Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіздер әулеті

Егіздер әулеті

Тектілік қонған қазақ әйелінің болмысын ашуда қазақ қаламгерлерінің өлшеусіз еңбегі тарих бетінде қашалып жазылғандай. Байсалды ана, ұтқыр ойлы бәйбіше, ақылы телегей теңіз ене, көреген әйел, ерінің разылығын алған қатын, бұрымы жер сүйреткен бойжеткен, сүйріктей сұлу ару, бөтен үйді бақытты етем деген келіншек айналаға нәр беріп, өмірден өз орнын тауып, айналасындағыларды ерекше пейілімен мейірім шуағына бөлейді.
Тілшінің қорегі – ауылда қайнап жатқан тіршілік нәрі дегенді санаға түйіп, өткенде ауданнан шалғай жатқан Айдарлыға ат басын бұруды ұйғардық. Бағытымыз айқын болғанымен, алар ақпаратымыздан бейхабар едік. Алғаш ауылға келген бойда белгілі ұстаз, жеті өнердің сырын меңгерген Сражддин Әкімовтың шаңырағына бас сұқтық. Алдымыздан шығып, жайдары мінезімен Күләш апай қарсы алды. Ағайдың қолөнерімен «танысамыз» деген ниетпен келгеніміз рас. Әңгіме барысында әулеттің осы кезге дейінгі аз-кем тарихына қанықтық. Кенеттен бірдей киім киген егіздерге көзіміз түсті. Шаңырақта отырған Ерболдың ұлдары екен. Зайыбы Азизат екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Осы сәтте апамыз тағы бір сырдың тиегін ағытты. «Келінім бір тапқанда екі рет егіз тапты» дегенде таңғалысымызды жасырмадық.
Сонау 1981 жылдың көктемінде Баймұхамед ақсақалдың шаңырағында қыз бала дүниеге келгенде өз отбасына құт әкелгендей көрінді. Бала күнінен жан-жақты аңғарымпаз болып өскен Азизат мектеп қабырғасында жүргенде анасының жиі ауыратынын байқайтын. Сырқаттанған сәтте артынан ерген інілеріне қарайласып, анасына қол көмекке жарады. Шешесі сырқаттанған сәтте қыз арманы келешекте медицина саласының маманы болуға итермелейді. Шаңырақта анадан алған тәлімінің жемісі отбасындағы кез келген дүниенің күрмеуін шешуге дайын тұратындығымен ерекшеленді. Қайтсе де қалаған мамандығын игеру үшін білім алу керектігін ұғынды. Күні-түні ізденумен болған қыз тілегінің орындалуы мақсатты түрде жүзеге асуға жақын болатын. Алматы шаһарында жүріп, жаны қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгерді. Көкейден кетпес жүрек қалауының орындалуы нағыз бақытты сәт. Дипломын қолына алып, Шиеліге келген мезетте Азизат анасымен оңаша сырласа келе осыған дейін көңілінен шыққан жігіт жоқтығын ашып айтады. Сонда анасы Роза Ербол жайлы, оның шыққан жері отбасы жайлы жан-жақты қозғай келе шын қалауын жеткізеді. Болашақ жарының бар сырына сырттай қаныққан бойжеткен ата-ана қалауына қарсы шықпайды. Осылайша бұрыннан құда-жекжат болған екі әулеттің үлкендері сүйек жаңғырту мақсатында жастардың басын қосады.

Ауылдың тіршілігіне кішкентайынан араласқан жас келінге азаннан тұрып, ата-енеге қызмет жасау таңсық емес. Жиырма жасында өзі білмейтін ауылға қадам басқанда бойында қорқыныш сезімі билегені рас. Екінші анасы Күләш қолындағы келінін барынша тәрбиелеп, қайнаған ауыл тіршілігінің қазанында пісірді. Қаймықпай талай қиындықты еңсеруге бел буған жас келіннің отағасына деген махаббаты ата-ананың нық сенімі арқылы оянады. Екеуінің алғашқы перзенті Барақ анасы секілді осы күні медицина мамандығы бойынша білім алуда. Барақ дүниеге келгеннен кейін арада көп уақыт салмай тағы да аяғыр ауыр екенін келіншек аңғарады. Көрші әйелдермен әңгімесі жарасқан Азизат егіздерді босанар алдында тәтті тағамға жерік болады. Үйдің тірлігінен босаған уақытында баласын ұйықтатып, көршінің пісірген самсасынан ауызтимесе, жеріктігі басылмайтын. Осылайша Айбол-Нұрбол есімді сәбилер жарық дүниеге келеді. Бүгінде Барақтың артынан ерген інілері Алматы қаласындағы мектеп-интернатта математика және қазақ тілі мен әдебиеті бағытында білім алуда. Ауылдық емханада қызмет ететін Азизаттың күнделікті тіршілігі жоспарлы түрде жүзеге асады. Артық уақытын босқа кетергісі келмейтін келіншек ата-енесінің күтімін жасауды өз міндетіне алған. Қазір қара шаңырақта отырған келіннің көргені мен білгені көп. Кеше ғана Әкімовтер шаңырағына келін болып түскен секілді еді. Ал, бүгінде алты баланың анасы. Егіздерді жеткіземін деп жүргенде араға бес жыл салып, Азизаттың аяғы ауырлап, тағы да егіздердің анасы болатындығын естиді. Денсаулығым барында босанамын деп шешім қабылдаған келіншек тоғыз ай тоғыз күннен кейін Данияр мен Шадияр есімді қамшы ұстар ұлды дүниеге әкеледі. Үй, жұмыс, баланың күтімі. Үш жақты байланысқан ананың тіршілігі ешқашан таусылмайды. Арасында үйге келген қонақты жайғау міндеті де бар. Дастарқанынан берекелі ас кетпеген Күләш апайдың өнегесін Азизат бойына сіңіре білген. Бес ұлдың артынан осыдан екі жыл бұрын кеңжесі Димаш дүние есігін ашты. Жұмыстан анасы келсе, аяғына оратылатын кішкентайдың қылығы тәтті.
Азизатпен әңгіме барысында біз байқаған қасиеті жүрек түкпіріндегі ер азаматына деген сенімі, яки құрметі. Бос уақытында кітап оқитынын айтып қалған келіншектің бар тілегі көпшілік ортасында абыройлы болу. Ер азаматының абыройына дақ түсірмей, әулеттің береке-бірлігін арттыру. Осы күні ауыл тіршілігінен, мал ұстаудан қашатын келіншектерге өкпелі екенін жеткізді. Сонымен қатар медицинаның мүмкіндігін пайдаланып, өзі қатарлы әйелдердің көп балалы болуға ынтасы жоқтығына да алаңдаулы екенін жеткізді. Осы ретте айтпағымыз қатарынан екі егіз тапқан келіншектің табандылығы көпке үлгі. Негізінен Айдарлыда Азизат секілді жас аналар егіз тапқыштығымен әйгілі. Керек десеңіз бір көше бойында бірнеше егіздер қатарынан көрші тұрады екен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

07 наурыз 2019 ж. 1 036 0