Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Гүлдермен» аты шыққан

«Гүлдермен» аты шыққан

Қазақстандық көптеген аға буын өнерпаздардың өмірбаянын қарайтын болсақ, өнер әлеміндегі жолдары «Гүлдер» ансамблінің құрамына қабылданғаннан кейін ашыла бастағанын байқауға болады. Әлбетте, бір сахнада эстрадалық орындаушылар да, бишілер де, сонымен бірге ерекше жанр әртістері де өнер көрсеткен жалғыз құрамның әлемде теңдесі жоқ еді.
1969 жылы құрылған «Гүлдер» ансамблінің атағы сол кездері Қазақстанда ғана емес, бүткіл Кеңес Одағында дүркіреп тұрған. Оның құрамына қабылдану, өнер биігіне шығуды армандаған әрбір жастың басты мақсаты еді. «Гүлдер» ансамблінің сахнасында өнер көрсеткен өнерпаз ертеңінде жұлдыз болып оянатын. Қазақ өнерінің қайраткері Гүлжихан Қалиқызы бастаған зиялылардың бастамасымен дүниеге келген «Гүлдер» ансамблін – қазақ эстрадасының жанры ретінде қалыптасып, дамуына кәсіби үлес қосқан, мәдениетіміздің тарихи бір бөлшегі деуге болады. Бүгінде аты аңызға айналған қазақ эстрадасының күллі маңдай алды дарындарына жолдама берген дәстүрлі өнер мектебі. Осы мектептен талай өнер жұлдыздары түлеп ұшып, Қазақ елінің атақты әртістеріне айналды. Солардың бірі де бірегейі біздің жерлесіміз «Аман бол, ағаларым!» деп ән шырқаған – Бақтияр Тайлақтаев. Кезінде «Гүлдер» ансамблімен атағы алты Алашқа танымал болған ҚР Еңбек сіңірген әртісінің сахнада жүргеніне биыл 40 жыл толып отыр. Осы айтулы датаны жақында Шіркейлі ауылының мәдениет үйінде атап өтті.
Тамырын тереңге жайған «Гүлдерді» басқарып, талай жас өнерпазды сахнаға қанаттандырған мерей той иесі биыл 60 жасқа толды. Аудан әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстаған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ел ағасына мықты денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. Мерейтойлық кеште эстрада жұлдызы Асхат Тарғын өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді. Мұнымен қоса, ауыл әкімі Т.Құламқадіров және «Мади Қажы» ЖШС төрағасы С.Сұлтанов сөз сөйлеп, көрермен атынан алғыстарын жеткізді.

Майя ҚОЖАБАЙ
28 мамыр 2019 ж. 883 0