Батыс Қазақстан облысында 96 отбасы баспаналы болды
Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысында 96 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Көктем» ықшам ауданында 9 қабатты үй салынып, пайдалануға берілді. Жаңа пәтерлерді банк салымшылары жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша сатып алды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Айгүл Наурызәлиева баспаналы болған азаматтарды құттықтады.
- Жаңа үйдің жанында мектеп, емхана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, екі балабақша бар. Салымшыларымызға өз шаңырақтарында өмір сүріп, бала тәрбиелеу жайлы әрі қолайлы болады деп үміттенеміз. Осы жылы біз облыс әкімдігімен бірлесіп «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. 210 пәтерден тұратын тағы екі үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл нысандар да жеңілдетілген бағамен сатылатын болады, - деп атап өтті Айгүл Наурызәлиева.Жаңа пәтер кілтіне қол жеткізген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының бірі Зәузат Амангелдиева – мектеп мұғалімі. Екі жыл ішінде ол алғашқы жарна ретінде пәтер бағасының 30%-ын жинап үлгерген. Зәузат ҚТҚЖБ-дағы депозитті 2015 жылы ашқан, ең алғашқы құйған қаражаты 12 000 теңгені құраған.
- Уақыт өте келе ай сайын салып отыратын ақша сомасын арттыра бердім, себебі неғұрлым көп салсам, пәтерге керек қаражатты соғұрлым ерте жинайтынымды түсіндім. Бұған қоса жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрдым. Тұрғын үй сатып алушылар пулына өтініш қабылдау басталғанын білген соң, бірден бір бөлмелі пәтерге құжаттар өткіздім. Бүгін, міне, кілтін алып отырмын. Күйеуім қайтыс болған, жалғыз өзім ұл тәрбиелеп отырмын, сондықтан бұл – мен үшін үлкен маңызға ие оқиға, - деп әсерімен бөлісті Зәузат Амангелдиева.Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында үй алу үшін банк салымшыларына шотқа пәтер құнының 30%-на тең ең төменгі алғашқы жарна жинау керек екені белгілі. Осыдан соң банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем береді. Бұл бағдарлама бойынша баспананы соңғы бес жыл ішінде иелігінде жылжымайтын мүлік болмаған және ең жоғарғы балл санына қол жеткізген азаматтар алады.