Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕЙБІТШІЛІКТІ ТУ ЕТКЕН ҚАЗАҚ ЕЛІ

БЕЙБІТШІЛІКТІ ТУ ЕТКЕН ҚАЗАҚ ЕЛІ


Қазақ халқының ежелгі тұрмысы мен өмір сүру дағдысы тарих беттерінде алтын әріптермен таңбаланып, елеулі оқиғалар желісі өз заманында орын алды. Ат үстінен түспей найзасын үстем­дігін көрсетіп, жауына түйреген ата-бабамыздың бейбітшілік жолындағы қа­­жырлы қайраткерлігі тұтастай жер бе­­тінде ұлт болып қалыптасуымыздың жарқын үлгісі еді. Біздің ана тіліміз, діліміз, дініміз мәңгілік атадан мұра ретінде қалған баға жетпес байлық саналады. Бұл үшеуінің өзегінде рухы биік қазақтың нағыз қайсарлығы, табандылығы мен айбарлылығы көрініс табады.
Ұлт руханиятының негізгі бөлшегі – ана тілі. Талай ғасырлар бойы қаншама қиындықты бастан өткеріп, өзгеге бодан болудың жанкешті қасіретін татқанымыз мәлім. Осы ретте тауқыметті жылдар тоғысында басқыншы озбырдың нақ жоспары түбегейлі ұлт басына қара бұлтты үйіріп, әлем сахнасынан қазақ мемлекетін жою еді. Десек те, олардың үстемдігіне қарамастан тіліміздің шұрайлылығын сақтап, бекем бірлігімізді көрсете білдік. Небір даналы сөздердің шығуына, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің негізінің қалануына тіліміздің өміршеңдігі бірден-бір себепкер. «Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық» деп Ғабиден Мұстафин айтқандай жол көрсетер бойтұмарымыз яки байлығымыз ана тіліміз. Сан ғасырлық тарих шежіресінде қазақ халқының көрнекті ғұламалары, сөз маржанын терген дана шешендері, әділдікті жақтаған билері екі жаққа бірдей бітім айтып, дауласқан ағайынды татуластырған. Қорасы іргелес жатқан туысты жақындастырып, араздыққа жол бермеген. Қашанда әділдік жолында құрбан болған қазақ зиялылары өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, бір нанды бөлісе жеген. Құндылықтар көкжиегі кеңейіп, тіліміздің мәртебесі артқан. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихи Отанына тұрақтап қалған түрлі этнос өкілдері қазақ өркениетімен бірге жасасып келеді.
Татулық символы саналатын бей­бітшілік шаңырағы астында тоғысқан жандар ел келешегі кемелдене түсетініне сенеді. Әркез ұлт мәдениетін өз салт-дәстүрімен ұштастырып, өшпес мұра ретінде болашақтың алтын діңгегін тұрғызары хақ. Негізінен тұрақтылық кепілі асыл дініміздің мейілінше таза­лығы мен іңкәрлығында. Адамзат қоға­мындағы аса күрделі де маңызды әлеу­меттік-мәдени сана ретінде дініміз өз құндылығын жоғалтпайды. Діннің басты мақсатын адамның рухани жетілуі және оның жаратушы Құдайға сенімімен байланыстырады. «Рух – таза ақыл» демекші жан тазалығы адамзат танымының таразысына түседі. Ақылыңмен пайдалы істі қарекет етсең, өмірде жасаған жақсылығың артады. Дүниежүзінде қан­ша халық болса, соншалықты өзіне тән ұстанатын қасиетті діні бар десек жарасады. Жалпы алғанда халқымыз Ислам дінімен қуаттанып, Алла тағаланың адамзат баласына төккен мейірім-шапағатына бөленіп келеді. Ізгілік нұрына мал­шынған адамзат баласы ішкі жан дү­ние­сіндегі рухты күшіне мойын ұсынады.
«Бірлігі барды – жау алмайды» дегендей ел тұтастығының қайнар көзі рухани келісімнің орын алуында. Бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерінің арман-мақсаты бір арнаға ұйысып, ырысты тірілігімізбен біте қайнасып, ынтымағы жарасқан ел екендігімізді ай­шықтау үстінде. Елбасы Н.Назарбаевтың тың бастамасы рухани келісім жолында бірнеше маңызды оқиғалардың куәгері атандық. Жоғарыда аталған ана тіліміз бен дініміздің жанды болмысы айқындалып, теріс пиғылды әдеттерді жою белең алды. Ұрпақтар сабақтастығы жанданып, жаңа заман өкілдері орасан мол мүмкіндіктерге жол ашты. Рухани құндылығымыз түрліше сипатқа еніп, тілі басқа тілегі бір түрлі этнос өкілдерінің тынымсыз еңбек етуіне, тең құқықты өмір сүруіне қолайлы орта қалыптасты. Рухани келісімнің ұстанған басты мақсаты ұлттар ара­сындағы бірлікті, ынтымақты, діни тө­зім­ділікті нығайту болып табылады. Сонымен қатар адам бойындағы қадір-қасиеттің жоғарылауы айналасындағы қо­ғам мүшелерімен тығыз байланыс ор­­натуға дәнекер болатыны сөзсіз. Жа­сандылықты бойымыздан ада ұстап, рухани ашкөзділіктен арылып, өзгеден үйренуге тұрарлық тәрбиені меңгере ал­сақ құба-құп. Өйткені, жамандықтан жиреніп, жақсылықты игілігімізге пайдалану парыз. Достығымыз қашанда жарасып, тарих қойнауында аттары өшпестей қалған бауырлас халықтардың ортақ тіл табысуы татулықтың алтын қазығына айналады. Сөзсіз түрлі этнос өкілдері зайырлы мемлекетіміздің саясатына құрмет көрсете отырып, ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ырым-тиымдарын, діни жоралғыларын берік ұстанады. Сондай-ақ, қазақ мәдениетіндегі қазыналы ғұрпымызды қастерлеп, үнемі жастардың бойына сіңіреді. Дін тұрғысынан еш уақытта алауыздыққа жол бермей, арандатушылық жұрнақтарын күйрету ортақ рухани келісім арқылы жүзеге асады.
Ең алғаш Тәуелсіздігін алып, ай­тар­лықтай орасан дәрежеге жеткен Қа­зақстан әлем елдері ішінде тұрақ­тылығы нық орныққандығымен көпшілікке үлгі. Өсіп-өркендеу жолында ең бірінші ке­зектегі қағида халықтың тынышытығын сақтап қалу. Рухани келісім негізінде бейбіт өмірді қалыптастыру, ұлтаралық байланысты орнату мемлекеттің ма­ңыз­ды старатегиялық жоспарының бұлжыт­пас бөлшегі.
Бүгінде жаһандану заманында адами құндылықтарымызды бойымызда жо­ғалтпай ұстау басты міндетіміз. Ха­лықтың рухани мәдениетін бейбіт­шілік­ке, келісімге, әділдікке ұмтылдыру бүгінгі қоғам өміріне қажетті құбылыс. Ендеше, алдағы уақытта рухани келісім шеңберінде бейбітшілік орнап, ұлт болашағын жандандыруда жасампаз іс­тер жүзеге асатыны сөзсіз. Демек, қазақтың тілі, ділі, діні, рухани бай­лығы, мәдени құндылығы, ұлтаралық достастығы сенімді түрде жаңа сипат­қа енеді. Ол дегеніміз: Мәңгілік Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне айрықша сер­пін береді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 қазан 2018 ж. 1 567 0