Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік көңілінен шыққан фельдшер

Көпшілік көңілінен шыққан фельдшер

Денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек ету жауапкершілігі  мол жанның ғана қолынан келетін іс екені анық. Өйткені, ақ халатты абзал жандар тәулігіне бірнеше мәрте түрлі сын-қатерлермен бетпе-бет кездеседі. Олар үшін басты міндет науқасты емдеу және аурудың алдын алу болып табылады.
Денсаулық  сақтау саласында еңбек ететін жас маман Гүлжазира Асанова қашан көрсеңде ізденіс үстінде жүреді.Тапсырылған жұмысқа тиянақтылықпен қарайтын оның жұмысқа деген құлшынысы да ерекше. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ  медицина саласында еңбек етуді армандаған.Бала күнгі асқаралы армандары мақсаты айқын бойжеткеннің маман болып қалыптасуына тікелей әсер етті деуге де толық негіз бар.
Гүлжазира Есенбайқызы аудан орталығындағы іргелі білім ордасы саналатын №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі.Білім ошағын 2010 жылы тәмамдаған ол сол жылы Қызылорда қаласындағы медицина колледжіне  оқуға түседі. Арнаулы орта білім беретін оқу орынында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқып, тәжірибесі мол ұстаздардан сабақ алады. Студент атанған тұста мамандық бойынша сапалы білім алумен қатар, түрлі қоғамдық –саяси шаралардың белсенді қатысушысына айналады. Бұл туралы еңбекқор жанның өзі былайша ой түйіндейді:
-  Халқымызда «Еңбектенген жанның еңсесі биік» деген қанатты сөз бар.Міне, осы мәтел менің өмірлік ұстанымым. Кішкентай кезімізден бастап әкем мен анам адал еңбек етуге, игілікті істерді атқаруға және қолдан келгенше мұқтаж жанға көмектесуге баулыды. Отбасында көрген тәлімді тәрбием өмірдегі жарқын жетістіктерді бағындыруыма жол ашты.Бала күнімнен медицина саласының маманы атануды армандадым.Қазір бұл арманым орындалып, аудандық емханада еңбек етіп жатырмын,-дейді мамандығын мақтаныш санайтын жас.
Иә, «Талабы биік тұғырға көтеріледі» демекші  биік мақсаттарға ұмтылған Гүлжазира Есенбайқызы алғашқы еңбек жолын ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылынан бастаған. 2000-ға жуықтұрғыны бар елді мекендегіфельдшерлік-акушерлік  бекетінде меңгерушілік қызмет атқарған ол әдегеннен-ақ, тұрғындардыңкөңілінен шыққан. Күн-түн демей науқастардың  хәл-жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасаған маман туралы ауыл әкімі Мақсұт  Қаратаев та оң көзқараста.
-  Бүгінгі заман талабы жоғары  екені белгілі.Халықтың қажеттілігін орындау аса білімділікті талап етеді. Жасыратыны жоқ , ауыл халқы сапалы медициналық  қызметке зәру. Осы ретте, жас болса да өзінің ізденімпаздығыменталайды, тәнті еткен маман Гүлжазира Асанованың еңбегі ерекше.Ол алғаш жұмысқа орналасқан күннен бастап қоғам мүшелерімен етене араласып, тың серпінмен келді.Елді мекенде ұйымдастырылған түрлі іс-шаралардың  да белсенді қатысушысы атанды.Түрлі деңгейде акция, дөңгелек үстелдердің өтуіне үлес қосып, денсаулық сақтау саласы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асуы жолында да еңбек етті,-дейді  ауыл әкімі.
Аз ғана уақыттың ішінде елді мекен тұрғындарының ризашылығын алып, жұмысында жарқын жетістіктерге жеткен маман былтырғы жылы аудандық емханада медстатист қызметіне орналасады.Орталықтағы мамандар ұйымдастырушылық қабілеті мол жанды уақыт өте келе жедел медициналық көмек көрсету бөлмесінің фельдшері етіп тағайындайды. Бүгінде науқастарға жедел медициналық көмек  көрсетіп жүрген  Гүлжазира Асанованың  алар асуы мол. Ол аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Үздік санбюллетень» сайысының жүлделі  І орын иегері. Сондай-ақ, күні кеше төл мерекеге орай аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасы Ғ.Қазантаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ақтөре Ибрагимұлы

19 сәуір 2019 ж. 1 007 0