Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерткіш тақта ашылды

Ескерткіш тақта ашылды

Таң азанымен сабаққа бара жатқан бір топ бала иығына сөмкесін арқалап, көше бойымен мектепке қарай бет алды. Ауылға кіреберіс тұста жаңадан салынған көпір халық игілігіне жарап тұрған шақ. Теріскей беттен жүйткіген көлік келе жатты. Көпірден асқан мезетте кенет тежегішті басып, тоқтай қалған көліктен екі жолаушы түсті. Олардың бірі:
– Айналайын, шырақтарым, амансыңдар ма? Қай көшенің батырларысыңдар? – деді.
Бөтен адамға жатырқай қараған балалар:
– Аманбыз, көке! Қапталда орналасқан Күлжан Әуезованың көшесінде тұрамыз, – деді шулай айқайлап.
– Әй, жарықтық десейші. Ол кісінің еңбегін әкем айтып отырушы еді. Нағыз даңғайыр сауыншы екенін білетінбіз.
– Иә, бізге де атамыз батыр ананың жүріп өткен жолын жеткізіп отырушы еді.
– Дұрыс екен. Не тұрыс. Ауылға қарай аяңдайық...
Осылайша, сауыншы Күлжан Әуезованың атын­дағы көше бойында тоқтаусыз тіршілік жүріп жатты. Талай тынымсыз күйде жазық даланың жазирасына айналған ана болмысы көпшілік есінде мәңгілік сақтаулы. «Жақсының аты өлмейді» демекші, Бесарық ауылының жұртшылығы батыр ананың өткен ғасырдағы табанды қайраткерлігін кеңінен насихаттап келеді. Биыл туылғанына тоқсан жыл толған Күлжан Әуезованың тұлғалық қасиеті ерекше. Шежіреге толы жылдар желісінде жарқын істерімен күллі Одаққа танылған қарапайым сауыншының өмірі кейінгіге үлгі-өнеге.
Бұрнағы күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Батыр Ана» Күлжан Әуезованың туғанына тоқсан жыл толуына орай еске алу шарасы аясында ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Шараны аудан әкімінің кеңесшісі Б.Өтегенова ашып, заманында ел көлемінде көпшілікке танылған Күлжан Әуезова хақында мол мағлұмат берді. Қашанда берекесі тасыған ауыл халқымен бірге жасасқан сауыншы ғұмырының жарқын өмірін тілге тиек етті. Талай марапат төрінен көрініп, ауыл атын шығарған еңбекқорлығын, қарапайымдылығын, ауыл әйеліне тән қасиетін айтты. Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Е.Уайс сөз алып, ұрпақ­тар сабақтастығы мән­ді жалғасын тапқан уа­қыт­та тамыры терең, өнегелі Жұман әулетінің ота­насы Күлжан Әуезованың есімі қайта жаңғырып жатқандығын жеткізді. Бесарық ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Ақжігітов те құндақтаулы ауыл бесігінен аты аңызға айналған адуынды тұлғалардың шыққанын атап өтті. Оның ішінде, өткен ғасыр қойнауына тарих болып енген Батыр ананың өнегелі өмірін, толассыз еңбегін тізбектеп берді. Ескерткіш тақтаны ашу құрметіне «Қазақстанның Журналистер Одағының сыйлығы» иегері журналист Ө.Жаппархан бастаған шара қонақтары ие болды.
Жалпы алғанда, адамның мәңгілік жасайтын бір ғана құндылығы ұрпағына қалдырған мол өнегесі, өшпес ізі. Ендігі жерде көше бойынан арлы-берлі күніне жүздеген халық жүріп өтетін болады. Келешек сол көшенің талантты ұл-қыздары Күлжан Әуезованың бағындырған белесінен көрініп, ізгі жолын жалғамақ.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 маусым 2019 ж. 1 188 0