Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханиятыңды байытқың келсе, Абайды оқы!

Руханиятыңды байытқың келсе, Абайды оқы!

Абай туған Шыңғыстаудың етегі – қасиетті мекен. Өз дәуірінде-ақ бүгінгі заманның келбетін сезініп, жас буынның, азаматтардың білімге ұмтылуын, данышпандыққа қол созуын, табыс табуға қабілетті болуын маңызды дүниелер қатарына жатқызып кеткен ұлы тұлғаның ұлағатты сөздері әлі күнге дейін ел жадынан өшкен емес.

Абайдың даңқын, насихатын арттырған Әуезов Мұхтар Омарханұлының қаламы. Төрт томды құрайтын «Абай жолы» романы арқылы күллі қазақтың темірқазығына баланған Абай өмірін, Абай заманын, оның бай шығармашылық мұрасын ұрпағына толық жеткізіп берді.Тұла бойы қасиетке тұнған ақынның бала күнінен ел ағасы жасына жетіп, сақал-шашына ақ араласа бастаған кезден өтіп, Абайдың о дүниелік болған уағына дейінгінің бәрін тізбектейді. Шығарма арқылы тұтас ұлт ұрпағының Абайға деген, оның шығармашылығына деген қызығушылығы, махаббаты артып шыға келді.
Ибраһим Құнанбайұлының мұндай дәрежеге жетуінің сыры неде? Рас, ұлы ақын бала күнінен шынтағы жылтыраған жыртық бешпент, тері шалбар киіп өскен жоқ. Қос ошақтың құлағын ұстаған шешелерінің «Телғарасы» атанып, қала берді әжесі Зеренің тәрбиесінде өсті. Әмірі қатты әкесінің жуан жұдырығы мен бірбеткей мінезінің арқасында тәуір ғұмыр кешті.

Бірақ ол тамақ пен киімнен қиындық көрмеді екен деп оның азат санасын, мал мен дүниеден жоғары тұратын азаматтық болмысын, ерек бітімін жоққа шығару – кешірілмес қате, ұлт мұрасына жасаған қастандық.
Біз цифрлық дәуірде, дамыған заманда ғұмыр кешіп, ақпараттың қолжетімділігі үлкен дәрежеде тұрған кезеңде жүріп, Абай игерген білімді игеруге қауқарсыздық танытып жатамыз. Ал өзіңіз ойланып көріңіз, сауатын мұсылманша ашқан, кейін медреседе оқыған 13 жасар қаршадай бала өзіне қажетті ақпаратқа қол жеткізу үшін айналасы үш-ақ айда орыс тілін бір кісідей үйреніп шығады.
Біздің қоғамда қазір үлкен рухани төңкеріс жүріп жатыр. Оның негізгі қозғаушы күші – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы. Аталған бағдарламалық мақаланың негізгі мақсаты – аты атап тұрғандай, ұлт руханиятының серпілуі, санасы азат ұрпақ даярлау, ұлттық құндылықтарды насихаттау.

«Рухани жаңғыру» кезеңінде жаңа ұрпақтың жолбасшысына айналатын бірден-бір бағыт – Абайды оқу. Абайды оқыған адам, түсініп оқыған адам өз өміріне қажетті дүниенің бәрін алады. Өзінің санасын жаңғыртып, ұлы ақын жазбаларынан ерік-жігер жинап, әрдайым өзін қанаттандырып отырады. Абай таза тұрмыс жағдайын, ұлт болашағын, елдің жағдайын ойлап, болашақ жарқын болуы үшін не істеу қажеттігі турасында тамаша тәмсілдер қалдырған.
Шәкәрім Құдайбердіұлының: ««Әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан дана бөлек кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптар оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім», - деген сөздері жоғарыда айтқан сөздерімізді дәлелдей түспек.
Абай атамыздың туған күні туралы қоғамда, ғылым саласындағы мамандар арасында қарама-қайшы пікір бар екенін айтып қалдық жазбамыздың басында. Сол тақырыпқа қайта оралсақ. Абай атамыз туралы ескі деректерде «жаздың соңғы күні» деген тіркестер жолығады. Жаздың соңғы айы тамыз екенін ескерсек, 10-тамыз деген күн де жобадан алшақтамайды, ал 23-тамызды бекітіп жүргендердің нұсқасы, тіпті, көңілден шығады. Сөзіміз тұздықсыз болмауы үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Еспенбетовтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тағы да Абайдың туған күні жайында» деген мақаласынан үзінді келтіре өтелік.
«Нақты ғылыми, ресми дәйекті тұжырымға жүгінейік: «1918 жылғы 23-қаңтарда (ескі стиль бойынша) Халық Комиссарлары Советі ұсынылған екі жобаны талқылады, комиссияның жұмысын қорытты. Келесі күні − 24 қаңтарда (6 ақпанда)» «Ресей республикасында батыс европалық күнтізбені қолдану туралы декрет» қабылдады... Бұл кезде ескі стиль мен жаңа стильдің арасындағы айырмашылық 13 күнге толған еді. Сондықтан, декрет бойынша 1918 жылғы 31-қаңтардан кейінгі күн 1-ақпан орнына 14-ақпан болып есептелді» (Мыңбай Исқақов «Халық календары», Алматы, 1963, 36-бет). Дәйексөзді ұзақ етіп алып, ежіктеп отырған себебіміз ендігі жердегі мақсат – қателіктен арылу. Атап айтқанда, қазақ елінің күнтізбесінде Абайдың туған күні 23 (ескі стильмен 10) тамыз, қайтыс болған күні 5 шілде (ескі стильмен 23 маусым) екендігі тайға таңба басқандай бадырайтып жазылса нұр үстіне нұр», - деп қалам тербеген екен профессор.
Жоғарыда келтірілген деректерден кейін Абайдың туған күнінің нақты датасы айқындалғандай. Десек те, Абай туған күнінің 10 күнге кеш немесе ерте айтылып келе жатқанынан оның мұрасы ортайып, қуаты кеміп қалған емес. Абай – қазақтың ұлы, қазақ жерінде туған кемеңгер. Бұл – ең бастысы.
16 қараша 2018 ж. 1 039 0