Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалым ақын

Ғалым ақын


Бұл Қазыбай бізбен көршілес ауылдың жігіті. Бала кезінен таныспыз. Арғы аталары баяғы Ұлбикемен айтысатын, дуалы сөзімен Құнанбайды аға сұлтандыққа сайлаған Күдері Қожадан тарайды. Айтқыр Қалтаймен аталас туыстар. Шағын ауыл – қазіргі «Шіркейлі» өңшең ақын-шайырлар ауылы болған. «Көкалтас» медресесін шемішкідей шағып оқыған Талас ахун, одан Камалладин, Жәміш-мақсұмдар, беріректе Қалтайдың әкесі – Қарамолда – Мұхамеджан Нүрекеевтердің кіндік тамған құнарлы өңірі. «Заман-ай» деген төрт шумақ өлең жазып, қызыл империяны тоқпақ жалды торайғырға теңегені үшін Мұхамеджан ата «халық жауы» атанып, атылып кеткені өзінше жыр.
Міне, осынау бір кездегі «Талап» атты кең жайлауда бүгінгі ғалым-тарихшы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов дүниеге келген. Бала жастан қиыншылықты, өмірдің талай тауқыметін көріп өскен азамат. Әкесі Құдайберген ата ақындығы бар, ала жіпті аттамаған, колхоз басқарып тұрып, ашқұрсақ отырғанын көз көргендер осы күнге дейін таусылмайтын әңгіме етуден жалықпайды.
Біз бүгін ендігі әңгімені осынау текті тұптардың ұрпағы Қазыбай Құдайбергеновке қарай бұрайық.
Қазіргі Қазыбай жетпістен әлдеқашан асып кеткен, енді бірер жылда сексеннің төріне шығып, бұйырса жаппай жұрт киген шапанды үстіне, басына бөрік киіп отырмақшы. Төрде отырып, сол сәтте тағы бір төгілте әңгіме айтатын болар. Алла, соған жеткізгей.
Бүгін Қазыбайдың «Сырым мен шыным» атты өлеңдер жинағы қолыма тигелі бері қайта-қайта парақтап оқып отырмын. – Оу, мына ғалым-профессор ақын екен-ау деп тамсанып қоямын. Өлеңдері Абай атамыз айтқандай жұп-жұмыр екен. Осы кітабын маған ұсына отырып, былайша эпиграф жазып жіберіпті:
Сырым да осы ағажан, шыным да осы,
Өлең жазам келгенде көңіл қоншы.
Қылышымен қара сөз «жауға» шапқан,
Өзіңізсіз ініңнің адал досы!
Асылы, адамға қартайғанда мақтау керек секілді екен, лебізіне рахмет! – деп іштей ризалық пейіл байқатып, 200 бетке жуық топтама өлеңдеріне шолу жасауға бел будым.
Кітаптың алғашқы беті біз оқып жүрген бұрынғы ақындар секілді отан, туған жер емес, бірден сүйікті жары Жақсыбикеге «Алғашқы танысу» деп басталыпты.
Ауысып уақыт шіркін күн мен түнге,
Зымырап өтіп жатыр жүрген бізге.
Жиырма жыл өмірімді бірге өткізген,
Сырымның кілті жарым – Жақсыгүлге!
Өзіңмен өткен шақтарым,
Соғатын желге санаймын.
Сырласқан саябақтардың,
Самалын сепкен арайлым!
Ғалым Қазыбай сүйген жарын осылай тербейді, тебіренеді. Сырымның кілті, саябақтардың самалы сепкені күні кешегідей екенін шумағымен өрнектейді. Қалқан құлақ сары шалың ызыңдап келе берсінші, балдарыңның бағы бол, жаныңа әркез енсінші деген шынайы сезім сүйікті жары елуге толғанда арналыпты.
Сүйікті жары Жақсыбике үлкен сырқатқа шалдықты. Қазыкеңді мұң басты. Алматыда ота жасар сәтте жарына:
Жанарыңның жалт еткені соңғы ма деп қорықтым,
Көкірекке шер мен мұң толды ма деп қорықтым!
Қоштасатын уақыт шіркін жетті ме деп қорықтым,
Онсегіз жыл еш думансыз өтті ме деп қорықтым! –деп ажал құрсауынан қалай аман алып шығамын деп азаматтың жаны күйзелгені жүректі сыздатады.
Қазыбай күйзелді. Тағы да азамат өлеңмен шер тарқатты. Сүйікті жары Жақсыбикеден, 2004 жылы жалғыз тұяғы ұлынан айырылды. Ұлы «Ароныма» деген өлеңінде:
Тастатып артқа бәрінде балам,
Өкініш өртеп ашиды жарам.
Құзырын хақтың қабылдап алам,
Бір күні менде қасыңа барам!
Ақынжанды азаматтың бұл жинағының өнбойы сабырға, дауасыз ажалға, дос-жарандардың қамқор құшағына, қиын сәтте қол ұшын созған іні – қарын­дастарына, замандастарына арналғаны сезіледі. «Қайғыға дауа – уақыт» атты өлеңінде ғалым өзін-өзі жұбатады.
Қырқыда өтті, жүзі де жақын жыл келер,
Жөнделер әлі қиюы кеткен іргелер.
Бақилық болып кеткенше біздер пәниден,
Жүректе жаны, рухы мәңгі бізбен ол.

Жараның емі зымырап жатқан уақытта,
Дегенмен алда қуаныш та бар, қауіп бар.
Кеткелі Арон көңіл де шіркін селт етпей,
Тұрғандай бүркіп жаңбырмен бірге жауып қар!
Иә, өмір - өзен, ол ағысын тоқтатпайды. Тірі адам тіршілікке бет бұрады.
Бұл кітап жеті тараудан тұрады. Бүкіл тарауда жалпы ақын жанды азамат «жүрек-жамау, қиял – құз, санам - сағым» деп өзін – өзі жұбатады, қанатын қатайтқандай болады. Аллаға әмір жүрмейтінін сездіреді.
Кітапты одан әрі оқып, парақтай бастадым. Ауылдас інісі ақын Қанатбектің кітаптағы арнауы жан толқытады. Қазекеңе «Мойыма, аға, мойыма!» деп қуат бергендей жыр арнайды.
Баршаға биік бағасы,
Риза, қайны, ағасы.
Қабырғамызды қайыстырды – ау,
Жақсыбикенің қазасы.
Тот баспайды тазаны,
Болғанмен өмір азабы.
Жүрегіңіздегі жараны,
Уақыт қана жазады.
Әрине, уақыт – емші. Ол ұрпақпен жалғаса бермек,
Кітаптағы сүйікті ағасы Әбибулла Мұхамеджанов, Пасахаддин Еспенбетовтің арнау өлеңдеріндегі шумақтарда Қазыбайға деген ілтипат, қамқор құшақ, сабырға шақырған шынайы ілтипат таудай қайғыны тарыдай етуге шақырған қуаты сезіліп тұр.
Ақын Әскербек Рақымбекұлы замандасы Қазыбайдың сүйген жары Жақсыбикенің жылындағы оқыған өлеңі кітаптың өңбойын одан әрі толықтырып тұрғандай. Ақын Әскербек былайша тебіренеді:
Жақсыбикедей жарыңмен тауып жарасым,
Талай жыл тақтың сыйлаған саған сағатын.
Қырандай едің қиядан тұрақ табатын,
Ұлың мен қызың қанатың еді қағатын.
Қапияда, досым, қанатыңнан сен қайырылдың,
Жалғыз жұлдызың – жалғыз ұлыңнан айырылдың.
Қара аспан құлап,
Қайғырдың сонда, қайғырдың,
Айрылдың естен аманыңда сен ай-күннің.
Жаралы күндер жалғасты солай, жалғасты,
Жақсыбикенің жағасына дерті жармасты.
Араға түсті сұм ажал атты албасты.
Айырды-ау сені махаббатыңнан алғашқы.
Көп жылдан бері көтердің жүкті нар шыдар,
Қап-қара бұлттан аспаның енді ашылар...
Аялап жүрген ақ арманың да бар шығар,
Шақтасын, досым, шабытың атын қамшылар...
Соңғы жетінші тарауда Қазыбай табиғат, көктем сезімдері, Германияда әскери борышын өтеп жүргендегі жазбаларын, сондай дос-жарандарға, ақын Сейілге, академик Д.Кшібековке, тағы басқаларға арнаған өлеңдері шып-шымыр, оқуға ынтызар етеді.
Кітаптағы суреттерде туған жер келбеті, кездесулер, ата – бабаларының көркем бояулы суреттері берілген. Жарасып-ақ тұр.
Біз бүгін ғалымның ақындық өнерінен сыр ағыттық.
Ал, оның ғалым ретінде тындырған ісіне тоқталмадық. Жалпы, ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов топты жара сөйлейтін шешендігі бар азамат, орынды жерінде таптырмайтын асаба, білімі өзіне жетерлік мәселені әріден қозғайтын білгір, қара сөздің де қара нары.
Ғылыми бағыты – экономика тарихы, өндіргіш күштерді орналастыру мәселелері, қазақ ағартушыларының экономикалық көзқарастары, екі монографияның, оқу құралының, жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы, Мәскеудегі педагогикалық білім беру академиясының корреспондент мүшесі. Бір басына жетерлік сан-алуан марапат бар. Жиын-той, кездесулерде Қазыбай жүреді.
Қысқасы, сөз түйіні – Қазыбай сегіз қырлы, бір сырлы.
Ақынжанды ғалымның «Сырым мен шерім» атты өлеңдер жинағын парақтап оқығанда қандай ой түйдік? Азамат өзінің іштегі шер-шеменін, жан тебіренісін сыртқа шығарғандай секілді. Мұны кітаптағы ақындар Сейфолла Оспан, Әскербек Рақымбекұлы, айтыс ақыны Зәмәдин Ибадуллаевтар жыр шумақтарымен Қазыбайды одан әрі қанаттандырған әсер қалдырады. Біз де осы тілекке қосыламыз.
Біз бүгін оның ғалымдығынан гөрі ақындық өнерге деген ұмтылысын аз-кем сөз еттік. Бәлкім ақынжанды азаматтар Қазыбайдың өлең-арнауларына тереңірек зейін қойып, сәт сапар тілеп жатса артық болмас деп тұжырымдауды парыз тұттық.
Ғалымдық пен ақындыққа сапар шеккен қадамың құтты болғай, жан інім!

Қайырбек Мырзахметұлы,
ардагер журналист
30 қараша 2018 ж. 1 620 0