АУДАН МЕРЕЙІН АСЫРДЫ
«Бірлігі мықты ел болса, барлығы бауыр болады,
Отқа иелік болмаса, жеріңді өрт шалады.
Әділ билік болмаса, халқыңды дерт алады» – деген қанатты сөздері қазіргі кезде де өзектілігін, өміршеңдігін жойған жоқ. Әр мемлекет өзіндік құндылықтары мен мемлекеттік басқару тетіктерін анықтау, оны жүзеге асыру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізе алады. Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін ең біріншіден барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажеттілігі туралы талаптар басты назарда болды. Өйткені, еліміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Жалпы, аудан бойынша бүгінде 148 мемлекеттік қызметші еңбек етсе, оның 59-ы қыз-келіншектер. Сала мамандары халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болуы қажет. Олар елдің мүддесін бірінші қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Міне, осы аталған қасиеттерді бойына сіңіріп, ел үшін абыройлы қызмет атқарып жүрген мамандардың бірі жақында ғана облыстық «Мемлекеттік қызмет аруы» байқауында бас жүлдені иеленіп, аудан мерейін асырған Әйкерім Нұрланқызы. Ол бүгінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы. Аудан намысын қорғап, байқаудан жеңіспен оралған ару қыз тәуелсіздіктің төл құрдасы. Бір емес бірнеше мамандықтың қыр-сырын меңгерген, қос дипломның иегері. Тағдыр тауқыметімен ата-анасынан ерте айырылса да, мойымай өмірге кірпіш болып қаланды. 2009 жылы алғаш еңбек жолын бастаған қайсар қыз инспектордан бас маман дәрежесіне дейін өсіп, беделді қызметкер атанды. Екі бірдей қызғалдақтай қыздарын тәрбиелеп отырған отанасының жары да спорт саласынан алыс емес. Жары волейболдан аудандық құраманың жаттықтырушысы.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған нәтижелі реформалар жүргізіліп, жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы халыққа қызмет етудің сапасы жақсартылуда.
«Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпасақ, мансапқорлық көрсетпей неғұрлым халыққа жақын болсақ, әр істе әділ болып, алдымызға келген адамның мұң-мұқтажына құлақ түріп, қолымыздан келгенше орыдау – біздің парымыз. Сонда атқарушы орган қарапайым халыққа жақын болады», – деп аяқтаған Әйкерімнің сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс деп білеміз.
Майя ҚОЖАБАЙ