3950 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ АҚЫРҒЫСЫ НЕ БОЛДЫ?
Рахымды да, мейірімді Алланың атымен бастаймын! Ел аралаған жолаушы сол сапарынан түйген ойларын оқырманға жеткізу үшін жол жазба жазу дәстүрі қалыптасқан. Мен де Алланың қалауы болып, қасиетті жерлерден алған әсерімді жамағатқа жеткізуге ниет еттім. Осы жол жазбам әлдекімдерге ой салып Алланың қалауымен болған қасиетті жерлерге бару ниетін тудырып, сол жерлерге барса соған себепші болып, сауапқа теңелуден де үмітсіз емеспін. Осы жылдың 24-ші мамырында Алматыдан таңғы алтыдан өте ұшып шыққан біз әуеде 3950 шақырымдай жол жүріп, Стамбул әуе жайына келіп қондық.
Умраның міндетті амалдарының бірі Ихрамға кіру осы қалада болды. Ихрам – екі бөлік таза ақ матадан тұратын, ешбір түймесі жоқ жамылғы деседе болады. Екі ракағат нәпіл намазы оқылып, «Ләббәйка Аллаһумма умратан...» деп басталатын талбия айту басталып, умра қажылығының басталғанын хабарлайды. Бұлт бүркеп жаңбыр жауып тұрған Стамбулда Ихрамға еніп, талбия айтуды бастауымызды жақсы ырымға баладық. Дұға тілек қабыл болатын уақыттың бірі әр тамшы жауынды жерге қондырып жатқан періштелердің шеруі кезеңі. Басқаны қайдам Алланың дидарын көруге ынтық жан ретінде бұл дүниемен Алланың қасиеті дарытқан жерлермен шекарасындағы умра қабыл болуы үшін атқарылар амалдарын дұрыс орындалмай қалама деген қорқынышпен, үмітпен қобалжу астасып Жиддаға аттанып кеттік. Үш сағаттай ұшып келген шағын қала өзінің ыстық ықыласымен қарсы алды. Меккеге баратын 70 шақырымдай жол Қызыл теңіздің жағасындағы далалық жерлерді қақ жарған таспадай тегіс жол қатпар-қатпар қара тасты тау шатқалдарына қарай созылып жатыр. Жол бойы жалаңаш жерді жапқан қалың шөп немесе бұта кездеспейді десе де болады. Күн бата бүкіл әлем мұсылмандарын тоғыстырған Мекке қаласының босағасынан аттадық. Жүгімізді он үш қабатты «Ал-Дана» қонақ үйіне қалдырып, Әл-Харам мешітіне бару үшін автобусқа келіп жайғастық. Ихрамға кіргеннен кейін тауаф жасау, Сафа мен Мәруаның арасында жүру, шаш алдырып барып Ихрамнан шығу бұл умраның негізгі шарты болып саналады. Осы амалдарды орындауға сіздің жол соқты болып шаршап шалдығуыңыз кедергі бола алмайды. Алланың шақыруын қабыл алып қажылық өтеген пенденің Алла сұрағаныңды береді деп сенген пенде шаршауды ұмытады. Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек Жәннат.
Дін тарихынан білетініміздей жәннаттағы Адам ата мен Хауа анамыз шайтанның азғыруына еріп тиым салған дәмнің дәмін татып қойғаны үшін жәннаттан қуылған-ды. Адам атамыз Цейлон аралығындағы (Шри-Ланка), ал Хауа анамыз Хиджаз жазығындағы Жиддаға түсірілген-ді. Періштелердің мадақ марапатымен жұмақтың жайлы өмірінен соң, жер бетінде қиын тіршілікпен жалғыздықтан жабырқау тапқан Адам атамыз Аллаға жалбарынып кешірім сұрай бастайды. Құлының тілегін естіген Жаратушымыздан: «О, Адам, жер бетіндегі Менің қасиетті жеріме Менің жайымды (үйімді) сал. Періштелер Байт әл-Мамурды айналып, тауаф еткендей сен де сол үйді айналып зікір етіп, таспих етсең, сені және сенің ұрпақтарыңның, Менің шақыруыммен келгендердің де күнәларын кешемін» – деген уақи келді. Жәбрейіл екеуі жер қазып Қағбаны салуға кірісті. Отыз адам көтере алмас алып тастардан періштелердің көмегімен үй салына бастады. Оған Синай, Любнан, Зайтун, Жуди және Хира тауларынын жеткізілген тастардан үй салынып біткенде Жәбрейіл Адам атамызды Арафат тауына алып келіп қажылық шарттарын үйретті. Осы жерде ұзақ жылдардан кейін Адам атамыз бен Хауа анамыз қайта қауышып, Муздалифа мен Меккеге оралып Қағбаны тауаф етті. Адамның кешірім сұрап Алланы пәктеп ұлықтауына Алланың жауабы болды: «О, Адам, мен сені кешірдім, осы жеткілікті ме?» - деді. Адам (ғ.с) мейірімді Жаратушы тағы да шамалап қоссаң, - деп тіледі.
– О, Адам, мен сені, менің үйіме келетін ұрпақтарыңды да кештім, – деді. Адам тағы да жарылқауды тілеген соң.
– Ей, Адам, Менің жердегі үйіме келгендерді де, келе алмағандардың атынан дұға еткен ұрпақтарының дұғасын қабыл етіп, оларды да кештім. Осы жеткілікті ме? Адам қанағаттанған сезіммен: «Хасби, хасби» осы жетеді, Раббым», – деді. Кейін Адам (ғ.с) қырық әлде жетпіс мәрте қажылық парызын өтеді. Міне, осы қасиетті Қағбаны жеті рет айналып өтіп, тауаф нәпіл намазын өтеу бізге де нәсіп болды.
Қағбаның бұрышында қара тас пен Ибрагим Махамы – Ибрагимнің аяғының ізі түскен екі тасқа ерекше назар аудару керек. Бұл жерлерде айтылатын дұғалар мен тасбихтер бұл жерде болған әрбір пенде куәлік беріп, Алланың алдында қажылық амалдарының оң жағынан болуына себепші болады. Қағбаға екі қолыңмен сүйеніп, маңдайыңды Қағбаға тақап тұрып тілек тілеу де Мұхаммедтен (ғ.с) қалған сүннет болып саналады. Жеті айналып жүріп әр бұрышында айтылатын дұғалардың да мәні ерекше. Тауаф Ибрагим Махамы артында тұрып екі ракағат Тауаф намазын оқумен аяқталады.
Меккедегі алғашқы күн
Автобусқа мініп он бес минуттық жолды еңсеріп, бесін намазын Әл-Харам мешітінде оқу үшін жолға шықтық. Қажылық сапардағы барлық мұсылман бес уақыт намазын осы мешітте оқуға асығып тұрады. Меккедегі Қағба орналасқан Әл-Харам мешітінде оқылған намаздың сауабы басқа мешіттерде оқылған намаздардың сауабынан жүз мың есе көп. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Үш мешіттен басқаға арнайы аттануға болмайды » – деген. Жер бетіндегі қасиетті саналатын бұл үш мешіт Месжид Әл-Харам, Мединадағы Әл-Месжид Әл – Нәбәуи – Пайғамбарымыздың мешіті Құдастағы Мәсжид Әл – Ақса.
Автобусқа мінгеннен бастап жауған нөсер жауын көшелерді ілезде су тасқынына айналдырып жіберді. Жаңбыр жауып тұрғанда дұға – тілектің қабыл болатынына иланған әрбір пенде қасиетті жерлерде жауын күндері көбірек дұға етеді. Әр нәрседен мұқтаж жаратылған, әлсіз Алланың құлының Жаратушысына көбірек жалбарынуы да Алла қош көретін ізгі амалдардың бірі.
Бесін намазын оқып болған соң әкем Байзақ Әбубәкірұлының атынан Қағбаны жеті рет айналып Тауаф етуге ниеттендім. Біз үшін парыз болған бұл амал, кеңестік жүйеде өскендер үшін перзенттік қарыз. Ата-аналарымыз құдайсыз қоғамның сарбаздары болды. Қоғам үшін адал еңбек етті. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ, ұрпақ өсірді, бізді оқытты қатарынан кем қылмауға тырысты. Атақ та, абырой да тапты, бірақ «Құдай жоқ» деп оқытқан қоғамда маңдайы сәждеге тиген жоқ, сөйтіп жүріп бақиға аттанды. Дін туралы түсінігі де, білімі де болмады. Артында қалған біздер олардың артынан умра етсек, тауаф сағи жасасақ, Алланың ризалығы үшін ата-анамыз, о дүниелік бауырларымыз кешу сұрасақ, Алла Адам атамызға уәде еткен кешірім бар екеніне иланып амал етсек керек.
Алланың жер бетіндегі қасиетті мекендеріне зиярат етудегі мақсатымыздың өзі осы емес пе? Ата-ана, бауырларымыздың атынан жасаған амалдарымыздың сауабын, мейірімі мол жаратушымыз бір мысқалын да кемітпей бізге де нәсіп ететіні бізге уәде етілген. Ендеше қасиетті жерлердегі көбірек ізгі амалдарға ұмтылуымыз содан болса керек-ті.
– Умра кезінде кешегі тауаф туралы кеңірек тоқталып сағи туралы айтып үлгірмедік. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып сағи жайлы әңгіменің тиегін ағытайық.
Қызғаныштың кесірінен Ибрагим (с.ғ.с) шөл далаға жары Ажар анамызбен ұлы Исмайлды қалдырып кетеді. Азық-түлігі, су таусылып, Сафа мен Мәруа төбесінің арасында, сағым қуып жүгіре бастайды. Алла бес уақыт намазда айтылатын Ибрагимге береке дарытқан айтулы оқиға осы кезде болып Исмайлдің өкшесі астынан Жәбрейіл періштенің көмегімен Алла Тағала су шығарады. Суды тоқтатпақ болған Ажар анамыздың әрекетінен соң бұл зәм-зәм суы аталып кеткен осы мекен қажылық шарттың бірі сағи жасауға себеп болған жер.
Сафа төбесіне көтеріліп қажылыққа ниет еткен жан қағбаға қарап серігі болмаған жалғыз құдірет иесіне мадақ айтып, өзіне, отбасына, туған-туыс, ел-жұртына дұға тілеп, Мәруа төбесіне беттейді. Осы аралықтағы 450 метр жерде көп дұға ете отырып, арасында жасыл белгіге жеткенде жүгіре басып Мәруаға жеткенде дұғасын қайталайды. Осылайша жеті рет сағи жасап болған соң сағи нәфіл намазын оқып барып, шашын алдырып ихрамнан шығады.
Қағбада Тауаф, Сафа мен Мәруаға сағи жасау кезінде осы жердегі қасиетті су зәм-зәмнан дәм татады. Зәм-зәм ішудің де өзіндік әдебі бар. Құбылаға қарап тұрып, зәм-зәм құйылған ыдысты оң қолға ұстап тұрып үш рет бөліп ішу. Су ішерде «бисмилла» мен бастап «әльхамдуллаһ» пен аяқтап тілек айтып ішу керек. Кімде-кім зәм-зәмді ішсе ол денедегі ауру мен күнәдан анадан жаңа туғандай болып тазаратындығына барлық тілектерінің қабыл болатындығына шын ниеттеніп ішеді.
Рамазан айының 24-ші күні Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Қажылық дегеніміз - Арафат (Әбу Дәуір әл-Термези) Жәннәттан түсірілген Адам атамыз бен Хауа анамыз қанша жылдан кейін қауышып, тілегі қабыл болған Арафат тауына барып тілек тілемеу, қажылықтың толық болмауына себепші болады. Міне, бүгін біз қасиетті орынға аттанып барамыз. Арафат тауына барар жолда Сәуір тауына аялдадық.
Қағбадан 4 шақырым жердегі Арафат тауына барар жолдың бойындағы биіктігі 458 метр бұл қасиетті тау Пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.ғ.с) мен Әбу Бәкір (р.а) екеуінің Меккеден Мединаға хижра еткенінде мүшіріктерден тығылып үш түн түнеген қасиетті мекен. Бұл мекендегі болған үш оқиғаны айтсақ та болар.
Біріншісі Әбу Бәкір Сыдықтық Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қауіпсіздігін ойлап үңгірге кіріп тазалап, реттеп жүргенде жылан шаққан аяғына Пайғамбарымыз түкірігін жаққанда жылан уы дарымай аяғының жазылып кетуі.
Екіншісі мүшіріктер үңгірдің аузына тоқылған өрмекшінің өрмегін, кептерлердің ұя басқанын көріп бұл жерге таяу арада адам аяғы баспағанына иланып кері қайту.
Үшіншісі Әбу Бәкір «Ия, Расуллаһ! Мен өзім үшін қорықпаймын, сізге бірдеңе бола ма деп қорқамын, сізге бір зиян келетін болса бүкіл үммет құриды, дін құлайды – дегенімде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Иә, Әбу Бәкір! Қорықпа күмәнсіз, Алла Тағала бізбен бірге» деген.
Көптеген қиындықты артқа тастап Пайғамбарлығы білдірілген Мұхаммед (с.ғ.с) 13 жылдан соң Милади 622 жылы Мединаға көшірумен 10 жылға созылатын Медина дәуірі басталған қасиетті мекен.
Міне, біз Арафат тауына да келіп жеттік. Арафат тауының басында тұрып Алладан тілек тілеудеміз. Арафат тауындағы алақанымыз тасқа күйіп, екі ракағат нәпіл намаз оқуымыз бәрі де Алланың разылығын алу үшін болған амалдар.
Шалғайда Алланың есебіне тартылар сәтті – Мақшар майданын елестетер мекен Арафатта тұрып дана Абайдың он бесінші қара сөзі «Егерде есті кісілердің қатарынан болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына айына бір, өзіңнен өзің есеп ал!... Өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күшіңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?»- деген сөзі еске түскені.
Иә, Алланы тану үшін өзіңді тануың керек. «Өзін өзі танымаған – Раббысын танымайды» (Ибн Араби). Сол үшін осы қасиетті Рамазан айында, ыстық Арафат тауында өзімізді тануға, ахиретке «бұл дүниеде не іс атқардық» деп есеп беру үшін келіп тұрмыз.
Алланың әмірі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұйрығы «әр пенде өзін өзі есепке тартсын. Ертең Алланың ахырет күнінде есебінен бұрын өзін өзінен есеп алуды бұйырған. Бізге берілген өмірдің әр сағатын қайда, қандай іске, берген байлығын қайда жұмсадық барлық нәрсенің ешбірін қалдырмай есепке алады. Осы Арафат тауында осы өмірге не үшін келдік, не тындырдық есебін беріп, Алладан қорқып, Алланың ахыреттегі жақсылығынан үміт етіп өзімізге бала-шаға, бауырларымызға, ауыл-аймағымыз, әулетімізге, елімізге екі дүниенің нығметін тілеу үшін келіп тұрмыз.
Өйткені, «Ей Арафатта тұрған Алланың құлдары сіздермен бірге болған құлдарымен мақтанады» деген Пайғамбарымыздың хабары бар. Бұл жердегі тілекті Алла қайтармауға уәде еткен құтты мекен бізге де нәсіп болып, Алладан кешірім сұрап, тілек дұға етудің сәтін түсірген Аллаға сансыз мадақ пен шүкіршілік болсын!»
Ораза айтының екінші күні
Таң намазының парызын өтемекке Медина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Мәсжид ән Нәбәуинге бет алдық, қонақ үйден таяқ тастам жердегі мешітке азан шақырылғанда шықсаң да намазға емін-еркін үлгіруге болады. Алтынмен апталған мешіт түні жарыққа шағылып жарқырай түсіпті. Күндіз ыстық күнге қалқа боларлық шатырлар түнде арнайы қондырғылардың көмегімен жиналып қалады. Күн шыға қайта ашылып мыңдаған жандарды көлеңкесіне пана етеді.
Медина мешітіне кірерде дұға оқып оң аяқпен аттап кіріп әуелі екі ракағат мешітке сәлем намазы оқылады. Одан соң барып парыз намаздары оқылады. Адамдардың көптігі сол Пайғамбарымыздың бақшасы «рауда шарифаға» намаз оқуға мүмкін болмады. Есесіне Пайғамбарымыздың қабіріне барып «әс-сәмәму алейку я Расуллаһ» деп салам берудің сәті түсті.
«Уа Алла! Оған Жәннәттағы биік орын және жоғары мәртебе берде, оның үмбеті үшін сауаптың ең абзалын жаза гөр» деп дұға етіп оның оң жағындағы Әбу Бәкірге, тағы жылжып Омарға сәлем берудің сәті түсті. Күнде бес уақыт намазында Адамзаттың асыл тәжі, екі дүниенің сардары Мұхаммед (с.ғ.с) салауат айтып, сәлем жолдап жүрген барша мұсылман үшін қабірін зиярат етіп, өзіне тікелей сәлем беру біле білген жанға Алланың нәсіп еткен ең зор нығметтерінің бірі, адам армандаған бақыт мекені. Сол нығметке бөленуге нәсіп еткен Аллаға сансыз мадақтар мен шүкірлік етіп, Пайғамбарымызға сәлем беру ахиретке оның шапағатына бөленуге үмітімізді еселей түсті. Дін ғұламалары өзіне сәлем берген, салауат еткен әрбір үмбетінің сәлемін естіп, біліп жататындығы жайлы айтылады. «Иә, білемін және олардың сәлемдеріне жауап беремін» деген Сүлейман бин Сухаймнан жеткізілген рауиятында.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мединаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін, ол екеуінен жақсырағымен ауыстырды ауыз ашар күн (ораза біткен күн) және құрбандық күн (Құрбан айты)» – деген Әнес ибн Мәлик. Кімде-кім осы ораза айты күні Мәдинеде болса ол Пайғамбарымыздың қонағы болып есептеледі. Бұл сапарда тағы бір Алланың нығметі міне, оның сүйікті құлы әрі елшісі – Мұхаммед (с.ғ.с) қонағы болудың сәті түсті. Мединаның шет жағындағы әйгілі құрма бағында болып Қазақстаннан барған қажылар шалған құрбандық түйенің етінен жасалған палау мен айт мерекесінің дастарханынан дәм татып, дұға-тілекте болдық.
Құрманың алуан түрі өсетін бұл бақ жайлы әлеуметтік желілердегі көңіліңіз де, көзіміз де тоятын әсемдікті сіздерге өздеріңізге көруге нәсіп болсын деген тілекпен әңгімемізді осы сапар жайлы әңгімемізбен жалғайық.
Осы сапар Ухуд тауына бару мұсылмандарға басшыға бағынбаудың қандай зардап әкелетіндігі насихат болған жерге бару міндетті болып саналады. Пайғамбарымызға Меккеде 3000 мүшіріктердің Мединеге соғыс ашуға келе жатқандары жайлы хабар жетеді. Соғыс тәсілдерін талқылау кезінде Ухуд тауы жанындағы Айнайын төбесіне 50 садақшыны қалдырып, Пайғамбарымыз: «Бізді арқамыздан қорғап отырыңдар. Бұл жерден ешқайда кетпеңдер», – деп қатаң тапсырма береді.
3000 адамдың мүшіріктерге жеті жүз ғана әскермен қарсы шыққан мұсылмандардың ислам діні мен Пайғамбарын қорғау жолында Шахид болуға дайын ержүрек жауынгерлердің екпініне шыдай алмай мүшіріктер бас сауғалап қаша бастайды. Жеңіске жеткен сахабалардың елу мергені Айнайын төбесін тастап жауды өкшелей қуып, олжа бөлісуге кірісіп те кетеді. Осы сәтті пайдаланып жау сахабалардың ту сыртынан қарсы соққы ұйымдастырып осы соғыста мұсылмандардың жетпіс адамнан, Расуллаһтың қорғаушысы болған Хамзадан айырылады.
Жетпіс Шахидтің жаны жай тапқан жерге барып он бір рет «Ықылас» сүресін оқып, сауапты іс атқарып әрі Құба мешітіне аттанып кеттік.
Қажылықтың әр сағатын, әр күнін Алланың назары түскен әр тау тасында Пайғамбарларымыздың табанының тарихқа таңбаланған табы бар қасиетті жерлерді аралап ізгі амалдар жасап үлгіру үшін тиімді пайдалануға тырысып бақтық.
Міне, қасиетті Хира тауы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қырық жасында Рамазан айының 17-і күні ең бірінші рет Ұлы Жаратушымыздың Жәбрейіл періште арқылы «Оқы» деп Алақ сүресінің алғашқы бес аяты түскен Нұр тауы. Ислам нұры әлемге шапағатын шашқан, «Сен менің жындар мен адамдарға жіберген Расулым» деп Алланың хабары жеткен жер.
Немесе Меккенің сыртындағы Худайбийа келісімі жасалған Мұхаммед (с.ғ.с) Хижреттің алтыншы жылы Меккеге Умраға ниет етіп келіп Меккедегі Әл харамға зиярат ете алмай жиырма күн аялдап, кейін бүкіл мұсылман қауымына қайырлы болған Худайбийа келісімі жасалған қасиетті мекеннен тағы бір умра өтемек болып Ихрамға енген жер.
Пайғамбарымыздың ахиреттен кейін он сегіз ай өткен соң Алладан аян болып бесін намазы кезінде Мұхаммед (с.ғ.с) Құдыстағы Әл-Ақса мешітіне қарап екі ракағатын оқыса, қалған екі ракағатын Меккедегі Әл-Харамды құбыла етіп оқыған қасиетті екі құбылалы мешіт.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Құба мешітінің жаяу да, көлікпен де зиярат етіп, онда екі ракағат намаз оқитын, Ибн Омардың риуаят етілген хадистегідей «Құба мешітіне келіп намаз оқыса, умраның сауабындай сауап алады» – делінген жерлерде амал етуге де мүмкіндік болды. Міне, Мекке мен Сырдың арасын жалғаған сапарымыз аяқталып, елге оралғанда, алған әсерімізді құрметті оқырманға жеткізуге мен де асықтым.
Жыбырлаған жәндік, өсімдік атаулыға ешбір зарар келтіріп алмауға, ауыздан шыққан әр сөзімізден күнә арқалап алмау үшін әр ісімізге өзіміз-өзімізге қарауыл қойып, амал етуге ниет еттік. Ниетіміз қабыл болғай. Сіздерге де осы амал нәсіп болғай.
Жұмабай Байзақұлы