БІРЕГЕЙ БРЕНД
– Сөк алыңыз, сөк алыңыз.
– Айдарлынікі.
– Келісін қаншадан бересіз?!
– Көп алсаң түсіріп беремін.
Мен әрі қарай жылжыдым.
– Сөк алыңыз, Шиелінікі. Өзім еккенмін. Қолдап түйілген. Мен қапқа қол создым. Жаңағы көргеннен гөрі сарғыштау секілді. Иіскеп көрсем, иісі онша емес, бұрқырамайды.
Сөк сатушы апай: – Оны былай тексереді, – деп алақанындағы тарыны аузына атып ұрды. Мен де сөйттім. Қасаңдау көрінді. Айдарлының сөгіне қайта келдім. – Балам екінші келгенде өзіме кел,– деп аты-жөнін айтып, хабарласуымды өтінді. Мен келіскен сыңай танытып, басымды изеп, әрі қарай жөніме кете бардым. Бірақ бұл жолы бізді, сапарлас серігім екеумізді тарының жасалу технологиясы қызықтырды. Осы пәтпен ат басын Айдарлыға бұрдық.
Ізденген адамға ауыл іші тұнып тұрған қазына іспетті. «Жұртымен болған жұтамайды» деген тәмсілді санаға түйген біздер Айдарлыға келген күн аптаның сейсенбісі еді. Айналаға көз тіге қарасаңыз берекесі тасыған әр шаңырақтың қым-қуыт тіршілігі өмір ағымымен жалғасын тапқан. Кезінде төрт-түлігімен дүркіреген ауыл маңайында ғұмыр бойы тынымсыз дала кезген еңбек озатының қолтаңбасы сайрап жатыр. Мұнда ел аузында жиі айтылатын талай дүниенің болғаны жайлы әлі күнге әрбір тұрғын елеп-екшеп айтып береді. Ауыл тұрмақ, республикаға аты әйгілі брендтің жасалу тарихы тереңге кеткен. Ендеше, өткенге біршама шегініс жасап барып, әлгіндегі бренд құпиясын ашатын боламыз.
Маусым айының соңғы он күндігінде кішкентай Жамбыл тетелес бауырымен кетпенін арқалап, бақша ішіне кірді. Атадан көрген ежелгі кәсіпті меңгерген бұлардың нағыз еңбек ететін шағы осы кез екені белгілі. Көктемде боз топырақ жерін айдатып, аяқ су келетін арықты қарықтап, еңбек майданына дайындап қойған. Тары егетін жерді атыз қылып соғу басты міндетке кіреді. Бұл уақыт қырғидың осы төңірекке қоныс аударған сәті. Мықшыңдап бақша жұмысына берілген бір үйдің балалары күзді күні мол өнім алуға ниетті. Тарыны егуде асқан төзімділік пен ептілік диханшыға қажет-ақ. Алғашқыда барынша қопсытылған жерге дәнді-дақылды сеуіп шығады. Содан кейін себілген жерді тырмалап, атыз бойының айналасын қопсытады. Дақылды егудің өзі жоңышқа еккенге ұқсас жағы жетерлік. Егер дәнді-дақыл тереңге түсіп кетсе, шығуы қиындай түседі. Алғаш суарғанда толығымен су жіберіліп, жердің бойына сіңіріледі. Арада үш күн өткеннен кейін тарының алғашқы шығымы тебіндеп көріне бастайды. Бақша маңайына торғай жоламас үшін «торғай қору» әдісін әр диханшы қолданады екен. Қайтпек керек, өлшеусіз еңбекті бір күнде торғай зая кетірсе, өкініш өзегіңді өртейтіні рас. Сондықтан диханшы тары егуді қырғи келген уақытта бастайды. Өйткені қырғи мен торғай ежелден бір-біріне жау. Қырғиды байқаған мезетте торғайдың қаша жөнелгенін талай көргенбіз. Бақша қоршауына кәдімгі қаңылтырды жіппен байлап, ішіне тас толтырған олардың қарекеті бақша ішінде даңғырлатып, топ болып жиналған торғайды үркіте жөнелтеді. Бала қолында арнайы «сақпаң» деп аталатын құрал кездеседі. Ұзын сабы мен былғарыдан жасалған жібі болады. Оған тас салып атқан кезде мылтықтың оғы баратын қашықтыққа дейін жетеді. Оқыс шыққан дыбыстан торғай егістік басына мүлдем жоламай кетеді. Аталған тәсілді осы күні ешкім пайдала қоймайды.
Уақытында егілген тарыны суғару үшін аптасына екі-үш рет бақшаға аяқ су жіберіліп отырады. Жамбылдың апасы Кенжегүл үй шаруасымен айналыса жүріп, күні-түні дамыл таппайтын перзенттеріне ас-ауқат дайындайды. Бір жағынан өзі де бақшаны арамшөптен арылтып, бала күніндегі естелігін балаларына айтып береді. Сонда қара терге малшынған олар әңгімені ұйып тындаған күйі бірсәт шаршағандарын басады. Тары егу науқаны бұл ауылда ертеректен келе жатқан – еңбек майданы. Ала жаздай үй көрмеген баланың денесі шымырлана түскен. Күнге күйген олардың терісі қабыршақтанып, түсе бастайды. Әлсін-әлсін күтім жасалған тарының шығымы да көңілді көншітеді. Яғни, толық жеті рет суғарылса тарының басы толық пісіліп, жетіледі.
Қыркүйек айында ауыл диханшылары үшін үлкен мереке. Әрбір үйдің бақшасында сарғайған тарының сабағы жерге иіліп тұрады. Әбден шегіне жетіп піскен уақытта диханшы қол орақпен ора бастайды. Орылған мол тарыны желді күні суырады. Сосын тарының екі басын айқастырып, трактормен бастырады. Барлығын тазалап, елу-жетпіс келілік қапты арқалаған еңбек адамы жаңбыр жаумас бұрын көл-көсір егінін жинап алуға күш жұмсайды. Әр қапқа салынған сары алтындай бағалы мол өнім тұрғындар үшін қыс бойы құнарлы азық болары сөзсіз.
Ендігі кезекте тарыдан сөк пен талқан жасап шығару процесін сөз ететін боламыз. Бейнеттен қашпаған Кенжегүлдің табандылығы ауылдағы әр әйелдің бойынан табылады. Өзі секілді сол уақытта кез-келген жас келіншек күн-көріс қамына белсене кірісті. Сондағы мақсат артынан ерген ұрпағын ешкімнен кем қылмай жеткізу еді. Бүгінде ел анасы атанып отырған Кеңжегүл апаның шаңырағына барған кезімізде «айналайын елден келген қай бала» деп жылы шырай танытқаны ұмытылмас, сірә! Шаңыраққа келген мән-жайымызды естіген бойда келіні Палкүміске сарайда тұрған келіні алдыртты. Қол диірменді қоса әкелуді нықтап тапсырды. Жас күніне ойша сүңгіп кеткен бейнесінде ұзақ жылдың бейнеті қаз-қалпында сайрап тұрғандай. Тоқсан екінші жылы өмірлік қосағынан айырылғаннан кейін бақша егуге бетбұрыс жасаған әйел ғұмыры көпге үлгі. Жастайынан балалары таршылық көрмес үшін диханшылықтың талай қиындығы бастан өткергендегі құдды қойын дәптерге түскен естелік секілді. Сол тұста алты баланы өсіріп, жеткізу жалғызбасты ананың мойынына жүктелгені ауыртпалық екені мәлім. Алғашында қаптап жиналған тарыны сағаттап қайнатады екен. Қайнаған тарының аузы сызып ашылған мезетте қапқа сүзіліп алынатын көрінеді. Содан кейін күн шуақта кептірілген тары қайтадан қазанға салынып, былғауышпен барынша қуырылады. Бұл процесстен кейін негізгі жұмыс келіге түю басталады. Екі қайтара түйілген тарының біріншісінде кебегі алынып тасталадығын білдік. Ал, екінші мәрте келіге түйілген уақытында сап-сары сөк пайда болады. Кейіннен ақжаулықты ана сол кездегі ақшаның құнды екенін тілге тиек етті. Осы күні базарға барған кезімізде сөк сатқан саудагердің Айдарлының сөгі деген дауысын еститініміз анық. Яғни, ауылдың бірегей брендінің аты әлі күнге өшпегендігін жұртшылық мақтанышпен айтады. Бүгінде судың жетіспеушілігінен, тары егу азайған.
Дастарқан басында отырған Күнімхан апа да бір уақытта әңгімеге араласты. Бала күнінде тары егудің машақатын көзімен көрген ол талай жыл үйдегі қожайынға көп көмектескенін айтады. Арасында қол диірменмен талқан жасайтын кездері болған. Жоқшылық заманда ауыл тұрғындары тоқыраудан алып шыққан осы сөк екені мәлім. Тары жеген адам ешқашан аш болмайды, – дейді ақжаулықты ана. – Ол адамның денесін қуаттандырады. Әсіресе, қыс айында сүтке бұқтырып, май салынған тары өте пайдалы. Адам тоңбайды, ашықпайды, оның үстіне оның құрамында пайдалы дәрумендер өте көп. Әсіресе, жас босанған ананың омырауынан сүт шыға қоймайды. Сол кезде біздің әжелеріміз сөкті бұқтырып, оның сүтін ішкізетін. Ол әйелдің бойын қуаттандырады, балаға құнарлы азық болады. Қазір осы ауылдағы сөк жасау технологиясын қыз-келіншектер жетік меңгерген. Ата дәстүрді жалғау мирас болып қалған мұра сыңайлы. Диханшы ауылда тарының екі түрі қызыл тары мен алабүйрек көбіне егілетін болған. Қызыл тары майдалау келсе, алабүйрек ірілігімен ерекшеленеді. Аумалы-төкпелі заманда екі үйді бірі тарымен айналысып, Айдарлы брендінің атын көпшілікке танытқан.
Диханшы қауымның еңбегі әрқалай сараланады. Аядай жерден 10 қап өнім шықса, күтім болмаған жағдайда гектарлап ексенде өнім ала алмаған кездер кездескен. Оның барлығы бітіме байланыстылығын дүйім ел сезеді. Қашан ауызға түскенше таза еңбектің бел ортасынан табылу қажырлы қайраткерлікті қажет етеді. Бір кезде Кенжегүл апа мен Күнімхан ханым келіні түюдегі шеберлік көрсетті. Өз сөзінде екеуі де қазіргі таңда сөк дайындау электр қуатын пайдалану үрдіс алғанын алға тартты. Бұл дегеніміз бұрынғыша жұмыстың көптігін бір жағынан азайту болып табылады. Осы ретте сөктен «жент» деп аталатын тағамды жасайтындығын да білдік. Сөкті қауынқаққа түйіп, үстінен ұрған сайын өздігінен талқан болатын көрінеді. Ал, дайын болған өнімді ауызға салған уақытта өмірі дәмі кетпестей есте қалады. Кенжегүл апа аталған тағамды орыс ұлтының өзі тамсанып, жегенін сөз етті. Баласы әскерге кеткен жылдары ауылдың дәмі ретінде ас-ауқат салып отырған. Сол ауылдан келетін сәлемдемені ашқанда, әсіресе, тарының, женттің иісі бұрқырап тұратын болған. Жолда неше күн жүріп келсе де ашымай, пыспай, бұзылмай жететін дәмге көргендер таңғалатын болған.
Көбіне ауылдың мол өнімін базарға апарып сатқан Сәрсеннің сөгі көпке танылған деседі. Бір күні базарда үлкен қария сөк сатып отырып, «Сәрсеннің сөгін алыңдар» деп ауылдастарына жарнамалаған көрінеді. Бұдан кейін көпшілік арасында «Оңалай мен Сәрсеннің сөгі» деген жарнама өтімдірек болған. Айдарлының сөгі басқа жақтікіне қарағанда сапалы. Өйткені, өзге диханшы қауым тарыны тақыр тас жерге ексе, айдарлылықтар боз топыраққа дән себетіндігін айтып өттік. Нағыз брендке айналған Айдарлы сөгі талай баланы оқуға түсіріп, аштықта тоқшылық дәмін сездірген. Кенже апаның отбасы соңғы рет тарыны 2017 жылы еккендігін айтты. Әкесінің ізін жалғаған Жамбылдың ұлы Айберген сол жылы сегіз жасты толтырады. Кезінде әкесі айналысқан кәсіпті баласы үйренуге машықтанады. Тоқсан күн дегенде тары піскен мезетте бала Айберген қиыншылығын кәдімгідей сезінгендігін жасырмады. Осы рете күллі жұртшылыққа Айдарлы брендінің құпиясын ашқандай болдық. «Бала мақсатына еңбектеп жетпейді, еңбекпен жетеді» демекші, алдағы уақытта Айберген секілді ауылдың әр баласы ауыл атын шығарар берендпен айналысады деген үміттеміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ