«ТҮРІК АЙРАНЫ» ХАЛЫҚ СҰРАНЫСЫНА ИЕ
Осы күні ауыл халқына белгілі «Түрік айранын» шығаруда кәсіпкер Ақәділ Нұрмаханов өлшеусіз еңбек етуде. Ең алғаш 2016 жылы жергілікті тұрғындарға беймәлім болып келген айранды өндіруді қолға алады. Оның жасалу технологиясын Түркия еліне барып, меңгеріп қайтқан көрінеді.
Күні бойы негізгі станок құрылғысы арқылы «Түрік айраны» даярланып, арнайы құтыларға құйылады. Содан кейін мамандар құтының дұрыс қапталуына көңіл бөледі. Бүгінде айранға деген сұраныс айтарлықтай. Басты өнім Қызылорда қаласында орналасқан асханалар желісіне өткізіледі. Себебі, «Түрік айранын» көпшілік таңғы, түскі асқа таптырмас сусын ретінде тұтынады.
Кәсіпкер Ақәділ Нұрмахановтың айтуынша, келешекте халық көптеп тұтынатын қатық, қаймақ, құрт өнімін дайындау жоспарлы түрде жүзеге асады. Алдағы уақытта табиғи өнім түрлері жергілікті тұрғындардың дастарханында, қала дүкендерінің сөресінде тұратынына біз де сендік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ