаға құжат тапсыру кезінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, тиісті тұлғалардан ұсыным хаты бар Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатыса алады.
Ұсыным хат келесі тұлғалардың бірінен ұсынылуы тиіс:
- Президенттік жастар кадрлық резервіне кандидат жұмыс істейтін және/немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан;
- ұлттық компания, ұлттық холдинг, ұлттық даму институты басқармасының төрағасынан немесе оның орынбасарынан;
- мемлекеттік саяси қызметшіден;
- орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік орган аппаратының басшысынан;
- ҚР Мәжілісінің, Парламент Сенатының депутатынан, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшысынан.
Ескеретін жайт, жобаның іріктеуіне Президент тағайындаған саяси мемлекеттік қызметші қатыса алмайды.
Бүгінгі таңдаПрезиденттік жастар кадрлық резервіне құжат тапсыру басталды. Ол үшін жобаның талаптарына сай келетін үміткерлерpkrezerv.kz сайтына өтуі керек. Жобаға қатысуды тіркеу және құжаттарды қабылдау 2019 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Тіркелу кезінде кандидат расталған дербес деректерін (ЖСН, АӘТ, туған күні, e-mail, телефон) енгізіп, жеке кабинетін толығымен толтыруы тиіс(тұрғылықты жері, білімі, жұмыс өтілі, лауазымдар тобын және бағыттарды таңдау, басқа да қосымша ақпарат).
Кандидаттың өтінімі қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, кандидат Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
Іріктеу -қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу және кандидатураларды ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қарау және Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау секілді5 кезеңнен тұрады. Әр кезең белгіленген уақытта өткізіледі. Кезеңдердің уақыттары pkrezerv.kz сайтында нақты көрсетілген.
Алғашқы «Қабілеттерді тестілеу» кезеңі кандидаттардың талдамалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға бағытталған.Тестілеу 1 күннің ішінде кандидат үшін ыңғайлы кез келген уақытта автоматтандырылған жүйеде өткізіледі.Ең жоғары нәтижелерді жинаған кандидаттар іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
Келесі «Тестілеуді верификациялау» кезеңінде тестілеу үдерісі видео және аудио тіркеуді қамтиды. Бұл кезеңде де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендер келесі кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Іріктеудің кешенді сатысы болып табылатын «Әлеуетті бағалау» кезеңі «жобаны ұсыну», «эссе жазу», «құзыреттерді бағалау» сияқты
3 құрамдас бөліктен тұрады. Жобаны көрсету мен эссе жазуонлайн түрінде жүзеге асырылса, құзыреттерді бағалау кандидаттың жеке қатысуымен өткізіледі. Аталған кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлер Сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылады.
3 құрамдас бөліктен тұрады. Жобаны көрсету мен эссе жазуонлайн түрінде жүзеге асырылса, құзыреттерді бағалау кандидаттың жеке қатысуымен өткізіледі. Аталған кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлер Сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылады.
Сараптама комиссиясы өткізген сұхбаттасудың және кандидаттар туралы мәліметтерді талдаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылады.
Іріктеудің соңғы кезеңіне кандидаттардың қатысуы көзделмейді. Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия отырысының қорытындылары бойынша «Президенттік жастар кадрлық резервіне» қабылдау туралы шешім қабылданатын болады. Қабылданған шешім кандидаттың Жеке кабинетінде жарияланатын болады.
«Президенттік жастар кадрлық резерві» еліміздің жоғары саяси истеблишментіне білімді де дарынды жас буынның келуіне жол ашады.
Ұлттық комиссияның елегінен өтіп, Мемлекет басшысының кадрлық қорына енген жастардың елімізге адал қызмет етіп, Қазақстанның дамуына тың серпін қосатынына сенемін.
Нұрман ТАЛҚАНБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы