Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕРЕҢӨЗЕК СЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

ТЕРЕҢӨЗЕК СЫРЫ ТЕРЕҢДЕ

Сырдария ауданы десек, негізінен бұрынғы Тереңөзек ауданы ойға оралады. Өйткені Тереңөзек ауданы 1926 жылы Қараөзек мал шаруашылығы ауданы негізінде құрылған еді. Сол тұста Қараөзек болысына 34 ауыл қараған. 1926 жылдың 15-17 ақпаны аралығында Қараөзек болысының съезі болған. Болыстықта 268 ер бала, 13 қыз, барлығы 271 оқушы оқыған. Қараөзек ауданы 1928 жылы 23 маусымында «Тереңөзек ауданы» деп аталып, Қараөзек болыстығы аудан құрамына енді. Аудан орталығы Тереңөзек теміржол стансасына орналасқан. Аудандық атқару комитеті құрылып, оған 21 ауылдық кеңес біріктірілген. Кейіннен оның саны 17 болды.
Қараөзек ауданының жері 8052 шаршы метр, солтүстік-батысында Қармақшы, солтүстік-шығысында Қарсақпай, оңтүстік-шығысында Қызылорда аудандарымен шектескен. Сол кезде 323 тұрғын мекендеп, 5169 шаруашылықта 24 730 тұрғын есепке алынған. Шаруашылықтарда 7603 жылқы, 9802 бас ірі қара 17 286 бас түйе, 40 553 бас қой-ешкі болған. Ауданға Тереңөзек, Қаракеткен, Қараөзек станциясы, Қараөзек ауданы қараған. Аудандағы ірі су көздері Қараөзек, Болтай, Талдыөзек, Малдыбай, Қаракөл, Шағырлыкөл, Қамыстыкөл, Тоқалөзек, Қопақкөл, Бидайкөл, т.б. көптеген көлдер, сай, өзектердің көп болғандығын аттарынан-ақ аңғарылады. Бұрынғы Тереңөзек ауданы жерінде 1867-1868 жылдан 1925-1926 жылға дейін болыстық құрылымдар болған Байзақ, Қараөзек, Шаған, Қышбөгет (Қосбөгет), Көткеншек, Қоғалы, Айнакөл болыстары бірде Қызылорда, бірде Тереңөзек ауданына қараған.
Болыстар мен ауылнайлар, билер үш жылға сайланып отырған. Патшалық кезеңде қазіргі Сырдария ауданы төңірегінде «Хан» және «Аламесек» бұратана мектебі болған. Оларда белгілі ұстаздар Досмағамбет Бөкеұлы (Букин), Омар Самаев, Бабабек Есенов, т.б. қиын жағдайда қазақ балаларының білім алуына көп еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар. Мысалы, «Аламесек» мектебінен Темірбек Жүргенов, Сәдуақас Баймаханов, Хамза Сарбасов, Бағлан Мұхтаров, Рақым Алшынбаев сияқты тұлғалы азаматтар шыққан. Ал Перовскідегі қалалық училище-мектепте оқыған Серікбай Бедебеков, Ермахан Өтетілеуов Тереңөзек ауданының өркендеп дамуына айтарлықтай үлес қосқандар. Әрірек кезеңге көз салсақ, Сырдария облысы 1924 жылы губернияға айналып, осы тұста Ақмешіт (Перовскі) уезіне 27 болыстық қараған. 1922 жылы 23 сәуірде Перовскі уезі «Ақмешіт уезі», Перовск қаласы «Ақмешіт қаласы» болып қайта аталды. Осы жылы Байзақ, Айнакөл болысының бір бөлігі Байзақ, Жалағаш, Тереңөзек болыстығы Қараөзек болысына қосылған.
1925 жылдың 19 сәуірінде Ақмешіт уезі Қызылорда болып аталды. Қараөзек болысының орталығы Қараөзектегі №2 ауыл болған. Қараөзек болысы 1928 жылы Қызылорда округына бағындырылған. 1928 жылдың 20 маусымында Қараөзек ауданы «Тереңөзек» болып аталған. 1930 жылдың 17 желтоқсандағы Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Қызылорда округы таратылып, Қызылорда ауданы болып қалып, Тереңөзек ауданы таратылды. 1932 жылдың 19 желтоқсан айында Тереңөзек ауданы құрылып, аудан құрамына Қармақшы, Қызылорда аудандарынан бірнеше ауылдар кірген. 1932 жылдың 26 қарашасындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Басқару комитетінің шешімімен Қызылорда ауданы екіге бөлінген. Жаңа құрылатын Тереңөзек ауданына мына ауылдық советтерге қараған: Аламесек орталығы – Аламесек, Қызылөзек орталығы – Дайратам, Қызылту орталығы – Қызылту, Бірінші май – Бірінші май колхозы, Тереңөзек орталығы – ст.Тереңөзек, Ақжарма орталығы – Ақжарма, Жалағаш орталығы – ст. Теміржол, Бостандық колхозы –Бостандық, Жәдігер орталығы – Жәдігер, Далакөл орталығы – Далакөл, Ленин жол орталығы – №42 ауыл, Комсомол орталығы – Сарыкөл, Еңбек орталығы – Аққошқар. Ал, 1934 жылы 19 тамызда аудан таратылып, оның жер аумағы, халқы Қармақшы мен Қызылорда аудандарына берілген. 1920 жылдың 2 шілдесіндегі Перовскі уезі кеңесінің №1085 шешімімен болыстық атқару комитеті құрылған (Тереңөзек ауданына). Оған Сабалақ болыс төрағасы – Өсеқор Есенғұров, Жалағаш төрағасы – Қожахмет Ілиясов, Базаққа – Бекжан Қайқиев, Айнакөлге – Әбен Аппазов, Аламесекке – Арыстан Мекішев, Қышбөгетке – Смағұл Бәрілбаев, Шағанға – Есжан Кенесаринов, Көткеншекке – Ермахан Құлмашив, Кеңтүпке – Ахмет Қожамұратов, Тереңөзекке – Қожамұрат Піржанов, Қараөзекке – Ибрай Сауранбаев, Қоғалыға –Шағдарбек Сражадинов сайланыпты.
1920 жылдың 20 сәуірдегі Перовскі революциялық комитетінің қаулысымен: Қараөзек болысының кейбір ауылдарын Тереңөзек болысына беру жайлы Тереңөзек болысына ауыстырылатын ауылдардың тізімі және ондағы шаңырақ иелері атап көрсетіліп, бір ауылдың бір бөлігі, кей тұтас ауыл Қараөзек пен Тереңөзек болыстығын қайта жасақтаған. Осында Бұзаукөл мекенін Қараөзек болысының №1 ауыл тұрғыны Сауранбай Құлмановқа, Қарабауыр, Соркөл, Маймақ, Қараөзек болыс­тығының №1 ауылының пайдалануына берілген. 1928-1929 жылдардан колхоз құрыла басталады. 1928 жылы Тереңөзек ауылдық кеңесіне қарасты «Бидайкөл» колхозы, Ақболтай ауылдық кеңесіне қарап, «Бостандық жолы», Жәдігер ауылдық кеңесіне Далакөл колхозын Тереңөзек ауылдық кеңесіне қарасты Қызылкөл, Құндызды ауылдық кеңесіне қарасты 1 май колхозы.
Қараөзек, Тереңөзек болыстық атқару комитетінен бұрын 1925 жылы Аламесек болыстық кеңесіне 42 ауыл қараған. Оның жартысына жуығы – қазіргі (2018 жыл) Тереңөзектің ауылдары.
1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша 1929 жылы Тереңөзек ауданының жер көлемі 9965 шаршы метр, 27, 137 адамды құрады. Ауыл шаруашылығында 24 616 адам, колхозға біріккен 11 654, совхозға 7606 адам кірген, 1 шаршы метрге орташа тығыздығы 2,5 адамнан келген. Осы жылдарда ауданда 20 колхоз, оның ішінде 19 артел, 1 тоз. Ауданда 369 соқа, мала 230, омега – 358, селка – 1, аттырма – 66. Сондай-ақ осы жылдарда мемлекетке ет, сүт, жүн өткізу көрсеткіштері де жазылған (мысал ретінде бірнеше ғана деректерді келтіріп отырмын.-Т.Д).
1927 жылғы арнайы қаулымен жер-жерде байларды тәркілеуге жоспар құрылады. Осы шешімнің негізінде Сырдария ауданынан оннан аса бай І-ІІ топқа жатқызылып, тәркіленген. Олар Ж.Нұржанов, Ш.Бисембаев, А.Нұрманов, С.Нұрмағамбетов, Қ.Нұрмағанбетов, Қ.Бұлғымбаев, К.Бек­бауов, Н.Жарасов, тағы басқалардың мал-мүлкі тәр­кі­леніп, өздері жер аударылған. Мысалы, Қыпшақбай Нұрмағанбетов Тереңөзек ауданының №2 ауылында тұрған. Оның 36 түйесі, 45 жылқысы, 1065 бас қой есепке алынса, оның туысы Сейіт Нұрмағамбетов те 3500 бас қой-ешкі, 100 жылқысы, 300 түйесі есепке алынған. Сондай-ақ оның 3 кілемі, 9 текемет, тағы басқа үй мүлкі ортаға алынған. Бесөзек ауылдық кеңесіне қарасты Талап, Еңбекші колхоздары Комсомол, Сталин, Тукөл, Қызыл жалау, т.б. колхоздар 1938 жылы, Ворошилов, Айнакөл, Ақарық, Аққұм, Көкжиде, Аманкелді 1939 жылы, Партияның ХVІІІ съезі 1940 жылы, Жамбыл 1938 жылы, Жаңа өріс 1939 жылы, Жаңарық 1936 жылы, Қарабөгет 1938 жылы, Карл Маркс 1939, Контонская Коммуна 1937, Қызылөзек 1936 жылы, Көкпая 1939 жылдары өз алдына колхоз болған. 1950 жылға дейін Тереңөзек ауданында 39 колхоз шаруашылығы жұмыс істеген. Жалпы 1924-1925 жылдардан бастап ауылдық кеңестер нөмірленген, ал 1937-1938 жылдардан бастап нөмірімен қатар ауылдық кеңестерге ат берілген. Мысалы, №22 ауыл Құндызды ауылдық кеңесі деген сияқты.
1938 жылдың қаңтар айында Қызылорда жеке облыс болып құрылды. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің жарлығымен Тереңөзек ауданы құрылып, оның құрамына: Қызылөзек, Қызылтекей, Жаңаауыл, Тереңөзек, Құндызды, Шолақарық, Ақбойдақ, Шіркейлі, Бесөзек, Жәдігер, Далакөл, Көкжиде, Ақжарма, Аламесек, Еңбек, Мәдениет, Бірінші май, Калинин – барлығы 18 ауылдық кеңес қараған. Кейіннен 1939 жылы Жалағаш ауданының құрылуына байланысты Еңбек, Мәдениет, Бірінші май, Калинин ауылдық кеңесі аудан құрамынан шықты. Тереңөзек аудандық бірінші партия конференциясы 1938 жылдың 7 майында өтеді. Оған шешуші дауысқа 34, кеңесші дауысқа 15 делегат сайланады. Бұрынғы Тереңөзек пен Сырдария ауданының жері бір-бірімен шекаралас өте жақын. Тереңөзек ауданымен екі рет қосылып, бірігіп отыр. КПСС Орталық комитетінің 1962 жылы қарашадағы қаулысымен өндірістік басқармалар құрылды. Осы шешімнің негізінде Сырдария өндірістік басқармасына бұрынғы Тереңөзек, Сырдария аудандары қараған, басқарма орталығы Тереңөзек кенті болды. 1966 жылдың 3 қазанында Қызылорда облыстық партия кеңес пен облыстық атқару комитетінің шешімдерімен олар жеке аудан болды. Орталығы Тасбөгет кенті болып Сырдария ауданы, орталығы Тереңөзек кенті болып Тереңөзек ауданы құрылды. Сырдария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Еламан Жүнісбаев, Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланған. Бұрын Тереңөзек ауданына қарап келген «Ақарық» пен «Аққұм» колхоздары 1963 жылы Жалағаш ауданына, ал Жалағаш ауданына қараған «Ақжарма» (Ильич) ауылы Тереңөзек ауданына берілді.
1962 жылы 9 шілдедегі Қазақ ССР Министрлер кеңесінің шешімімен Іңкәрдария қой совхозы, 26 шілдеде 1963 жылғы қаулысымен Тереңөзек, Ленин колхоздары бірігіп ХХІ партия съезі совхозы аталды. 1963 жылдың 4 мамыры №361 санды қаулымен Тереңөзек қой совхозы Қызылорда облысынан алынып, Қазақ Советнархозына берілген (бұл бұрынғы Қараөзек совхозы-Т.Д). 27 тамыздағы №683 санды қаулыға сәйкес, Сырдария өндірістік басқармасына Қараөзек, ХХІ партсьезд, 1 мамыр, Іңкәрдария совхозы қараған. Сонау 1929-30 жылдардағы колхоздар бірлесіп, совхозға айналса, бүгінде бәрі бір-бір ауыл. Аудан жері тарихи, мәдени ескерткіштерге толы аймақ. Жалағаш ауданымен шекарадағы Қорғаншы, Жент, Түгіскен және аудан жерінде Аңламас, Қарақасқа, Асанас, Қожжанқожа, Қалжан ахун, Бабай ишан, Құлболды, Мақтұмсейіт, Мүлкілан, Сырлытам, Бөріойнақ, Көксеңгір, Зекеттөбе, Мыңшоқы, Сағат талы, Адай сарайы, Тоқал өзек, Томарөткел сияқты жер атауларымен қатар Құлеке, Қосасар, Кіші асар, Қараасар сияқты тарихы тереңде жатқан қала-қорғандардың орындары сақталған. Сондай-ақ Қараөзек, Сауранбайдағы көпірлер, Шалбас, Көтібар мұнарасы, басқа да ескерткіштер ел мен жер тарихынан сыр шертеді. Аудан жеріндегі жер-су атауларына да қысқаша тоқталсам, Жолбарыс көл, Тереңөзек, Қараөзек, Қаракөл, Шайкөл, Құндызды, Қарабауыр, Маймақ, Әйтек, Соркөл, Ша­ғырлы, Бозкөл, тағы басқа да көлдер мен жарма каналдар бұрын да, бүгін де елге қызмет етуде. Тоқсан жыл ішінде аудан жұртшылығының басынан небір ауыр жағдайлар өткен. 1916 жылы әскердің тылдағы жұмысына адамдарды алу, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, 1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеу, 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін жылдарын, 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс өрті аудан халқының тұрмыс жағдайын әлсіретіп, азаматтар орнына қыз-келіншектер ауыр жұмысқа жегілді. Ел-халық мұны да жеңе білді. Сөйтіп, бейбіт өмір жолына көшкен ауданның экономикасы, әлеуметтік бейнесі мен мәдениеті, білімі дамыды. Бұрынғы Тереңөзек ауданының аса дәуірлеген жылдары 1970-1980 жылдар деуге болады. 1960-1961 жылдары үлкен мінберден сөз сөйлеген одақтың бірінші басшысы болған Н.С.Хрущевтің «1980 жылғы елімізде коммунизмді орнатамыз» деген сөзі сол тұстағы адамдардың жадында. Сол бір Хрущев айтқан коммунизм елімізде орнамаса да елдің дәуірлеп, халықтың мамыражай өмір кешкен тұстары болғаны шындық. Ауданда 1978 жылы егілген 1700 гектар күріштің әр гектарынан 50,3 центнерден өнім алынып, биік көрсеткіштерге қол жеткізді. Шіркейлі совхозы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше еңбек адамдары «Ленин» орденімен наградталғаны, «Мемлекеттік сыйлықтың» иегері болғанын көзіміз көрді. Осы жылдарда даңқты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары көбейді. Олардың қатарында Нәзира Сейсенова, Балдырған Мұстапаева, Алтынай Адаева, Бексұлу Синуева, Күләш Әсімова, Райкүл Жалғасбаева, тағы басқалар озып шықты. 1947 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болған сауыншы Зәйпін Жүнісбаева, Қатира Мыханова, т.т. Ауданда 3 мәдениет үйі, бір қызыл отау, 12 клуб, 11 автоклуб, 27 кітапхана, 23 киноқондырғы, 16 мектеп, бір балалар спорты, 2 әуез мектебі және бір кешкі жас­тар мектебі жұмыс істеді. Сондай-ақ аудан орталығы мен ауылдарда халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін орындар жұртшылыққа қызмет атқарды.
1991 жылдың аяғына таман бұрынғы Кеңес одағы тарап, осы жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданып, «16 желтоқсан күні – Тәуелсіздік күні» деп жариялады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында мемлекеттік құрылымдар өзгеріске түсті. Әр түрлі дәрежедегі әкімдік жүйе 1992 жылдан бастап қолданысқа түсіп, бүгінде сол жүйемен жұмыстар атқарылып келеді. Сырдария ауданының (біріккен) 90 жылдығында ауданды басқарған, аудан жерінде бұрын өмір сүрген тұлғалар, Сыр сүлейлерін жалғастырушыларды да атап өткім келеді. Күдері, Таспақожа, Палман шайыр, Палауқыз, Қуаныш Баймағамбетов, Әбділдә Тәжібаев, Асқар-Әлішер Тоқмағамбетовтер, Сейіл Дұрысұлы, атақты Қаңлы Жүсіп пен Нақыпқожа, Тапал, Садық, Қалжан, Бәймен, Алтайбек ахундар, Сайыпназар, Қожанқожа, Мүлкілан, Мақсұм Сейіт әулиелер, Басапа ишан, Шүңірек, Әбдіхалық, Құрақ, Аңламас, Түлкібас, Қодар, Қыстаубай, Жанғабыл батырлармен қатар Апбаз, Мырқы, Нұреке, Шортанбай, Тұрым, Мұңайтпас, Медетбай, Сауранбай, Есет Төлепұлы, Ақберген, Бақтыбай, Тоқтамыс, Ешмұрат, Бәлдік (әрі бай), т.б. өзінің билік шешімдерімен көзге түскендер (бұлардың саны көп.-Т.Д). Кеңестік кезеңде білімі мен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен тұғырлы тұлғалар Иса Тоқтыбаев, Нұрмағамбет Мұратбаев, Жүсіпбек Басығарин, Арбап Сарынов, Ыбырайым Тәжиев, Сара Есова, Жүсіпбек Арыстанов, Ағаділ Құрманбаев, Байқадам Қашқынбаев, Абдолла Ағайдарұлы, Оспан Абдулпаттаев, Рахым Алшынбаевтар алғашқы ұстаздар қатарында. Әсіресе есімі бүкіл Орта Азияға белгілі Сералы Лапиндер мен Қоңырқожа Қожықов, ағайынды Айзоновтар мен Букиндер Сырдария ауданындағы оқу-ағарту саласын басқарып, қаншама шәкірттерді ұшырды. Ауданды басқарған азаматтардың қай-қайсысы да ауданның өсіп-өркендеуіне хал-қадірінше қызмет етті. Алғаш ауданды басқарғандар (Тереңөзек) – Ысқақ Байжиенов, Әбді Найзабаев, Асқар Бекбаев, Әуезхан Қайнарбаев. Олардан кейін қаншама азаматтар тер төгіп қызмет жасады. Яғни буын алмасып, жалғасын тауып жатты. ХХ ғасырдың 1960-90 жылдардың басында аудан басқарған Нұрқасым Бердіқұлов, Еламан Жүнісбаев, Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Нәлқожа Ергешбаев, Алмагүл Божанова, тағы басқалардың елді басқарған елеулі істерін аудан жұртшылығы ұмытпақ емес. Себебі олар жасаған игі істердің іздері сайрап жатыр.
1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыста асқан ерлік көрсеткен Нағи Ілиясов, Жаппасбай Нұрсейітов Кеңес Одағының батыры атанса, еңбекте еңбегі тасыған диқандар Керейтбай Дүйсенбаев, Күланда Әбдіраманова, Қасым Бадеев, Ибадулла Ақниязов, Балдырған Мұстапаева, Ахмет Халықов, тағы басқалары орден тағып, абырой биігінен көрінді. Қоғам және мемлекет қайраткері болған Бегайдар Жүсіпов, Садық Нұрмағамбетов, Ернияз Омаров, Сейіткерей Усабаев, Әлмағанбет Дайыров, Қасым Шәріпов, Ахметжан Жанпейісов, Сейілбек Шаухаманов, Сейітсұлтан Әйімбетов, т.б. болып жалғасады. Күндебай Алдоңғаров, Рахмет Мәзқожаев, Есбатыр Жұмабаев, Нұрхан Жанаев, Сейфулла Оспанов, Жадыра Дәрібаева, күйшілер Досжан Құрақұлы, Сламбек Ысқақов, сазгер Рамазан Тайманов, атақты әртіс Сабира Майқанова, Сұлтан Байсұлтанов, ақындар Қанапия Дәрібаев, Қаржаубай Омаров, Сақтаған Есмаханов, Мұхтар Сақтапов, Ибрагим Исаев, Әскербек Рақымбеков, Нышан жырау, Қайырбек Асанов, Мұхаммедияр Жабағиев, Замеддин Ибадуллаев, Балашбек Шағыров, Кенжеқожа Құлмырзаев, Әмір-Темір Хұсейн, Төлепберген Тобағабылов, Келдібай Уәйісұлы. Осынау таланттардың басында Ұлбике ақын, Күдері мен Таспақожа – осылардың тікелей ұрпағы болып табылатын көрнекті драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбіраш Жәмішевтер нағыз талант иелері болды. Кезінде КСРО мен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне халық қалаулылары болып сайланған депутаттар Сәрсенкүл Жұманазарова, Жаңбырбай Қожауов, Назира Сисенова, Қозтай Әбуов, Күләш Әсімова, Күлжан Әуезова, Зәйпін Жүнісбаева, Райкүл Жалғасбаева, Қыдырқожа Майлықожаев, Қызкенже Пірімова, Бексұлу Синаева, Арыстан Үрістемов, Рабиға Үздіқұловалар. Мемлекеттік сыйлықты – 4 адам, Социалистік Еңбек Ері атағын – 2 адам, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттығына – 4 адам, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер (қайраткер) 30-ға жуық, Жастар сыйлығының иегері – 4 адам алған.
1926-1928 жылдары басы Қараөзек болысы атқару комитетінен бастап, ауданның бірінші басшы қызметтерін 50-ге жуық азамат басқарған. Оның ішінде 1991-1997 жылдар аралығында республикада аудан әкімі болған бірінші әйел – Алмагүл Божанова еді. Аудан тарихында тағы бір жайт 1963-1975 жылдар аралығында Сырдария (Тереңөзек) ауданын Қонысбек Төрешұлы Қазантаев басқарса, 35-40 жылдан кейін Қонекеңнің кенже ұлы Ғанибек Қазантаев аудан әкімі болып, әке жолын жалғастыруда. Колхоз, совхоз құрылысының білгір басшылары болған. Оспан Мәлібаев, Жаңабай Азаматов, Алдаберген Бисенов, Нағи Ілиясов, Шамахан Құндызбаев, олардың ізін ала Әділ Атахаев, Нұрман Жұндабеков, Аппаз Кәмішов, Бақыт Мыханов, Қожабек Дәдікбаевтардың еңбектері ел есінде.
1997 жылы жоғары ұйымдардың шешімімен Сырдария ауданы таратылып, оның бір бөлігі Қызылорда қаласына, екінші бөлігі, атап айтқанда Айдарлы, Амангелді, Жетікөл, Бесарық, Қоғалыкөл ауылы атауы Сырдария аталған бұрынғы Тереңөзек ауданына қосылды. 1993 жылы Қызылорда облыстық атқару комитетінің қаулысымен Қараөзек совхозы әуелде Құмкөл кенішіне, кейіннен Қызылорда қаласының әкімшілік қарамағына берілді. Аудан жетістіктерін тізбелеп жатпай-ақ бір ғана күріштің өсуін қарайық. 1926-1928 жылдары 83 гектар жерге күріш егілсе, 2016 жылы 18360 гектар күріштен 104 мың 214 тонна ақ күріш алынса, әр гектарға есептегенде 56,7 центнерден өнім келген. Бұл деген сөз кеңестік кезеңдегі көрсеткіштерден асып түсті.
Аудан тарихын қорытындылай келе, ақын, журналист Келдібай Уәйісұлының «Тереңөзек туралы» толғауынан үзінді келтірмекпін (Толғау идеясын осы жолдардың авторы, 1993 жылы берген-ді).
… Тереңөзек – Айманкүлдей дүлдүлмен
Қырғи тілді Асқар ақын ауылы.
Таланттардың мекені деп тамсанып,
Дос марқаяр, қонақ кетер, ән салып.
Тереңөзек мауқын басар ілуде,
Тәжібаев Әбілданы қарсы алып.
Қалтайы бар, Әбілмәжін, Әбдіраш,
Жадыра мен Нұрханы бар сөзі нәш, – деп басқа да Тереңөзектік ақын-жырауларды жырға қосқан-ды. Отставкадағы генерал Айтбай Әлібаев пен ҚР Жоғарғы сотының төрағасы, генерал Жақып Қажыманұлы Асанов – ел мақтанышы, аудан тумасы.
Аудан 90 жылында тоғыз емес, 90 тарау өмірден өтті. Бүгінде табысы артып, мәдениет, білім мен өнері, спорты дамыған, көркейіп кемелденген Сырдария ауданы алдағы уақыттарда биіктерден көрінеді деген сенімдемін.

Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші, этнограф
20 шілде 2019 ж. 1 815 0