Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Селк ете қалды...

Селк ете қалды...

 – Әй, қатының қайда, өзің ғана бармақсың ба? – деді кіші ағама құрдасы Кенжеғали. Шамасы бір жерге жиналған болуы керек.
– Жоқ, қатын бармайды, кейінірек, артымнан келер, – деп жауап қайырды ағам да.
Бұл әңгімеден біз нені байқаймыз? Бағанадан бері «қатын» сөзін айтып келіп, «неге әйелің немесе келіншегің деп жұмсартып айтпасқа?» деген ой менде де болған. Бірақ ауылдық жерде осы сөз үйреншікті болып кеткен. Қатынды айтамын да. Әйтпесе, біздің қоғамда біреу «қатын» десе, ол адамның ит терісін басына қаптап, «мәдениетсіз» қылып шығаратынымыз тағы бар.
Қазақтың жазушысы, әйел, ана тақырыбында көп қалам тербеген Ғабит Мүсірепов былай дейді: «Қазақтың қуатты сөздерінің бәрі «қ» әрпінен басталады».  Енді анықтап қарасаңыз, «қазақ»,  «қыз»,  «қымыз», «қатын» деген сөздердің өзі айрықша естіледі. Мысалы, күнделікті қайталанып жүрген «жаным», «күнімді» айтып, «келіншегім», «жан жарым» деп еркелеткеніңмен, пәлендей әсер ете қоятынына мен-ақ кепіл болайын. Ал енді сіз «әй, қатын» деші. Селк ете қалады. Неге? Себебі, ол сөздің тұла бойы тұнып тұрған қуатты энергия. Күлкілі болуы мүмкін, бірақ, шындығы осы.

Сүзіліп қарап сыраға...
Әгараки, сіз біздің қалаға келсеңіз, қадам басқан жеріңізден қаптаған сыра дүкендеріне кезігесіз. Рас айтам. Бокалға шөліңіз қанбаса, бөшкелеп қотаруыңызға болады.
Әне бір бұрышта үлкен апа айран мен қатық сатып тұр. Жалтақ-жалтақ жанағына қарайтыны беп-белгілі. Сірә, жалаңдаған көп тексерістен мезі болған-ау. Айран ішкісі келген адам көрмедім, ал сыраға сүзіліп қарайтындар көп...

Дүбәра
Бір пәлсапа соғайын. Есіткенім ғой. Баяғыда дейді, бір қарға көршісі көгершінге қатты қызығыпты. Қызыққаны сондағы, көгершіннің әдемі қимылы, ұшуы, сұлу жүрісі көрінеді. Әлгі қарға "ойпырмай, Құдекең бар тамаша үйлесімділікті көгершінге беріпті де, бізді жарытпай, бейшара күйде қалдырғаны ма?" деп ішқұса болса керек. Содан не керек, өзі де көгершінге ұқсауға тырысып, солай ұшып, солай қонып, солай жүрсе керек. Бірақ, қанша тырысса да, көгершін бола алмаған. Бір қызығы, "қой, өзімнің бұрынғы жүрісім мен ұшып-қонуым дұрыс болар" десе де, өз жүрісі мен қимылын ұмытып қапты. Не көгершін, не қарға емес. Дүбәра!
Не айтқысы келді демеңіз. Демалыс болған соң, үйде теледидар қарайсың. Ұлттық арнадан Сәкен Майғазиев жүргізетін "Беу" деп аталатын бағдарламаға "Жүзім" деген атауы бар, әнші қыздардан құралған топ келді. Сұлу көрсе сұқтанатын бір сыныптасым айтпақшы, "бұны жүзім дейді, бір-бірлеп үзіп жейді" дейтініндей екен, бірақ, сұлулардың киім үлгісін айтпаймын, ол белгілі, ал шаштары қызылды-жасылды екен. Маған ұнамағаны да сол. Бұрын қара шашты арулардың бастары неге жасыл, көк, сары, менің тілім келе бермейтін "пиалетібии" түске боялып кеткен? Бұл кәріс пен батысқа еліктеушілік пе? Әлгі, «хип-хоп» дегеннің біздің елдегі түрі осы шығар. Айтпақшы, сізге жоғарыдағы "Қарға мен көгершін" мысалы енді түсінікті болып келе жатқан шығар, иә?! Сол мысалдағыдай, «қазақи болмысын осындай арзан жылтырақтарға ауыстырған біздің ұл мен қыздың кейінгі жайы әлгі қарға сияқты болып жүрмей ме?» деген ой санаңда жылт ете қалады. Рас қой. "Басқа болма, өзің бол" дейтін тәрбие қайда кеткен?!

Ержан СОЙЫРҚАС
02 маусым 2019 ж. 1 013 0