АҚ НЕКЕ – БАҚЫТ БАСТАУЫ
Соңғы жылдары адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты аталатын мәуліт мерекесі жамағатты бірлік пен берекеге шақыру сипатында өтіп келеді. Мешіттерде, басқа да орындардағы іс-шараларда діннің тағылымы, отбасы құндылығы жайлы үгіт-насихат жүргізіледі. Расында бұл – жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы сәті.
Қазалы ауданына барған сапарымызда осындай игі шараның куәсі болдық. Аудандық «Жанқожа батыр» мешітіне қарасты Ү.Түктібаев ауылындағы Қожа Орынбет ишан мешітінің имамы Ғабдулла Ізаттың ұйымдастыруымен «Ақ неке – бақыт бастауы» тақырыбындағы сайыс өтті. Сайысқа аудан орталығынан, көрші ауылдардан 6 отбасы қатысты. Отбасылық сайыс болған соң, балалар да өз өнерлерін көрсетуден қалыс қалмады. Тартысты өткен сайыс көрерменге ұсынған тағылымымен, жастарға сіңірген тәрбиесімен есте қаларлықтай болды.
Біз әңгімеге тартқан сайысқа қатысушы отбасы Б.Салжекен мен Л.Романқұлова 5 ұл-қыздың ата-анасы. Отасқандарына 13 жылдан асыпты. Отағасы қазір үрдіс алып кеткен ажырасудың түп-тамырында шыдамсыздық, сабырсыздық жатқанын айтты. «Үлкендер мен дін насихатшылары осындай шаралар арқылы отбасылардың бірлігін нығайтуға үн қоса берсе» деген тілектерін жеткізді. Сайысқа демеушілік жасаған Қызылорда қаласының тұрғыны Р.Әбсадықова да жастардың белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Ауылда бұған дейін де жазба ақындар мүшәйрасы, қазақша күрестен жарыс сияқты шаралар ұйымдастырылған. Дін мен ұлттық салт-дәстүр арасындағы сабақтастықты, бабалардың ақ жолын насихаттау одан әрі де жалғаса бермек.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА
Ү.Түктібаев ауылы,
Қазалы ауданы
Ү.Түктібаев ауылы,
Қазалы ауданы