АЖАЛМЕН АРПАЛЫСҚАН РЕАНИМАТОЛОГ
Аурухана дәлізінде сан түрлі дертке шалдыққан, жазатайым оқыс оқиғаға ұшыраған науқастар бірінен соң бірі келіп жатты. Зыр жүгірген дәрігерлер ауыр халдегі адамдарды бөлек жатқызып, жеңіл жарақат алғандарға дереу көмек көрсетумен болды. Ішінде кенет жүрегі тоқтап қалғандары да болды. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан оларға барынша жәрдемдесіп жүрген дәрігерлердің ішінде анестзиолог-реаниматолог Дархан Қалымбетов те бар болатын. Тәжірибелі дәрігер қарамағындағыларға білгенін үйретіп, дертіне дауа іздеген халыққа барынша сапалы қызмет жасауда. Ол ешқашан қиындықтан қорықпайды, талай тағдыр иесіне қолдан келгенше көмек көрсетіп, батыл қадамдарға барды. Өзіне қатаң талап қоя білген дархан күрделі оталардың жасалуын жетік меңгеріп, талай адамға екінші өмір сыйлайды. Бұл дегеніміз – толассыз іште қайнаған ұлы арманның бір бөлшегі еді.
Тәжірибелі дәрігерлердің үнемі қасынан табылып, медицинаның қыр-сырын меңгеруге барынша қанықты. Бұл саланың түрлі бағытына терең бойлап, ақырында өзінің жүрек қалауымен реаниматолог болуға бел буды. Алдына келген адамның жай-күйін бағдарлап, дерттің түп-төркінің шығу тегін зерттеп барып, ажал тырнағынан аман алып қалуға бар күшін салады. Дархан мектепте жүрген кезінде-ақ сабақты жақсы оқыды, биік белестен көрінуге барын салды. Әкесінің ақ батасын алып, сол жылдары медицина колледжіне оқуға түседі. Жастайынан қарым-қабілетін шыңдай түсіп, колледжде үздіктер қатарынан көрінеді. Оның айқын делелі Қызылорда облыстық жоғарғы медициналық колледжінің тоқсан жылдығына байланысты «Колледж мақтанышы» номинациясымен марапатталуы еді. Колледжді бітіргеннен кейін Дархан Ақмола қаласына жол тартады. Бұнда Мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, білімін жетілдіреді.
Кейіпкерімнен «ең алғаш рет ота жасау кезінде қандай сезімде болдыңыз?» деп сұрадым.– Жүрегі тоқтап қалған науқасқа дереу көмек көрсетіп, қасымдағы ұстазымның нұсқауымен ота жасауға кірістім. Бірінші кезекте бойымдағы қорқынышымды басып, алдымен адамның өмірін құтқаруға тырыстым. Гиппократ антына адал екендігімді дәлелдегім келді. Ұстазымның айтқанын екі етпей орындай отырып, отаның сәтті өтуіне бар күшімді салдым. Себебі, біздің қателесуге хақымыз жоқ. Сондықтан жауапкершілік жүгін сезіне білгенде ғана дәрігер атына кір келтірмейміз. Мен ол үдеден шықтым деп ойлаймын. Осы күннен бастап менің алдымнан ауыр халдегі талай науқас өткені мәлім. Олардың барлығына тиісті көмекті көрсетіп, жаңа өмір сыйлау қызметіме деген адалдығымның айқын көрінісі, – деді білікті дәрігер.
Дархан Қалымбетов қызмет жолын медицинаның ордасы саналатын «Жедел-жәрдем» станциясында бастайды. Балалар дәрігері болып, мыңдаған баланың өміріне араша түседі. Бұдан кейін Дархан Аралбайұлы екінші қалалық ауруханаға анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып қызметке орналасады. Төрт жылға жуық уақытта жан сақтау бөліміне түскен әрбір науқасқа сәтті диагноз қойып, сауатты жұмыс жасай білді.Алдына қойған жоспарын пысықтай білген ол туған жерге келіп қызмет етуді мақсат тұтады. Бас қалада жүріп, жинаған мол тәжірибесін аудан медицинасының дамуына жұмсайды. Бір жыл уақыт шеңберінде аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі таңда аталған қызметін Қызылорда қалалық ауруханасында жалғастырып келеді. Қашанда азаматтық болмысынан айнымаған Дархан Аралбайұлы көпшілікке қарапайымдылығымен танылды. Күрделі мамандыққа күннен-күнге сүйіспеншілігі артып, алдына келген сырқаттың дертіне дауа дарытуға өз-өзін іштей қайрап келеді. Ол үшін алдынан келген адамның құлаң-таза айығып кетуден артық жетістік жоқ. Сондықтанда барлық жағдайда жұмысына деген ыждағаттылықты бірінші орынға қояды. Сенім үдесінен шығу арқылы кәсіптен береке табу нағыз маманға лайықты көзқарас. Дархан Қалымбетов отбасында бес ағайындының екіншісі. Сынаққа толы қызмет жолында ел аманатын ақтауды абырой санайды.Медицина саласында ақын ауылының түлегі зор жетістікке жете берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ