Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық амнистиясына кімдер іліге алады?

Салық амнистиясына кімдер іліге алады?

Биылғы жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістерге қатысты Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатованың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Гүлдана Яхияқызы, сәлеметсіз бе. Өзіңізде білесіз, салық заңнамасына енгізілген өзгерістер жалпы халыққа, сондай-ақ бірінші кезекте кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Ең алдымен өзгерістерге қатысты жалпы тоқталып өтсеңіз.
- Сәлеметсіз бе. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тәуекелдерді басқару жүйесі қосылды. Ол дегеніміз салық төлеушілер тәуекелдердің үш санатына бөлінеді: жоғарғы, орташа, төмен. Жоғары санаттағы салық төлеуші ол қызыл топтағы кәсіпкер болып табылады, орташа дегеніміз сары топтағы кәсіпкер, төмен дегеніміз жасыл топтағы кәсіпкер. Кәсіпкердің өзіне байланысты. Егер ол салық міндеттілігін толығымен және уақытылы орындап тұрса орташа немесе жоғары санатқа кірмей төменгі санатта жүреді. Ол дегеніміз салық есептіліктерін уақытылы тапсыру, мерзімінде аудару. Егер де салық төлеуші салық есептіліктерін 0 көрсеткіш деп көрсетсе немесе салық есептіліктерін қайта-қайта қосымша төмендетуге қатысты салық декларациярын тапсырса, сол кезде орташа немесе жоғары санатқа шығуы мүмкін. Ол дегеніміз салық төлеуші салық органдарының бақылауында болып, салықтық тексеру болуы мүмкін деген сөз.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (63 125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке табыс салығы 10 есе төмендетілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ашық сауда орындарында онлайн бақылау-кассалық аппараттарды қолдану міндеттелген, казіргі таңда 17 қызмет түрлері міндеттелген, сәуір айында тағыда 323 қызмет түрі қосылады. Әр тоқсан сайын қызмет түрлері қосылып отырады, жылдың аяғына дейін 650 қызмет түрі міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық аппаратты пайдалану керек. Казіргі таңда Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары мәжілісте талқыланып жатыр, ол жерде онлайн бақылау-кассалық аппаратқа жұмсалған қаражатты шегеруге жатқызу мүмкіндігін ұсынғанбыз. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге бөліп төлеу жолдары қарастырылды.
Осы жерде айта кеткен жөн, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патент арқылы жұмыс жасайтын кәсіпкерлер міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданатын болады.
- Патент, оңайлатылған режиммен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін қандай жаңалығыңыз бар?
- Патент арқылы жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің жылдық айналымы өзгерді. Өткен жылдары жылдық айналымы ең төменгі жалақыдан 300 еселенген болса, биылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің 3528 (8 908 200 теңге) еселенген деп міндеттелген. 2020 жылдан бастап саудамен айналысқан кәсіпкерлер патент режимін қолдана алмайды.
Оңайтылған декларация бойынша айтатын болсақ, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаға салық кезең үшін айналымы айлық есептік көрсеткіштің 24038 (60 695 950 теңге) еселенген деп міндеттелген, адам саны 30-дан аспауы қажет.
Сонымен қатар, зейнетақы жарналары бойынша шектері өзгерді. Ең төменгі шектеуі ең төменгі жалақының 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 50 еселенгенінен аспауы тиіс.
Әлеуметтік алым бойынша төменгі шектеуі ең төменгі жалақының 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 7 еселенгенінен аспауы тиіс.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдар бойынша ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 10 еселенгенінен аспауы қажет.
Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қосымша құн салығын төлеушілер электронды түрде шот фактураны жүргізу керек.
- Бірыңғай жинақталған төлемге қатысты айтыңызшы.
- Осы жылдан бастап жаңа төлем түрі пайда болды - Бірыңғай жинақталған төлем. Бұл төлемнің жалдамалы жұмыс күшін қолданбайтындарға да қатысы бар. Мемлекеттік органдар бірыңғай төлемнің мөлшерін де есептеп шығарды. Жоспарға сәйкес, қала тұрғындары үшін айына бір айлық есептік көрсеткіш (2 525 теңге), ал ауыл тұрғындары үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш болды. Бірыңғай жинақталған төлемнің 10 пайызы жеке табыс салығына, 30 пайызы міндетті зейнетақы жинақтау шотына, 20 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, қалған 40 пайызы медициналық сақтандыру жарнасы ретінде жіберіледі. Бірыңғай жиынтық төлемі алдымен банктер мен терминалдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының есепшотына аударылады. Мемлекеттік корпорация одан ары тиісті қорларға өзі бөледі. Бірыңғай жинақталған төлем жеке тұлғаның тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі - бір ай.
- Мемлекет басшысы өткен жылы кәсіпкерлер үшін салық амнистиясының жарияланатынын айтқан еді...
- Дұрыс айтасыз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық амнистиясы жүргізіледі. 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда, мемлекет салық төлеушілердің бүкіл өсімақы мен айыппұлдары жояды. Тағы айтып кететін жайт, 2020 жылдан бастап жалпы декларациятапсыру басталады. Ол - 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, барлық салық төлеушілер активтер мен міндеттемелер бойынша салықтық декларациясын тапсыруы қажет.


13 ақпан 2019 ж. 792 0