Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛАМ МЕН ҚАҒАЗ

ҚАЛАМ МЕН ҚАҒАЗ

Желтоқсан айының отызыншы жұлдызы, сенбі болатын. Қар жауып тұр. Құтырған желдің үйіріп соққаны соншалық қар жапалақтары ұйытқып, дала астан-кестең болды. Тіпті өзіңнің қолыңды да көру мүмкін емес еді. Осы жердегі каналдардың бірінде жұмыс істейтін Вард Клейн шлюзге күркіреп құйып жатқан қара тұнық суға мұңлы көзбен қарап тұрды. Оның жасы отызда. Осы бір тар, қорқынышты шлюздің жиегімен қаннен-қаперсіз бір адам келе жатты. Ол Вардпен қатарласа бере сәл кідірді, сосын аяғының астындағы сарқырамаға қарады да ұсыныс айтты:
– Достым, барып бір-бір стақан арша арағынан тартсақ қайтеді.
Вард өзі де осыны армандап келе жатқан. Бұлар «Өзеннің арғы беті» деп аталатын трактирдің ішінде ішіп тұрды, кенет әлгі бейтаныстың қожайыннан қалам мен қағаз сұрағанын құлағы шалып қалды.
Вард стақаннан тағы бір жұтым ішті де, әлгі адамды бақылап тұрды. Бұл адам қағазға бірдемелерді шимайлап жазып жатыр. Содан кейін ол қағазды мұқият төртке бүктеді де, Вардқа ұсынды. Вард әріп танымайтын, бірақ мұны мойындағысы келмейтін. Сондықтан да бүктелеген қағазды үнсіз қалтасына сала салды. Трактир қожайыны ар жақтағы бөлмелердің біріне кіріп кеткен кезде бейтаныс былай деді:
– Міне, менің трубкамды алыңыз... Ал егер жұмыссыз болсаңыз, ертең мені тауып алыңыз. Тауып алсаңыз екі франк аласыз.
Вард ештеңе түсінбей оған қадала қарады, бірақ осы кезде қожайын келіп қалды да босаған стақандарды қайтадан құйды. Бұлар қайтадан іше бастады. Бейтаныс есеп айырысуы үшін қолын қалтасына салып бірнеше монеталарды шығарып, санамастан үстел үстіне аудара салды. Сосын ешкімді Жаңа жылмен құттықтамастан үнсіз шығып кетті.
– Бұл кім өзі, неғылған адам? – деп сұрады Вард қожайыннан. Ол жауап орнына иығын қиқаң еткізді. Оның білуінше бұл адамның тегі Поннет, бірақ не істейтінін, қай жерде тұратынын білмейтін болып шықты. Тағы бірдеме демекші болып еді, осы кезде есік айқара ашылды да ішке қар құйынымен қоса, Аоде Спан кіріп келді. Ол үрейлі дауыспен айқай салды:
– Тезірек, жаңа ғана осында болған адам суға секіріп кетті...
Мүрдені қар араласқан судан алу қиынға соқты. Вард Клейн кеуде тұсындағы қалтасынан бүктелген қағазды суырып алды да, осы жерге шақырылған полицейге ұсынды. Онда былай деп жазылыпты: «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!».

Бақтияр МЫРЗАШ
02 шілде 2019 ж. 1 129 0