Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ

ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ

Елбасының бастамасымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама ел тұрғындарының қолжетімді мемлекеттік қызмет алуларына жол ашады. Сонымен бірге, мекеме қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық көріністерінен барынша қашықтатып, қызметкер жұмысын ашықтыққа негіздейді.
Адам – қоғамның бір бөлшегі. Адамсыз қоғамды, қоғамсыз адамды елестету мүмкін емес. Және де ең басты мәселе – адамның қандай қоғамда өмір сүруі болып табылады. Жемқорлық жайлаған қоғамда адамның еркін тыныстап, алдына қойған мақсатына жетуі екіталай дүние. Өйткені, сыбайлас жемқорлық - қоғам мен өркениетке қауіп-қатер әкелетін қауіпті құбылыс. Осы өзекті мәселеге байланысты бүгінгі таңда мемлекетіміз сыбайлас жемқорлықтың ауқымы мен салдарын нақты бағалап, осы қауіпті құбылыспен қатаң және шешуші түрде ымырасыз әрі жан-жақты жоспарлы күрес жүргізіп отырғаны баршамызға мәлім. Жемқорлықсыз қоғам құру үшін әр адам өзінің құқықтарын, өзіне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білуі қажет.
Қызылорда облысы мемлекеттік архиві Сырдария аудандық филиалының қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оны болдырмау және архив ісі барысында қызметтік этика талаптарының сақталуын үнемі қамтамасыз ете отырып «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін тиімді көрсетіп келеді. Қазіргі таңда елімізде «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмысы жүргізілуде. ҚР Үкіметінің ресми www.e-gov.kz порталы арқылы «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін уақытты үнемдей отырып жылдам алуға жол ашылды. Осының нәтижесінде бұрын мемлекеттік органдарда бір айға дейін уақыт алатын сұрақтар бүгінде портал арқылы бірнеше сағатта, немесе санаулы күндерде шешімін табуда. Көптеген қағаз жинаудың орнына адам тек электронды қолтаңбасын қояды. Бұл дегеніміз – сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құрудағы жақсы қадамның бірі. Мемлекетіміздің жемқорлықсыз қоғам құру бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табуда. Жүйесіздік, мәңгүрттік, білімсіздік, ұятсыздық, құлдыраушылық, ынсапсыздық, жалқаулық – жемқорлық жайлаған қоғамда пайда болатын басты құбылыстар. Сол себепті қоғамға жат, өркениетті құлдырататын бұл жемқорлықпен бірігіп қоғам болып күресу қажет. Себебі – жемқорлықсыз қоғамда өмір сүру және сол жемқорлықсыз қоғамды құру бүгінгі күннің басты талабы.

Ж.Сейілов,
Қызылорда облысы мемлекеттік архиві
Сырдария аудандық филиалының
архивисі
12 наурыз 2019 ж. 1 974 0