Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайлық жазуы бар алмалар қазақстандықтарды шошытты

Қытайлық жазуы бар алмалар қазақстандықтарды шошытты

Көкшетау тұрғындары сыртында қытайлық иероглифтер бар алмаларды көріп шошуда. Олар алманы қаладағы супермаркеттердің бірінен алған екен. Мұндай алмалар қауіпті ме? Бұл сұраққа Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жауап берді.

Көкшетау тұрғыны Диляра Төлегенова алманы «Кристалл» супермаркетінен сатып алғанын айтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz.

«Үнемі жергілікті алмаларды алуға тырысамын. Осы жолы «Салтанат» деген сұрпын таңдадым. Көп алған жоқпын. Небәрі – төртеу. Супермаркетте өзіміз таңдай алмаймыз, бізге сатушы қызмет көрсетеді. Бастапқыда алмаға мән бермей, есептестік. Үйге келіп, қызым алманы жуа бастағанда қытайлық иероглифтерді көрген. Үш алмада сондай жазу болды. Ол жапсырма қағаз емес, алманың өзі солай боялған. Оларды жеген жоқпыз. Лақтырып жібердік. Супермаркетке қайта өткізуді де ойлаған жоқпын», - дейді әйел. 

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер алманың шынымен де Қытайдан шыққанын айтты. Алайда олар денсаулыққа қауіпті емес, дейді. 

«Алма пісіп жатқан кезде жапсырылған қағаздан сондай иероглиф қалып қалады. Күн сәулесі түскенде, алманың жапсырма тұрған бөлігі басқа түсті болады», - дейді санитарлық дәрігер.

Сонымен қатар департамент қызметкерлері супермаркетке барып, алманың құрамындағы нитраттардың мөлшерін тексерді. Оның нәтижесі қалыпты болып шықты.
19 наурыз 2019 ж. 673 0