ЕЛ СЕНІМ АРТТЫ
9 маусымда кезектен тыс Президенттік сайлау өтіп, қазақстандықтар өз таңдауларын жасады. Саяси науқанда көп дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, қарқынды дамып келе жатқан елдің тізгінін қолына алды. Ірі саясаткер, дарынды дипломат тұғырлы Тәуелсіздікті мәңгі ету жолында аянбайтынын жеткізген еді. Сол үшін де Ел Президенті қазақстандықтардың қолдауына ие болды.
Кешегі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Мұндай салтанатты шараға Сырдария ауданынан арнайы қатысып, ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысына қолдау білдірдік. Мемлекет үшін маңызды шарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант берді. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ел басқарудағы өзінің алдағы міндетін айтты.
– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Талай сындарлы сәттен шыққан еліміз тағы бір тарихи шешім қабылдап, ел болашағын Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа сеніп тапсырды. Мемлекеттің дамуы жолында аянбай еңбек ететінін айтқан Мемлекет басшысы ұлт татулығын сақтап, еліміздің өрісті өркендеуін жалғайды деген сенімдеміз. Бұл жолда баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек.
Еркебұлан ЖАҚЫП,
«Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары